Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құқық қорғау қызметкерлерін құттықтады

29.12.2020, 15:40 1437

HALYQLINE.KZ

Американың белді журналы Times 2020 жылға адамзат тарихындағы ең «нашар» жыл деген баға беріпті. Басылым мақалада бұл шешімін түсіндіріп те өтеді. Олардың айтуынша, әлем тарихында бұдан да қиын кезеңдер болғанымен, дәл осы жылды еңсеру қиын болады екен. Шынында биылғы жыл бүкіл әлемге ауыр тиді. Пандемияны санамағанның өзінде түрлі саяси қақтығыстар мен апаттар жиілеп кетті. Аласапыран уақытта біздің елімізге де оңай тиген жоқ. Қаракөз қазақтарымыз ертеңгі күніне алаңдап, алабұртқан дүниеде кімге сенім артарын білмей абдырап қалды. Осынау қиын кезеңде өзінің қара басы үшін түрлі заңбұзушылықтарды бұзуға әуес қаскөйлердің де саны артты. Бірі қатаң карантин талаптарын бұзса, екіншісі соны пайдаланып қалтасын қалыңдатқысы келіп әлек болды. Дағдарыс заманда қылмыскерлер мен заң бұзушылардың көбейетіні түсінікті. Осы тұрғыда, ел тыныштығы үшін «күн мен түнді» қарауылдап, аянбай еңбек еткен қаламыздағы құқық қорғау қызметкерлерінің еңбегі ерен. Талайды шарпыған індеттің ошағында жүріп, жазықсыздарға жәрдемдескен, басын қатерге тігіп, ел қамын ойлаған полицейлерге қай кезде болмасын алғыс айту аздық етпейді. Осыған орай, жыл бойындағы еңбектерін ескеріп, шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау қызметкерлерімен кездесіп, жылы лебізін білдірді. Үздік сақшыларға алғыс хат табыстады.

– Ел тыныштығын сақтап, тәуелсіздікті нығайту жолындағы сіздердің еңбектеріңіз ерен. Тәуелсіздіктің 29 жылында Қазақстан полициясы егемен еліміздің тыныштығын, өміріміздің қауіпсіздігін абыроймен күзетудегі ерен ерліктің үлгісін көрсетуде. Қазір полицияның қызметтік функцияларын ойдағыдай атқару үшін құқық қорғау саласының қызметкерлеріне ел басшылығы тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау аз емес. Ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін де барлық жағдай жасалып келеді. Бұл мақсатқа жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. Бөлінген қаражат сала қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға бағытталған. Бәрімізге белгілі алда үлкен қоғамдық-саяси науқан өтеді. Бұл ретте сіздерге артылар жауапкершіліктің жүгі ауырлап, жүктемелеріңіз артатыны түсінікті. Сайлауда қоғамдық тәртіпті сақтау, арандатушылық әрекеттерге жол бермей, дауыс беруші азаматтардың құқығы шектелмеуін сіздер қатаң бақылауға алып, басты назарда ұстайсыздар. Осындай жауапты жұмыс жүктелген саяси науқанда қоғам тыныштығын қаперден шығармай өткеретінімізге сенім мол. Мен сіздерге бұл міндеттерді орындауда бар күш-жігерлеріңізді жұмсайды деп сенемін, – деді қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы.

«Шағын заңбұзушылықтар – үлкен қылмыстың бастауы» деген сөз бар. Ал сол қылмысты болдырмау – құқық қорғау органдарының басты мақсаты. Елімізде соңғы жылдары полицейлердің әлеуметтік жағдайы һәм мәртебесі бірінші кезекке қойылып, талқылануда. Заңнамаға бірқатар өзгерістер еніп, тыныштық күзетшілерін қолдау артып келеді. Тұрғындар арасында да құқық қорғау органдарына деген сенім артқан. Бұрын «жауындай» жалтарыла қарайтын халқымыз бүгінде кез келген жағдайда ең бірінші осы кісілерге мойынсұнады.

– Полиция қызметкері халықтың қорғаны екенін жақсы білеміз. Біз үшін басты мақсат – тұрғындар құқығын қорғау. Сонымен қатар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Пандемия барысында да халықтың денсаулығы үшін түн демей, күн демей қызмет еттік. Бұл жұмыстарды ел алдындағы міндетіміз деп білемін. Осы орайда, еңбегімізді ескеріп, алғыс хатпен марапаттап жатқан қала әкіміне алғысым зор. Ары қарай да қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істейтін боламыз, – деді полиция аға лейтенанты Нұрбек Құрманбекұлы.

Алғыс хаттармен марапатталған полицейлер ұйымдастырушыларға дән риза. Қиындыққа толы болған жылдың осылайша марапатпен аяқталып жатқаны оларды қуантады. Дегенмен, елімізді алда күтіп тұрған сынақтардың көптігін де ұмытқан емес. Пандемиямен арпалысып жүріп, сайлаудың да әділ өтуіне ықпал етуге тырысамыз дейді олар.

– Жаңа жыл қарсаңында жаңа марапатқа ие болып жатқаныма қуаныштымын. Мұның барлығы атқарылған жұмыстардың жемісі деп білемін. Карантин уақытындағы қиын кезеңде вируспен алысуға мәжбүр болдық. Отан алдындағы борышымыз болғандықтан, ел игілігі үшін қызмет атқару біз үшін мәртебе. Полиция қызметкерлері қай уақытта да халық үшін адал еңбек етіп келеді. Алдағы уақытта да осы дәстүрден таймай, адал қызмет ететініне шүбә келтірмеймін. Осындай қиын кезеңде алғыс хатпен құрмет көрсетіп жатқан қала әкімдігіне алғысым шексіз, деді қалалық полиция бөлімшесінің аға учаскелік инспекторы Айнұр Ералықызы.

Алдағы 2021 жылда құқық қорғау қызметкерлеріне қойылатын міндеттер өте көп. Жыл басындағы сайлау уақытындағы тыныштықты күзету, пандемия зардабын мейлінше қысқартуға ат салысу, дағдарыстан туындайтын түрлі заңбұзушылықтардың жолын кесу. Мамандар ең «қиын» деп таныған жылда сыр бермеген тыныштық сақшылары алдағы жылдары да абыройына сызат түсірмейтініне сенім мол. Қырағы көз бен жоғарғы интелект иелеріне «халықтың» полицейі болыңдар дегеннен басқа айтар тілегіміз жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: