Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысы Қызылорда облысының әкімін қабылдады

21.05.2026, 17:10 72

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевты қабылдады. Кездесуде өңірдің биылғы қаңтар-сәуір айларындағы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері мен алдағы әлеуметтік-экономикалық даму жоспары баяндалды.

Облыс әкімі аймақта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңарту және әлеуметтік нысандар салу бағытындағы жұмыстар туралы айтты. Мұрат Ергешбаевтың мәліметінше, алдағы үш жылда жалпы құны 1 триллион 900 миллиард теңге болатын 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Биыл 1 триллион теңгеге 14 ірі жобаның құрылысы басталады.

Президенттің Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында бірқатар әлеуметтік нысан салынып жатыр. Оның ішінде 300 орындық көпбейінді аурухана, 500 орындық емхана, 200 орындық перинаталдық орталық, жаңа драма театры мен заманауи кітапхана құрылысы бар.

Көлік инфрақұрылымы бойынша Қызылорда – Ақтөбе автожолын кеңейту жобасының бірінші кезеңі басталған. Ал Бейнеу – Сексеуіл тас жолының құрылысы жақын уақытта қолға алынбақ.

Өңірді газдандыру жұмыстары да жалғасады. Жыл соңына дейін 10 елді мекенге газ жеткізу жоспарланған. Соның нәтижесінде облыс халқының 85 пайызы көгілдір отынмен қамтылады.

Баспана кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында биыл 2 400 пәтер беру көзделіп отыр. Сонымен қатар облыстағы 138 шақырым автомобиль жолы, көше және көпір өткелдері жөндеуден өтеді. Жоспар бойынша жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 95,5 пайызға жеткізіледі.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы облыс әкіміне экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, экологиялық ахуалды жақсарту және ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: