Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отбасын бақытқа бөлеген Ирада

06.03.2024, 15:30 344

HALYQLINE.KZ

«Адамның есімі тағдырына әсер етеді» деп жатады. Қызылорда облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы ақпараттық-талдау қамтамасыз ету тобының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ирада Макулбекова ерекше есімге ие. Араб тілінен аударғанда Ирада сөзі бақытқа, арманына жетуге талпынушы деген мағынаны білдіреді. Расында, ол – жанұясында жолдасымен бірге төрт бала тәрбиелеп, шаңырағын шаттыққа бөлеген аяулы ана.

Ирада Макулбекова 2007 жылдан бастап ішкі істер органы қызметкерлерінің қатарында. Қауырт қызметі мен уақытының тығыздығына қарамастан, отбасына көңіл бөлуді бір сәтке естен шығармайды. Жолдасы Ербол Батыршаұлы да – ішкі істер органдарынан зейнетке шыққан тәртіп сақшысы. Әкімшілік полиция басқармасында қызмет атқарып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Бүгінде олардың үш ұлы мен бір қызы бар. Ирада өзі де бала кезінде үш ағасының ортасында ерке болып өскенін айтады. Ер балалармен қатар ойнап, батыл әрі шапшаң қозғалып үйренген. Сол кезден бастап құқық қорғау органы қызметкерлерінің нысанды киіміне қызығып, полицей атануды армандаған. Бала арманына жеткен ол өмірде де, қызмет жолында да бәріне үлгеруге тырысады. Қолы қалт етсе, спортпен шұғылданады.

– Күйеуім де осы салада қызмет еткендіктен, бәріне түсіністікпен қарайды. Ол ҚР ІІМ Байқоңыр өкілдігінде жұмыс атқарды, мен қалада тұрамын. Үнемі жол үстінде жүретін. Кейде түнгі ауысымнан бір уақытта шығып, үйге бірге келетін де кезіміз болатын. Түнгі сағат екі-үштерде шұғыл жұмыс шығып қалады, дереу айтылған жерге баруымыз керек. Бұл саланың бүге-шігесіне дейін білгесін «Қайда бара жатсың?» демейді. Жолдасым басқа сала маманы болса, менің беймезгіл уақытта жүргеніме шектеу қояр еді. Ал біз бір саладан болғасын бір-бірімізді жақсы түсініп, қолдау білдіреміз, – дейді полиция подполковнигі Ирада Қыдырбекқызы.

Біздің кейіпкеріміздің шаңырақ көтергеніне 22 жыл болған. Алғашқы екі баласы жолдасы Ербол екеуінің жолын қуып, ел қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтауды мақсат еткен. Олардың таңдауына Ирада өзі қарсы болғанымен, жолдасы ұлдарының талабына сүйсінген. Қайта «Араласатын жолдастары көп болады, тәртіппен жүреді» деп риза болған көрінеді. Үлкені Димаш Батыршаев – 21 жаста. Ол қазір Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының 4-курс студенті. Бокстан спорт шебері. Ағасының ізінен ерген Әлімжан Батыршаев – осы спорт түрінен спорт шеберлігіне үміткер. Қазір ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясында оқиды, болашақта ішкі істер органы қызметкерлерінің қатарын толықтырады. Олардың спортқа жақындығы кәсіби қызмет атқарғанда да кәдеге жарайтын болады. Отбасындағы жалғыз қыз Тоғжан 6-сыныпта оқиды. Биге жақын, өнер мектебіне барады. Ал кенжесі Абдурахман футбол десе ішкен асын жерге қояды. Ирада балаларының уақытын тиімді өткізуіне баса мән береді.

Ираданың Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасында жұмыс істегеніне жеті жылға жуықтады. Бұл бағытта жат ағымның жетегінде кеткендерді бақылауға алады. Діни алауыздықты қоздырып, тыйым салынған діни әдебиеттерді таратқандарды қолға түсіріп, заң шеңберінде жауапқа тартылуына мүдделі болады. Сала маманы мониторинг бойынша өзге өңірлермен салыстырмалы түрде қарағанда, Қызылорда облысындағы діни ахуал тұрақты екенін мәлімдеді. Бірақ соңғы уақытта діннің соңына түскендердің қатары көбейгенін айтады. Мәселен, Сыр өңірінде мемлекеттік білім ошағына хиджаппен баратын – 37, ал жеке мектептерде оранған 20 оқушы барын жасырмады. Олардың бұлай киінуіне ата-анасының діни көзқарасы әсер еткен. Ұлт қауіпсіздігіне қауіп төндіретін осындай әрекеттерге тосқауыл қойып, ел іргесінің бүтін болуы жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Көпбалалы ана отбасындағы бақыттың кілті шыдамдылық пен өзара сыйластықта екенін айтты. Мінезі ашық, айналасындағы адамдармен тез табысып кететін Ирада саладағы жас жұбайларға өз кеңесін беріп, жарасып кетуіне қолдан келгенше көмектеседі.

Гауһарай ЕСІМОВА,

Астана – Қызылорда – Астана

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: