Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жылы сөз сториске сыйып кетті ме?

05.06.2026, 16:30 53

Бүгінде жасөспірімнің де, үлкеннің де қолынан телефон түспейді. Заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме, әйтеуір қазіргі буын телефонсыз бір күнін елестете алмайтын күйге жетті. Қуансақ та, мұңайсақ та, сағынсақ та, ойымыз да, назарымыз да сол экранға байланып қалғандай.

Телефонды жаман деуге келмейді. Ол байланыс құралы, ақпарат көзі, жұмысқа да, оқуға да қажет дүние. Бірақ телефонға, әлеуметтік желіге, ойынға деген тәуелділік күннен-күнге күшейіп барады. Бұрын телефон адамдарды жақындататын құрал сияқты көрінсе, қазір кейде керісінше араға үнсіз қабырға тұрғызып жатқандай әсер қалдырады. Бүгінде телефон жай ғана байланыс құралы емес, адамның екінші бір бөлшегіне айналды. Әлеуметтік желі, жасанды интеллект, түрлі қосымшалар адамның уақытын алуға, назарын ұстап тұруға бейімделіп келеді. Мұның бәрін біржақты жаман деуге болмайды. Технология дамыған сайын адамның мүмкіндігі де көбейді. Алайда сол мүмкіндіктің көлеңкесінде адамдардың бір-бірімен шынайы сөйлесуі, жүзбе-жүз жолығуы азайып бара жатқаны байқалады.

Қазір туған күнмен құттықтау да, сағыныш айту да, қуаныш бөлісу де сторис арқылы жиілеп кетті. Бір-біріне арнайы барып, жылы сөзін бетпе-бет айтып, қуанышын бірге бөлісетін адамдар сиреп барады. Негізі сезім дегеніміз дайын суретке жазылған қысқа сөйлем ғана емес. Ол адамның жүрегінен шыққан шынайы ықылас, көзқарас, дауыс, жүздесу, үнсіз түсінісу. Бұрынғы адамдар сағынышын хатқа сыйғызды. Қазір көп адам сағынышын WhatsApp хабарламасына немесе Instagram сторисіне сыйғызады. Кеше ғана сырын жақын досына ақтарған адам бүгін ішіндегі мұңын көпшілік көретін парақшаға жариялайды. Бұл заманның өзгергені ме, әлде адамның ішкі жалғыздығының көбейгені ме, ойланатын нәрсе.

Сторис қазіргі қоғамда трендке айналды. Біреу үшін ол естелік, біреу үшін көңіл күй, біреу үшін іш пыстырмаудың амалы. Бірақ адам жүрегі бәрібір жылы сөзге, шынайы назарға, тірі қарым-қатынасқа мұқтаж. Әлеуметтік желі уақытша көңіл бөлгендей көрінгенімен, көзбе-көз айтылған бір ауыз жылы сөздің орнын баса алмайды.

Технология қанша дамыса да, адам жүрегі махаббатқа, мейірімге, жақындыққа деген қажеттілігін жоғалтпайды. Адам телефонды басқанымен, телефон ешқашан адамның орнын баса алмайды.

Мерей ҚАЛАБАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
1-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: