Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зейнеткердің ақшасы қайтарылды

06.05.2024, 8:40 92

HALYQLINE.KZ

Адамзаттың бойындағы асыл қасиеттер парасат биігіне жетелейді. Дана бабаларымыздың өсиетіне қарасаңыз, ұрпақты әділ, шыншыл болуға үндеген. Адалдық бар жерде, адамдық өшпейді. Сондықтан, қай істе де адалдықтан аттамаған жөн.

Қостанайлық К. деген зейнеткердің атынан банктен 1 миллион теңгеден астам несие рәсімделіп, ақша зейнеткердің есепшотына түсіп, сол күні Қызылорда қаласының тұрғыны А.-ның есепшотына аударылған.

Зейнеткер өзінің алаляқтарға алданып қалғанын біліп, дереу полиция бөліміне арыз беріп, осы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірақ, қылмыстық құқықбұзушылық жасаған тұлғаның анықталмауына байланысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатыла тұрған.

Кейіннен анықталғандай, алаяқтар мобильді қосымшаларды қолдану арқылы зейнеткердің атынан несие рәсімдеп, зейнеткердің есепшотына ақша түскен. Ақша жауапкердің есепшотына, әрі қарай жауапкердің басқа есепшотына аударылған.

Зейнеткер қызылордалық азаматқа ақшаны қайтару туралы өтініш айтқан. Алайда, ол есепшотына негізсіз түскен ақшаны қайтармаған.

Осыған байланысты, зейнеткер Қызылорда қалалық сотына жүгініп, жауапкерден ақшаны өндіріп беруді сұраған. Бірінші саты соты талап қоюшының талабын қанағаттандырып, жауапкерден ақшаны өндіру туралы шешім шығарған. Жауапкер сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым берген. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы істің мән-жайын егжейлі зерттеді. Істі қарау барысында зейнеткер мен жауапкер арасында ақшалай  міндеттемелердің жоқ екені анықталған. Бұл жерде жауапкердің негізгіз аударылған ақшаны қайтармай, өзіне иемденіп, пайда табуды көздегені байқалады. Сол себептен, сот алқасы негізсіз аударылған ақша зейнеткерге қайтарылуға жатады деген тұжырымға келді. Себебі, жауапкер белгісіз тұлғадан ақша түскен кезде оның негізін анықтау және қайтару шараларын қолдану үшін банкке жүгінуі қажет еді. Сонымен қоса, өзіне тиесілі есепшотты басқа тұлғалар қолданғаны белгілі болған жағдайда, банкке хабарласып, жүзеге асырылатын операцияларды бұғаттау туралы өтініш білдіруі керек болатын.

Сот алқасы бірінші саты сотының шешімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырды. Осылайша, зейнеткердің ақшасы өзіне қайтарылды.

Осы санаттағы істердің белең алуына байланысты азаматтарымызға барынша сақ болуды, өзінің жеке телефон номеріне банктерден келген SMS-кодтарын бөгде адамдарға хабарламауды сұраймыз.

Шолпан  Маликова,

Қызылорда  облыстық  сотының  судьясы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: