Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада 120 сотталған азамат кәсіптік колледжге оқуға қабылданды

09.09.2022, 10:15 57

HALYQLINE.KZ Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №60 мекемесінде жазасын өтеп жүрген 120 сотталған кәсіптік колледжге оқуға қабылданды. Олар 2022-2023 оқу жылына төрт мамандық бойынша өтініш білдірген. Өтініштері мекеменің комиссия отырысында іріктеліп қабылданды.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Бақыт Абилованың айтуынша, олардың жеке істері қаралып, бұрын кәсіби білім алмағандарға басымдық беріледі. Жазасын өтеушілер жыл сайын үш мамандық (Ағаш ұстасы және паркет жұмыстарының шебері, Электрмен және газбен дәнекерлеуші, Тігінші) бойынша білім алса, 2022-2023 оқу жылында аспаз мамандығы қосылды. 2021-2022 оқу жылында 61 сотталған кәсіптік білім алып, диплом алды. Жаңа оқу жылында 120 сотталған оқуға қабылданды.

– Бұл азаматтарға №6,7,9 кәсіптік-техникалық колледжінің мұғалімдері сабақ кестесіне сай пәндік сабақтарын өткізеді. Барлық мамандықтардың оқу ұзақтығы 10 ай, жақсы оқығаны үшін ай сайын шәкіртақы да алып тұрады. Сондай-ақ, мамандықтары бойынша диплом алған азаматтар жаза мерзімі аяқталғанша осы мекемеде ақылы жұмысқа орналасып, жалақы алып, қылмыспен келтірген шығындарды өтеуге мүмкіндіктері бар. Жазасын өтеушілер осында мерзімдері біткенше белгілі бір мамандықты иеленіп, мекемеден шыққанда жаңа өмірге қадам басуға мүмкіндік алады, – дейді Бақыт Абилова.

Аспаз мамандығына оқуға қабылданғанның бірі Асқар мекемеге жазасын өтеуге жуырда келген. Оған ас мәзірімен жұмыс істеу, әртүрлі тағамдар пісіру ұнайды екен. Асқар өзі сияқты сотталғандардың білім алуына, мамандық иесі атануына мүмкіндік жасап отырған мекеме әкімшілігіне алғысын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: