Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңірде 4 мыңнан астам азаматқа тегін заң көмегі көрсетілді

16.10.2026, 14:50 57

Қызылорда облысының Әділет департаменті 2026 жылдың тоғыз айында азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, алимент өндіру, тегін заң көмегін көрсету, зияткерлік меншік құқығын сақтау және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында бірқатар жұмыс атқарды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысы бойынша Әділет департаментінің басшысы Баукен Әлмеш мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, департамент жұмысының маңызды бағыттарының бірі сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету. Қазіргі таңда облыста 9 мемлекеттік және 70 жеке сот орындаушысы қызмет атқарады. Олардың өндірісінде 424 мыңнан астам атқарушылық іс бар.

— Әсіресе, алимент өндіру мәселесіне басымдық берілуде. Есепті кезеңде алимент берешегін өтеу үшін 264,7 млн теңге өндірілді. Төлем жасаудан жалтарған 151 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар борышкерлерді жұмыспен қамту мақсатында 32 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 40 адам жұмысқа орналастырылды. Алимент өндіру тек заң талаптарын орындау ғана емес, балалардың құқықтарын қорғау мен отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды жұмыс. Осы бағытта прокуратурамен және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, проблемалық берешектерді өндіру шараларын күшейттік, – деді Баукен Серікұлы.

Департамент сот орындаушылары қызметінің заңдылығын бақылауға да ерекше назар аударған. Тоғыз айда 49 жеке сот орындаушысының жұмысы тексеріліп, заң бұзушылықтарға байланысты 39 маманға тәртіптік жаза қолданылды. Оның ішінде екі сот орындаушысы лицензиясынан айырылып, біреуінің лицензиясы уақытша тоқтатылды.

Халыққа құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында да нәтижелер бар. Мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында жыл басынан бері 4 165 азамат тегін заңгерлік көмек алды. Оның ішінде алимент мәселелері бойынша 1 173, зейнетақыға қатысты мәселелер бойынша 334 азаматқа кеңес берілген.

Департамент басшының айтуынша, департамент алдағы уақытта да азаматтардың құқықтарын қорғау, заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру жұмыстарын жалғастырады.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: