Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Заң мен тәртіп – Қызылорданың қауіпсіздікке бет алған бағыты

03.09.2026, 7:40 69

Заң  мен  тәртіп  дегенді  кейде полицияның кезекшілігімен, көшедегі рейдпен немесе құқық бұзған адамға салынған айыппұлмен ғана байланыстырып жатамыз. Алайда оның мәні әлдеқайда тереңде. Заң қоғамның шекарасын белгілесе, тәртіп сол шекараны сақтауға деген ортақ жауапкершілікті қалыптастырады. Адам өз құқығын біліп, өзгенің құқығына құрметпен қараған, баланың қауіпсіздігіне бейжай қарамаған, жолда ережені сақтаған, интернеттегі алаяқтыққа алданып қалмай, күмәнді іске араласпаған ортада  ғана  шынайы  қауіпсіздік  орнайды.

«Заң мен тәртіп» ұғымы соңғы уақытта жиі айтылатын саяси ұрандардың біріне ғана айна­лып кетпеуі керек. Оның мәні көшеде тыныштық орнауымен шектелмейді. Заңның сақталуы – азаматтың қауіпсіздігі, баланың қорғалуы, интернеттегі алаяқтықтан адамның алданбауы, қоғамдық орында белгіленген талап­тардың орындалуы, қажет кезде тұрғынның өз құқығын заң аясында қорғай алуы деген  сөз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселені мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты  ретінде  айқындады.

«Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге  қатысты  ең  басты талап», – деді Президент.

Тоқаев қоғамда заң мен тәртіп идеология­сын орнықтыру үшін құқық қорғау органдарының жұмысымен қатар, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру қажеттігін айрық­ша атап өтті. Президент жол қауіпсіздігіне, есірткі қылмысына, интернет алаяқтығына қарсы күреске, жастар арасында заңға құрмет қалыптастыруға  да  арнайы  тоқталды.

Бұл міндеттер Қызылорда қаласы үшін де тікелей өзекті. Себебі заң мен тәртіптің нақты өлшемі – тұрғынның күнделікті өмірі. Қала көшесін­дегі қауіпсіздік, қоғамдық орын­дардағы тәртіп, жастардың мінез-құлқы, интер­неттегі қауіпсіздік пен есірткінің алдын алу сияқты мәселелердің барлығы осы ұғымның  ішіне  кіреді.

Қызылорда қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстар, профилак­ти­калық  іс-шаралар  тыңғылықты  жүріп  жатыр.

Мәселен, қалада кәмелетке толмағандармен жүйелі профилактикалық кездесулер өткізі­ліп келеді. Соның бірі «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» жобасы аясында ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері «Авиценна» колледжінің студенттерімен және №187 орта мектеп оқушыларымен кездесіп, құқықбұзушылықтың алдын алу, буллинг, сталкинг, бұзақылық, есірткі қылмыстары және интернет алаяқтығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын  жүргізді.

Мұнда назар аударатын мәселе бар. Құқық қорғау органдарының жасөспірімдермен жұмысы қылмыс жасағаннан кейін ғана басталса, ол жазалау шарасына айналар еді. Ал мұндай кездесулердің мақсаты – баланың заңды бұзбай тұрып, өзінің әрекетінің салдарын түсінуіне  мүмкіндік  беру.

Осы бағыттағы жұмыс №15 мектеп-лицей­де де жүргізілді. Оқушыларға буллинг пен сталкингтен бастап интернет алаяқтығына дейінгі қауіптер түсіндіріліп, заң алдындағы жауапкершілік туралы айтылды. Ең маңыздысы – кездесу біржақты дәріс түрінде емес, оқушылардың сұрақтарына жауап беретін ашық  форматта  өткен.

Президент Жолдауында есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрес те маңызды міндеттердің бірі ретінде көрсетілген. Бұл мәселенің  жастарға  тікелей  қатысы  бар.

Қызылордада полиция мен жастар ресурс­тық орталығы бірлесіп, қала тұрғындары арасында есірткінің зияны, оның заңсыз айналым­ының салдары және қылмыстық жауап­кершілік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ақпараттық акция барысында көшелер, тұрақтар, автовокзал және адам көп жиналатын  орындар  қамтылды.

Мұндай жұмыстың мәні – есірткімен күресті тек полицияның операциясы ретінде қабыл­дамау. Заңсыз айналымның жолын кесу – құқық қорғау органдарының міндеті. Ал есірткінің қоғамға енуіне жол бермеу – ата-ана, мектеп, жастар ұйымдары мен жалпы қоғамға  ортақ  жауапкершілік.

Маусым айында Қызылордада Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай кешенді профилактикалық акция да ұйым­дастырылды. Іс-шарада саламатты өмір салтын насихаттау, есірткінің заңсыз айналы­мына қоғамдық төзбеушілік қалыптастыру және алдын  алу  жұмыстары  басты  назарда  болды.

Яғни бұл бағытта да екі жұмыс қатар жүреді: заңсыз әрекеттің жолын кесу және оның алдын  алу.

«Заң мен тәртіп» қағидатының тағы бір маңызды  қыры – азаматтардың өз құқық­тарын  білуі.

2026 жылғы 24 маусымда Қызылорда қала­лық прокуратурасымен бірлесіп «Тәртіп батыр­лары» тақырыбында «Ашық есік күні» өткізілді. Оған мемлекеттік сот орындаушылары, адвокаттар мен нотариустар қатысып, тұрғындарға құқықтық кеңес берді.

Бұл жерде мәселе өте қарапайым: заңды бұзбау үшін ғана емес, өз құқығыңды қорғау үшін де заңды білу қажет.

Осы бағытта 13 ақпанда Қызылорда қалалық Жастар орталығында студенттермен «Заң және қоғам» тақырыбында ашық кездесу өтті. Жастарға заң талаптарын сақтау, тегін заң көмегін алу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде түсіндірілді. Сонымен қатар жасанды интеллект негізіндегі чат-боттарды пайдалану мүмкіндіктері таныстырылды.

Бұл кездесудің тағы бір ерекшелігі – жастарға құқықтық сауаттылықтың заманауи құралдарын көрсетуі. Қазіргі жас өз мәселесінің жауабын алдымен интернеттен іздейді. Сондықтан заң туралы ақпараттың қолжетімді әрі түсінікті болуы да – құқықтық мәдениеттің бір  бөлігі.

Заң мен тәртіптің күнделікті өмірдегі көрінісі қоғамдық орындардан анық байқа­лады.

Қызылорда қаласы әкімдігі жанындағы мобиль­ді топ полициямен бірлесіп, ойын-­сауық орындарында кальян шегуге қатыс­ты заң талаптарының сақталуын бақылау бойын­ша рейдтер жүргізіп  келеді. Сонымен қатар жол  қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілген. Рейдтердің бірінде қоғамдық орындарда темекі және кальян шегу­ге қатысты талаптарды бұзған азаматтарға әкімшілік  хаттама­лар  рәсімделген.

Мұндай шаралардың маңызы – тәртіптің ұсақ-түйек мәселеден басталатынын көр­сетуінде. Қоғамдық орында белгіленген талап­ты сақтамау «ешкімге зияны жоқ» әрекет сияқ­ты көрінуі мүмкін. Бірақ заң дәл осындай күнделікті  әрекеттер  арқылы  орнығады.

«Заң мен тәртіп» қағидатының тағы бір қыры Қызылордадағы бұқаралық іс-шаралар кезінде  анық  көрінеді.

Қала орталығында өткен Open Air концер­тіне 20 мыңнан астам тұрғын мен қала қонағы жиналған. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция, Ұлттық ұлан және төтенше жағдайлар қызметінің 500-ге жуық қызметкері күшейтілген режимде жұмыс істеген. Іс-шара кезінде жол қозғалысы реттеліп, адамдар көп жиналған аумақтар бақылауда болған. Полиция қызметкерлері ата-анасы­нан адасып қалған 80-ге жуық баланы тауып, ата-аналарына  қайтарған.

ТҮЙІН.  «Заң  мен  тәртіп» – бір күнде  қалыптасатын қағида емес, қоғамның күнделікті дағдысына айналатын құндылық. Оның нәтижесі қылмыс санының азаюымен қатар, азаматтың заңды білуінен, өзгенің құқығын құрметтеуінен және қауіпсіздікке ортақ жауапкершілікпен қарауынан көрінеді. Қызылорда қаласында осы бағытта  жүргізіліп  жатқан  жұмыстардың барлығы  түптеп  келгенде  бір мақсатқа – тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Мемлекет басшысы айтқандай, заң мен тәртіп үстемдік құрған жерде ғана әділет пен тұрақтылық орнығады. Ал оны қалыптастыру – мемлекеттік органдардың ғана емес, қоғамның  әр  мүшесінің  ортақ  міндеті.

А.АБАЙҰЛЫ

Фото: Қызылорда облысының Полиция департаменті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: