Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмыс орнындағы жазатайым жағдай немесе басқарма тексеру жүргізуден неге бас тартты?

11.04.2024, 17:50 133

HALYQLINE.KZ

С. есімді әйелдің күйеуі жұмыс орнында «КамАЗ» көлігін жөндеу барысында жазатайым жағдайдан қаза тапқан. Отбасында асыраушысынан айырылған әйел серіктестікті кінәлап, күйеуінің қазасы бойынша арнайы тексеріс жүргізу туралы өтінішпен құзыретті органға жүгінген. Алайда, басқарма әйелдің өтінішіне құлақ аспай, тексеріс жүргізуден бас тартқан.

Өз кезегінде әйел басқарманың әрекетіне дау айтып, сотқа жүгінген. Талабында серіктестіктің көлігін жөндеу кезінде күйеуі қаза тапқанын, жұмыс орнында қауіпсіздік талаптары сақталмағанын, бұл фактілер бойынша басқарма тексеріс жүргізуден бас тартқанын көрсеткен.

Бұл дау бойынша бірінші саты соты әйелдің талабын қанағаттандырып, басқарманың әрекетін заңсыз деп танып, қайғылы жағдай бойынша тексеру жүргізуді міндеттеген.

Мұнымен келіспеген серіктестік және басқарма өкілдері қайтыс болған жұмыскердің серіктестікте жұмыс істейтіні құжат жүзінде бекітілмегенін көрсетіп, апелляциялық шағыммен әкімшілік сот алқасына жүгінді. Сот алқасы шағымды қарап, істің мән-жайын толық зерттеді.

Басқарма өз әрекетін қаза тапқан жұмыскер мен серіктестік арасында еңбек қатынасын дәлелдейтін құжаттың жоқтығына негіздеген. Әрине, серіктестік жұмысшыны жұмысқа қабылдау кезінде еңбек шартын жасауы қажет еді. Бірақ, бұл жағдайда еңбек шарты жасалмаған. Дегенмен, еңбек шартының жасалмауы, жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың шығарылмауы, зейнетақы түсімінің жоқтығы серіктестік пен қаза тапқан жұмысшы арасында еңбек қатынасы болмағанын білдірмейді.

Істі қарауда анықталғандай, жұмыскерге серіктестік аумағында жұмыс істеуге рұқсат берілген. Отбасының жалғыз асыраушысы болған азамат серіктестік мүддесіне еңбек етіп, қызметтік ауыр жүк көліктерін басқарып, жалақысын қолма-қол алып отырған. Бір қызығы, аталған серіктестіктің басқа жұмыскерлері де еңбек шартынсыз жұмыс істеп, құжаттарын кейіннен рәсімдеген. Қарамағындағы жұмыскерлерге қатысты салық есептілігі тапсырылмаған. Сонымен қатар, қаза тапқан жұмысшының серіктестікте жұмыс істегенін куәгерлер де нақтылады. Барлығы республиканың әр аумағында объектілерде бірлесіп жұмыс істеп, көлік құралдарын басқарып, басшыдан тапсырмалар алып отырған.

Осы мән-жайларды ескере отырып, сот алқасы серіктестік пен қаза тапқан жұмыскердің арасында жасырын еңбек қатынасы болған деген тұжырымға келді.

Жасырын еңбек қатынастары – салық төлеуден және әлеуметтік қамсыздандыру міндеттемелерін орындаудан жалтару мақсатында жасырын түрде жүзеге асырылатын еңбек қатынастары. Сондықтан, сот алқасы жұмыскердің қайтыс болу фактісі бойынша тексеру жүргізуден бас тартқан басқарманың әрекетін заңсыз деп танып, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырды, уәкілетті органға жеке ұйғарым қабылдады.

Ш.Маликова,

Қызылорда облыстық сотының судьясы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: