Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үш буынды модель – қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғаудың кепілі

24.11.2023, 17:45 154

HALYQLINE.KZ

Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының бастамасымен, бүгін Қызылорда облысы прокуратурасында Бас прокуратура, Шымкент қаласы, Жамбыл және Түркістан облысы прокурорларының және жергілікті сот, құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен семинар-тренинг өткізілді.

Басты мақсат – азаматтардың Конституциялық құқықтарының бұзылуына және қылмыстық орбитаға негізсіз тартуға жол бермеу.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілді. Осы модель аясында полиция қызметкерлері қылмысты ашып, күдіктілерді тауып, айғақ жинаумен айналысады. Прокурордың міндеті – осы айғақ-дәлелдемелерге тәуелсіз баға беру, азаматтар құқықтарының бұзылуына жол бермеу. Судья істегі дәлелдерді сараптай келе, соңғы шешім шығарады.

Жаңа модель аясында қылмыстық заң нормаларына өзгерістер мен толықтырулар еніп, істі электронды форматта тергеу тәсілі іске қосылды, адамды күдікті деп тану, әрекетін саралау, істің мерзімін үзу сияқты негізгі шешімдер прокурордың келісімімен ғана қабылдануда. Нәтижесінде,тергеушінің құжат толтыруда уақыты үнемделіп, қателік жіберу деректері азайды, бұрмалау мен манипуляция жасау мүмкіндіктері тыйылды. Шешімдердің барлығы «онлайн» болуына байланысты прокурорлық қадағалау мен ведомстволық бақылау күшейді.

Өткен жылдан бастап аса ауыр қылмыстар, биыл сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар бойынша айыптау актілерін прокурорлар жасауда. Прокурорлармен осы санаттағы қылмыстық істерге 76 айыптау (а.ж. 36) актісін жасап, сотқа жолдады. Соттан кері қайтарылған, ақталғандар жоқ.

Енді келесі жылдан бастап алдын ала тергеу нысанымен аяқталған барлық істердің айыптау актісін жасайды. Прокурорлардың айыптау актілерін жасау дайындығы облыстық прокуратураның ерекше бақылауында.  

Үш буынды модель енгізілгенге дейін пилоттық режимде жаңа айыптау актілерін жасау практикасын жасау дағдысы қалыптасты. 

Бүгінгі өткізіліп жатқан семинар-тренингте прокурорлардың әртүрлі санаттағы қылмыстарды зерделеп, айыптау актілерін жасау тәжірибесі мен дағдыларын үйрену мүмкіндігі жасалды. Жаңа модель азаматтардың конституциямен кепілдік берілген құқықтарын сақтау мен қағазбастылықты азайтуда рөлі зор екенін көрсетті. Осындай өкілеттіктің ұлғаюы кәсіби біліктілікті арттыруды қажет етеді.

Өткізілген семинар тренинг нәтижесінде қала, аудан прокурорлары біліктіліктерін шыңдап, үш буынды модельдің соңғы кезеңіне өтуге дайындықтары пысықталып, тәжірибелік сабақтар өткізумен қорытындыланды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: