Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Прокуратураға 3 жылда 650 мың шағым түскен

15.02.2021, 16:40 419

HALYQLINE.KZ Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураның, облыстардағы және республикалық маңызы бар қалалардағы прокуратуралар басшыларының қатысуымен бейне байланыс режимінде кеңес өткізді, – деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Жиын алдында мемлекет басшысына «Электронды қылмыстық іс», «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай реестрі», «Субъектілер мен объектілерді тексерудің бірыңғай реестрі», «Электронды арыз-шағымдар» және «Аналитикалық орталық» сияқты цифрлық жобалар ұсынылды. Президентке прокурорлардың сотқа дейінгі тергеу амалдары бойынша кейбір органдардың шешімдерімен онлайн-режимде келісу үдерісі таныстырылды. Аталған зияткерлік шешімдер Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында қабылданды.

– Дұрыс бағыттағы ауқымды жұмыс атқарылғанын ерекше қуанышпен айтқым келеді.  Бұл жұмыстарды кеңейтіп, жалғастыра беру керек. Өйткені цифрландырудың баламасы жоқ, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесте сөйлеген сөзінде прокуратураның заң үстемдігін қамтамасыз етуде және қылмыспен күресте айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Мемлекет басшысы пандемия кезінде елімізде қылмыстық іс-әрекеттердің 30 пайызға азайғанын айтып, құқық қорғау жүйесінің жұмысын оң бағалады. Сонымен қатар Президент халықтың сенімі мен азаматтардың құқы басты өлшем екеніне тоқталып, осы саладағы реформалар қарқынды жүргізіле беретінін айтты.

– Алдағы реформалар кезінде прокуратура органдарының орны ерекше болады. Бүгінде қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілуде. Соның арқасында бір айдың ішінде 692 адамды қылмыстық қудалаудан арашалап қалдық. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Негізгі процессуалдық шешімдердің барлығы прокурорлық сүзгіден өтуге тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Бір де бір заң бұзу дерегі прокурор назарынан тыс қалмауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүддесін қорғаудың маңыздылығын прокурорлардың есіне салды. Оның пікірінше, бұл міндеттің тиімді атқарылуына қарай құқық қорғау жүйесінің жұмысы бағаланады және халықтың сенімі де осыған байланысты қалыптасады. Мемлекет басшысы кәсіби біліктілікті арттырып, азаматтармен қарым-қатынас жасау тәсілін түбегейлі өзгерту қажет екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бақылаушы орган өкілдерінің алдына бірқатар міндет қойды.

Президент азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын мүлтіксіз қорғауды бірінші міндет ретінде атады. Өткен 10 жыл ішінде мемлекеттің бизнесті қолдау жөнінде жүргізген жұмыстарының арқасында кәсіпкерлерді тексеру 3 есеге азайды. Мемлекет басшысының айтуынша, енгізген мораторий өз тиімділігін көрсетті. Нәтижесінде шағын бизнестің субъектілерін тексеру былтырдың өзінде 5 есеге қысқарды. Бірақ заңсыз тексерулер әлі де жалғасуда.

Президент үшінші міндет ретінде құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіруді атап өтті. Бұл ретте құқық қорғау жүйесі аясында ғана емес, сонымен қатар, басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың барлық әлеуетін тиімді пайдалану қажет екеніне назар аударды.

– Мысал ретінде, көптеген азаматтарымыз қаржы пирамидаларының құрбаны болуда. Тек бір ғана қылмыстық іс бойынша 17 мыңнан астам жәбірленуші бар. Мұндай қылмыстық істерді жүзеге асыру үшін алаяқтар бірыңғай транзакцияларды бірнеше рет өткізіп барып, жоқ болады. Күмән тудыратын осындай белсенділікті уақытылы анықтаған жағдайда көптеген адамдарды шалыс басудан сақтап, алаяқтарды жазалауға болар еді. Қайта құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі де бұл істен қалыс қалмауы керек, – деді президент.

Мемлекет басшысы бақылаушы органдардың қызметкерлеріне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңыздылығы туралы айтты. Онда азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге үлкен мән берілгенін ескертті.

– Прокуратура органдарына жыл сайын тұрғындардан өте көп арыз-шағым келіп түседі. Соңғы үш жылдың ішінде 650 мыңға жуық шағым берілген. Әрбір арыздың артында адам тағдыры, ондаған, тіпті жүздеген адамның мүддесі тұр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың шағымдарына нақты әрі түсінікті жауап беру қажет екенін атап өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: