Бүгінгі күні елімізде болып жатқан жайсыз жайттардың басым бөлігі отбасы институтының ішкі әлеуетінің әлсіреуі салдарынан екендігі анық. Оған дәлел, зорлық-зомбылық, ұрлық, тіпті адам өлтіру фактілері. Мұнымен не қозғағымыз келді? Қазіргі отбасы аталатын тәрбие ошағы бүгінде бірнеше былықтың бастау көзіне айналған. Атап айтар болсақ, ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынас қиындығы, жауапкершіліктің жоқтығы, енді бірі – жыныстық сауаттылықтың болмауы. Бірнеше фактіні алға тарттық. Ал енді негізгі тақырыбымызға тоқталайық. Бүгінгі көтеретін мәселеміз – осы аталған фактілердің соңғысы, яғни отбасындағы жыныстық сауатсыздықтың салдарынан туындайтын мәселелер. Әсілінде бұл да – тәрбиенің маңызды бір бөлігі. Алайда, қазақы тәрбиеде бұл тақырып ұят деген ұғыммен тұмшаулы. Мәселен, еліміздегі ерте жүктілік, жыныстық зорлық-зомбылық, оның ішінде отбасы немесе туыстық қатынасы бар жақындары тарапынан көрсетілетін зорлық мәселелері отбасындағы жыныстық сауаттың жеткіліксіздігінен туындауда. Ал, бұл тұрғыда отбасы мүшесінің қай тарапы тәрбиенің бұл түрін тізгінге алғаны жөн? Толығырақ тарқататын боламыз.
ТҰМШАЛАНҒАН ТӘРБИЕНІҢ ТІЗГІНІ КІМГЕ ТИЕСІЛІ?
Жыныстық сауаттылықтың жоқтығы адамның өз денесін, өз шекарасын, өз құқығын түсіну деңгейін төмендетеді. Ал бұл түсініктің әлсіздігі кез келген қысымға қарсы тұру қабілетін де әлсіретеді. Демек, мәселе тек ақпаратта емес, адамның өзін қорғау дағдысының қалыптасуында жатыр. Сондықтан бұл тақырыпты айналып өту немесе тек «ұят» категориясына енгізу мәселені жасырумен тең. Ал жасырылған проблема уақыт өте келе жеке адамның тағдырына, сондай-ақ, тұтас әлеуметтік ортаға әсер ететін күрделі салдарға алып келуі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, жыныстық сауаттылықты отбасы тәрбиесінің шеткі емес, негізгі компоненттерінің бірі ретінде қарастыру қажеттігі күн тәртібінен түспеуі тиіс екендігін тілге тиек етіп келгелі біршама жыл өтсе де, осы сауаттың жеткіліксіздігі біздегі әлеуметтік ахуалды біраз жерге апарып тастады.
Сонымен, отбасыдағы бұл тәрбие түрін кім, қалай тізгіндеуі тиіс? Осы және өзге де сауалдардың жауабын дәрігер, балалар және ересектер уролог-андрологы Бағдат Дәукенмен тілдесіп білдік.
– Әдетте, жыныстық сауаттылықты жыныстық қатынас деп қабылдайтын ата-аналарымыз да бар. Өкінішті, әрине. Бірақ балаға берілетін жыныстық сауаттылық – мүлдем бөлек тақырып. Баланың жыныстық сауаттылығы дегеніміз – оған ерте жастан артық ақпарат беру емес. Керісінше, ең алдымен баланың өз денесін тануы, жеке шекарасын түсінуі, қауіпсіздік пен жауапкершілікті ажырата білуі. Егер бала өз ағзасы туралы қарапайым түсінікпен өспесе, ол кейін түрлі психологиялық және физиологиялық мәселелерге тап болуы мүмкін.
Өкініштісі сол, қазір көптеген жасөспірім ақпаратты дәрігерден, ата-анадан немесе маманнан емес, әлеуметтік желіден алып отыр. Ал интернет кеңістігіндегі ақпараттың бәрі бірдей дұрыс әрі қауіпсіз емес. Кей контент жасөспірімнің санасында бұрмаланған түсінік қалыптастырады. Соның салдарынан өз денсаулығына салғырт қарау, ерте жүктілік, түрлі инфекциялық ауру, психологиялық күйзеліс секілді мәселелер көбейеді, — дейді дәрігер Б.Дәукен.
СЕКСУАЛДЫ СИПАТТАҒЫ БЕЙНЕЛЕРДІ КӨРУДІҢ КЕЛЕШЕККЕ ТИГІЗЕР ЗАЛАЛЫ
Расын айту керек, қазіргі уақытта қазақылықтың бір ұштығы осындай отбасыдағы ұяңдықты, мәдениетті тәрбиенің бір бөлігіне айналған. Алайда, ақпараттық соғыс заманында әлеуметтік желінің түрлі қисынсыз зиянды тұстарын тез игеру жастар арасында жиілеп кетті. Осы тұрғыда дәрігер Бағдат Дәукеннің тағы бір айтары бар.
– Жастар арасында, әсіресе жасөспірім шақтағы жеткіншектер арасында жыныстық сауаттылықтың жоқтығының бір белгісі – түрлі порнография форматындағы бейнелерді көріп, өздерін қанағаттандыру әрекеттері көбейген. Медициналық түрғыдан бұл болашақ ер баладағы бедеулік немесе инфекциялық аурулардың басты себептеріне әкеледі. Бала 12-13 жастан бастап жыныстық қатынасқа түсуге ағзасы қалыптаса бастайды. Яғни, мүшенің өсуі, түрлі сипаттағы бөліністердің бөлінуі. Осы ретте, балада психологиялық өзгерістер де байқалады. Не тұйықталады, немесе ер жеткен жігіт ретінде мінезі қалыптасады. Осындай уақыттары балаға алдымен ең керегі – әкенің кеңесі. 13 жастан жоғары ер балаларға жоқ дегенде маманның кеңесін алуға да мүмкіндік жасалған. Жоғарыда айтып өткенімдей, жыныстық сауаттылық – жыныстық қатынасты үйрету, түсіндіру емес, керісінше, баланың өз тәнімен толыққанды танысуы. Жеке гигиенасы, шекарасын қоя білуі, — дейді уролог дәрігер.
БІЗ ҚАЙ ЖЕРДЕН ҚАТЕЛЕСТІК?!
«Ер балаға берілетін тәрбиенің бұл түрін әкесі тізгіндеуі тиіс» дейді маман. Ал қыз балаға анасы екендігі анық. Айта кету керек, бұл тәрбие түрін аса маңызды білуі тиіс деген жыныс иесі – әлбетте, ол қыз баласы. Жоғарыда атап өткеніміздей, жыныстық сауаттылық – жеке шекара, гигиена. Одан бөлек, өз-өзін түрлі жыныстық сипаттағы қысымнан қорғай білуі.
Әрине, бұл тақырыпты қозғарда қоғамдағы түрлі ахуалды ой елегінен өткіздік. Әсіресе, біздегі статистикада зорлық-зомбылыққа ілікккендер легі – балалар мен жасөспірімдер. Осы ретте, «біз қай жерден қателестік?» деген сауалға түрлі жауап іздедік. Соңында, осы өзіміздің мәдениетті тәрбиеміздің ақсаған тұсын аңғардық. Қызды биязы, ұяң етіп, ұлды сен мықтысың деп тәрбиелеудің де терістігін байқағандаймыз. Егер, осы тәрбиеге жеке-жеке жыныстық сауатты қоса үйреткенде «ұят болады» ұясының тасасына тығылған түрлі жиіркенішті жайттар болмас па еді?!
Мәселен, әр аймақта жоқ дегенде әр ай сайын бір қылмыстық іс осы фактімен тіркеледі. Яғни, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық. Зардап шегушінің басым бөлігі – балалар. Енді ойлана берейік. Біз нені жіберіп алдық? Қай жерден қателестік? Қандай ата-анамыз? Балаларымыздың болашағына қалай қараудамыз?
Елімізде болатын қылмыстық жағдайлардың ішінде жиі кездесетіні де – осы жыныстық қатынасқа итермелеу, зорлық көрсету. Тіпті, ең сорақысы – ер баланың да зорлануы сипатындағы істердің болуы. Айналып келгенде, педофилизмнің құрбандарын өз қолымызбен даярлаудамыз. Ең өкінішті тұсы да – осы. Кешірілмейтін, кешіруге келмейтін істердің арғы тұсында осы тәрбиенің тақырланғаны жанға батады. Отбасы – тәрбиенің ошағы, ізгіліктің мекені деп жатамыз, алайда, осы мекеннің өзінен-ақ мыңдаған мәселенің тұмшаланғанын байқаймыз. Атап айтқанда, зорлықты жасаушы тарап туысы не өгей әкесі, ағасы болған қылмыстық істердің куәсі болып жатырмыз. Жария болып, жазасын алған жағдайларды көріп, естіп жүрміз. Ал, қысыммен, ұят боладымен жабулы қалған, тіпті әлі де жалғасын тапқан жағдайлар қаншама.
ПЕДОФИЛИЗМНІҢ ҚҰРБАНДАРЫН ТӘРБИЕЛЕУДЕМІЗ…
Психологиялық факті бойынша педофильдің өзі бұрынғы осы педофилизмнің құрбаны болған. Бұл жөнінде психолог Кәмшат Советқызы толығырақ тарқатсын. Маманның айтуынша, психологияда адам бойындағы зорлыққа бейім мінез-құлық көбіне тұлғаның балалық шағындағы психологиялық жарақаттармен, зорлық көрген ортамен немесе бұрмаланған тәрбиелік модельдермен байланыстырылып жатады дейді.
– Кей жағдайда жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған адамдардың өз өмірбаяны зерттелген кезде, олардың да бала күнінде психологиялық немесе сексуалдық сипаттағы зорлықтың құрбаны болғаны анықталатыны бар. Алайда бұл жерде бір нәрсені нақты ажыратып алған жөн: адамның өткендегі жарақаты оның әрекетін ақтамайды. Керісінше, бұл уақытында психологиялық көмек көрсетілмеген, травма тереңдеп кеткен ортаның салдары екенін көрсетеді. Мұндай жағдайлар қоғамға өте маңызды бір мәселені аңғартады: бала психологиясына салғырт қарау, отбасындағы зорлықты жасыру, жыныстық сауаттылықтың жоқтығы мен психологиялық көмектің қолжетімсіздігі кейін ауыр әлеуметтік мәселелерге ұласуы мүмкін.
Сондықтан қазіргі уақытта психологтар балаға қауіпсіз орта қалыптастыру, жеке шекара туралы түсінік беру, эмоцияны ашық жеткізе білу және сенімге құрылған отбасы мәдениетін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Өйткені көптеген психологиялық ауытқу мен агрессиялық мінез-құлықтың тамыры көбіне бала кезде еленбей қалған жарақаттардан бастау алады, — дейді психолог Кәмшат Игембаева.
ҰЯТТЫҢ ҰЯСЫНДАҒЫ ҰЯТСЫЗ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ МӘН БЕРЕТІН УАҚЫТ КЕЛДІ
Қоғамды өзгертетін – заң да, жаза да, айыппұл да емес, ең әуелі тәрбие. Ал тәрбиенің өзегі отбасыдан басталатынын ескерсек, бүгінгі үндемей келген мәселелердің ертең ұлттың үлкен дертіне айналмасы үшін қазірден қамдану қажет. Өйткені уақытында айтылмаған әңгіме, түсіндірілмеген тәрбие, қорқынышпен тұмшаланған сана кейін тұтас бір тағдырдың қайғысына айналуы мүмкін. Біз көп жағдайда баланы тамақтандыруды, киіндіруді, оқытуды ата-аналық міндет деп қабылдаймыз. Бірақ оның ішкі қауіпсіздігін, жеке шекарасын, өз-өзін қорғай алу қабілетін қалыптастыруды екінші орынға ысырып қоямыз. Салдары көз алдымызда. Қоғамда қорғансыз қалған бала көп. Айта алмайтын бала көп. Қысымнан қорқатын, өзін кінәлі сезінетін, үнсіз өсіп келе жатқан ұрпақ көбейіп барады. Ең қорқыныштысы, зорлықтың кейде сырттан емес, өз шаңырағының ішінен шығуы. Туыстық қатынас, өгей әке, жақын орта төңірегіндегі қылмыстық оқиғалардың жиілеуі қоғамдағы ең ауыр моральдық дағдарыстың белгісіне айналды. Мұндайда «ұят болады» деп үнсіз қалудың өзі қылмысқа ортақтасумен тең секілді көрінеді.
Жыныстық сауаттылықты арсыздықпен шатастыру – мәселенің тамырын тереңдете түсетін түсінік. Бұл тәрбиені баланы ерте есейту деп емес, керісінше, оны ерте қорғай білуге үйрету деп қабылдаумыз қажет. Сондай-ақ, әрбір ата-ана, бала білуі тиіс бұл тәрбие – тән тазалығы, сана тазалығы, шекара, қауіпсіздік. Ең маңыздысы, бұл – адамның өз қадірін түсінуі. Қазір әлеуметтік желі тәрбиелеп жатқан заманда ата-ананың үнсіз қалуға құқығы жоқ. Себебі бала бәрібір ақпарат алады. Мұндағы мәселе – оны кімнен, қалай алатынында.
Ендеше, ұяттың тасасына тығылған тәрбиені қайта қарап шығатын уақыт келген жоқ па? Ертеңгі қоғамның қандай болары бүгінгі отбасының қандай тәрбие беріп отырғанына тікелей байланысты. Бала – болашағымыз, келешегіміздің кілті – осы бүгінгі тәрбиелеп отырған әрбір үйдің бүлдіршіндерінің қолында. Психологиялық, физиологиялық сау ұрпақ – бүгінгі біздің жеңісіміз.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
«Халықтың» коллажы. Ашық дереккөздегі фотолар арқылы дайындалған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!