Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жыл соңына дейін «Өнеркәсіп саясаты туралы» Заң қабылданады

10.09.2020, 11:25 435

Бүгінгі өткен Сенаттың жалпы отырысында депутаттар Парламент депутаттары бастамашылық жасаған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенат Төрағасы президент Жолдауында көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыру үшін алда ауқымды жұмыстар тұрғанын атап өтті. Мәулен Әшімбаев Президенттің осы бағытта нақты қандай заңдар қабылдау керектігін көрсетіп бергеніне де назар аударды. Соған сәйкес мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға тиісті түзетулер енгізілетін болды. Жыл соңына дейін «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң әзірленіп, квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алу жұмыстарын реттейтін біртұтас заң қабылданады.

Сенат төрағасы жолдауда Салық Кодексін жетілдіруге, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге және ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге баса мән берілгенін тілге тиек етті. Одан бөлек, Мемлекет басшысының азаматтардың құқығын қорғау, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, қоғамдық бақылауды күшейту, қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру бағыттарында құқықтық негіз қалыптастырудың маңыздылығына тоқталғанына назар аударды.

«Алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Соның бәрін дер кезінде және жүйелі түрде жүзеге асыру үшін аянбай еңбек етейік. Әрбір заң жобасын ұлттық мүдде, өңірлерді дамыту тұрғысынан қарап, талқылайық. Бұл – сенаторлардың міндеті. Заң жобаларын қараған кезде азаматтық қоғам өкілдерімен, мемлекеттік емес ұйымдармен, мамандармен қоян-қолтық, тығыз жұмыс істеу қажет. Қоғамның сұраныстарын ескеріп, өзекті проблемаларды талқылап, олардың шешілуіне үлесімізді қосу – негізгі басымдықтарымыздың бірі», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төрағасы отырыс барысында қаралған ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заң жобасының маңызы зор екенін айтты.

«Бүгін бірінші оқылымда қаралған заң жобасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге арналған. Бұл өзгерістер – заман талабына сай. Себебі, соңғы айларда ел арасында қоршаған ортаны, жан-жануарларды қорғауға қатысты мәселелер қызу талқыланғаны белгілі. Депутаттар осы заң жобасының тұжырымдамасын қолдап отыр. Енді бас комитет жауапты министрлікпен бірлесіп, жұмыс барысында туындаған мәселелерді екінші оқылымға дейін жан-жақты талқылайды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Заң «Көкжайлау» тау шаңғысы курортын салу үшін ерекше қорғалатын аумақтардың құрамынан шығарылған қорық жерлерін және «Бурабай» арнайы экономикалық аймағы туристік кешені үшін берілген жекелеген учаскелерді қайтару тетіктерін енгізуді көздейді. Қазіргі уақытта белгілі бір мақсаттарға бөлінген табиғи қорықтар мен курорттық аймақтардың учаскелері мақсаты бойынша пайдаланылып отырған жоқ. Парламент депутаттары бұл аумақтарды ұлттық парктер мен бірегей табиғи кешендердің құрамына, мемлекеттің ерекше қорғауына қайтару туралы бастама көтерді.

Заң жобасына сәйкес, Жер кодексіне және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңға өзгерістер енгізу қажет. Депутаттар ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелермен емес, Үкіметтің ұсынысы бойынша бейінді ведомствомен және жергілікті атқарушы органдармен келісе отырып, қорық жерлерін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына қайтару рәсімін оңайлатуды ұсынады. Заң жобасында ерекше қорғалатын аумақтардың құрамына жыл бойы мақсатқа сай игерілмеген бос жерлер қайтарылуға жататыны айтылған.

«Заңның мәні ерекше қорғалатын аумақтардан өзге мақсатта пайдалануға берілген жерлер және нысаналы мақсаты, туризмді немесе арнайы экономикалық аймақтарды дамыту бойынша пайдаланылмаған жерлер қайтарылуға жатады. Бір жылдан кейін, егер берілген жер ауыстырылмаса және өзінің нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаса, Үкіметтің шешімі бойынша және уәкілетті органның келісімі бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлеріне қайтарылады. Мысалы, АЭА үшін «Бурабай» курорттық аймағынан 360 га бөлінген, оның 110 гектары пайдаланылмаған. Міне осылар қайтаруға жатады. Сондай-ақ, 1002 гектар пайдаланылмаған «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты кері қайтарылады», – деп түсіндірді әзірлеушілердің бірі Сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: