Әзербайжан Республикасының Баку қаласында өткен Дүниежүзілік урбан форумның 13-сессиясына Сыр өңірінің делегациясы қатысты.
Аталған халықаралық алаң БҰҰ-Хабитат ұйымының қолдауымен ұйымдастырылып, урбанизация, қала құрылысы, климат тұрақтылығы және заманауи инфрақұрылым мәселелерін талқылауға арналды.
Форумға әлемнің 100-ден астам елінен 20 мыңнан аса делегат жиналды. Олардың қатарында мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар өкілдері, сарапшылар мен урбанистика саласының мамандары бар.
Қазақстан делегациясы құрамына Қызылорда облысының өкілдері де енген. Олар өңірдің тұрақты дамуы, қала инфрақұрылымын жаңғырту және экологиялық бастамалар бағытында тәжірибе алмасты.
Форумда ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған урбанистикалық даму саясатының негізгі басымдықтарына тоқталды. Атап айтқанда, азаматтарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу, су қауіпсіздігі және климат тұрақтылығы мәселелері кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар Urban Expo көрмесі өтуде, онда қатысушылар назарына Қазақстанның ұлттық павильоны ұсынылды. Экспозиция қоғамдық кеңістіктерді жаңарту, инфрақұрылымдық шешімдер және жаңа қала құрылысы жобалары арқылы елдің тұрақты, жайлы әрі экологиялық таза қалаларды дамытуға заманауи көзқарасын көрсетеді. Green ID жобасына ерекше назар аударылды, бұл – көгалдандыруға, климат тұрақтылығы мен қалалық ортаның сапасын арттыруға бағытталған бастама.
Айта кету керек, өткен жылы Қызылорда қаласында тұңғыш Ұлттық урбан форум ұйымдастырылып, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, сарапшылар мен бизнес өкілдері бас қосты. Іс-шара өңірдегі тұрақты қалалық даму, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру және урбанистика бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!