Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұғалім

15.10.2026, 6:00 33

Абылай дереу Жасұланның анасы Ләйланы алып келуді тапсырды. «Самал жас болғандықтан әлеуметтік желіде болмауы мүмкін емес, демек бұндай уатсаптағы жазбалардан кейін ол әлеуметтік желілерде де маза бермеген шығар». Ол дереу техникалық мамандарға Ләйланың Самалға әлеуметтік желілерде жазған комментарийлерін анықтауға тапсырма берді. Бұл жазбаларды тексеру шамамен екі-үш ай уақыт алуы мүмкін,  бірақ  онсыз  тексеру  толық  болмасы  белгілі.

Келесі күні Ләйла оның кабинетінде болды, дереу жауап алу басталып кетті. Ләйла Алданова, 35 жаста, ажырасқан, кафеде администратор, асырауында бір бала бар. Жауап алу кезінде Ләйла маңызды ешнәрсе айтпады, қойған сұрақтарға «Білмеймін, уатсаптан жазғаным рас, бірақ оған ешқандай ренішім де, қас­тығым да жоқ» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Бұған бейне  өші  бар  адамдай  тесіле  қарады.

– Сонда сіз менен күдіктеніп отырсыз ба, мен бе екен оны өлтірген? Мен балама қатысты нәрсені ғана жаздым. Ол – мұғалім, оның жұмысы – сабақ беру, тәрбие беру. Мен сабақ пен тәрбие жайлы жазды екен деп асылып өлуі керек пе екен… Енді шақырсаңыз, мен адвокатпен бірге келемін, басқа сізге ешнәрсе айта  алмаймын.

Абылайға Ләйланың заңнан шамалы болса да хаба­ры бар жандай көрінді. «Бәлкім, үйретушілері бар ма екен? Бір қарағанда Ләйланың айтып тұрғаны да дұрыс. Кім кімге не жазбай жатыр, солай жазды екен деп өзіне қол салу ақылға сыйымсыз. Мүмкін Ләйладан бекер күдіктенген шығармыз. Мүмкін шынымен жұмыс қиындығына Самалдың жүйкесі сыр берді ме екен?  Әлі  де  тергеп,  тексеріп  көрерміз».

Ләйланы шығарып салғаннан кейін кезек Ғани­ға келді. Оған сұрақтарды Абылай бір күн бойы тыңғылықты дайындады. Барлық мүмкін болар жауап­тарды  ойша  тізіп  отырды. 

…Кезекші кабинетке Ғаниды ертіп келді. Бойы – 190 см, шашы қара, қыр мұрынды, шаралы қара көзді, шымыр денелі, әдеміше келген, ұқыпты киінген ер­-азамат бойдақ екен. Жасы жиырма бесте, соттылығы жоқ,  мектепте  жұмыс  істегеніне  екі  жыл  болыпты.

– Ғани, отырыңыз. Сіздің уақытыңызды ал­майын… Самалды қанша уақыттан бері танисыз, араңызда махаб­бат сезімі болды ма? Арақатынасыңыз қандай болды, жанжал, ұрыс-керіс дегендей? Сіздің қазіргі уақытта жұбыңыз бар ма? Бар болса, қай уақыттан бері бар?  Самалды соңғы рет қашан, қай жерде  көрдіңіз?

Әдетте тергеушілер алдында отырған адаммен бірінші жай әңгімелесіп, оны сырттай бақылап, қай тұстан келерін, қалай сөйлеу керек екенін іздейді. Ал Абылай болса мүлде басқа тактика қолданды, ол ұйытқыған дауылдай Ғани отырар-отырмастан  сұрақтарды  үсті-үстіне  төпелей  берді.

– Мен қай сұраққа бірінші жауап берерімді білмей қалдым, асықтырмай тұра тұрыңыз. Самалды сол мектепке қызметке тұрғаннан бастап танимын, оған ниетімді білдіргенім рас, бірақ ол мені ұнатпайтынын айтты. Болды. Одан кейін мазасын алған жоқпын. Сіз Самалды өлімге итермелеген мен деп ойлап тұрсыз ба? Жо-жоқ олай емес, арамызда ештеңе болған емес. Қайдағы ұрыс, мен онымен не үшін ұрысамын? Қазір жұбым жоқ, оны неге сұрадыңыз? Не болып кетті, сұрақтарыңыз  қалай-қалай  өзі?

– Соңғы рет  Самалды  қашан  көрдіңіз? 

– Ім-мм… Соңғы рет… О-оны, сол өмірден озар алдында мектепке келген кезде көрдім. Біраздан соң оның  өзіне  қол  жұмсағанын  естідім.

– Сізді Гүлжамал коридорда қатты жүріп өтті деп айтты.  Сіз  Самалдың  сыныбынан  шықтыңыз  ба?

– Жо-жоқ, мен сол коридормен өттім, оқушылардың бітіру салтанатына асығып бара жатқан болатынмын. Самалдың кабинетіне мүлде кірген емеспін.

– Түсінікті… 

Абылай  жарты сағаттай үнсіз тапжылмастан отыр­ды. Ондағысы Ғани сасқалақтап кей нәрсені айтып қояр дегендік еді. Әлі іске Ғанидың қатысы жоқтығы анықталмай тұр. «Бір жасырғаны бар секілді, ішім сезім  тұр».

Уақыт өте берді, бір ай, одан соң екінші ай, бұл қылмыс аймақ деңгейінен шығып, бүкіл елдің әлеумет­тік желідегі тақырыбына айналды. Барлығының аузында осы қылмыс, барлығы мұғалімдерді жамандауда.

Үшінші ай дегенде хатқа тағайындаған сараптамалар келді. Сараптамада жазылған хат Самалға тиесілі екені, хат жазу барысында оның күйзелісте болғаны, мәжбүрлеу дерегі жоқ екені, масаң күйде болмағаны, хат өлім алдында шарикті ручкамен жазылғаны, хат авторы Самалдың өзі екендігі, хат жазу барысында ешқандай лингвистикалық қателіктер мен жасырын, тұспалдау сөздердің жоқ екендігі, хатты асықпай, біркелкі, ойланып, ручканы парақтан көтермей жалғас­палы түрде жазылғаны көрсетілген. Ең қызығы соңында жазылған екен. Жазылған хат оқиға орнынан табылған дәптерден жыртылып алынғаны, жыртылып алынған қағазда тек Самалға тиесілі саусақ іздерінің табылғаны, ал парақ жыртылып алынған дәптерде Ғани­дың  қолтаңба  ізі  анықталғаны  көрсетіліпті.

Абылай сараптама қорытындысын тағы бір оқып шықты. «Тоқта, тоқта! Мұнысы қалай? Ғанидың қолтаң­басы?! Ол қайдан жүр? Ғани… Ғани… Сен тек оның  сыныбына  кірмедім  деп  едің  ғой… Сонда…».

Ол кезекшіге Ғани Алматовты дереу жеткізу жайлы тапсырма берді. Шамамен жарты сағат өткеннен кейін  кабинетте  Ғани  отырды.

– Ғани, мына  сараптама  қорытындысын  қарашы, не айтасың? 

Ғани сараптама қорытындысын асықпай оқып шықты да, үнсіз қалды. Құдды бір шыңырауға түсіп кеткендей кейіпте. Бір  кезде  барып:

– Мен шындығымды өткенде айтуым керек еді… Мен… — деді.

Тағы да үнсіздік. Оның бұлай үнсіз қалғанына ашулан­ған Абылай столды алақанымен қатты ұрып қалды. Оның ойынша барлығына кінәлі Ғани, ол қазір айыбын  мойындайын  деп  тұрғандай  көрінді.

– Мен Самалды қатты жақсы көрдім, бірақ ол мені ұнатпады. Мен оған ренжімедім. Бірақ оқу жылының екінші тоқсанында Самалдың қатты азып бара жат­қанын байқадым. «Не болды?» деп сұрағанымда жұмыстан шаршап кеткенін айтты. Уақыт өте келе Самал­дың арықтағаны соншалық, ол адам танымастай болып қалды. Оған көмектескім келіп, не болып жатқанын сұрадым. Сонда ол маған «Қысымнан шаршадым. Директорға айтсам, көмектеспейді, тек мені  кінәлай  береді»  деп  айтты.

Сол 25 мамыр күні мектепте оқушылар төбелесіп қалмасын деп сынып аралап жүрген болатынмын. Бір кезде алдымнан Самал шықты да, мені қаға-маға жолым­ды кесіп өтті. Тіпті маған қараған да жоқ, құдды мені көрмегендей. Біртүрлі, робот секілді. Мен не болды екен деп артынан еріп, сыныбына дейін бардым. Сол кезде Самалдың қолында оқушы дәптері бар екен. Бұл не қылған дәптер деп ойладым да, оның қалған жартысынан  ұстап,  не  болғанын  сұрадым.

Ғани екі иығы селкілдей жылап жіберді. Абылай оның қалыпқа келуін күтті. Біршамадан соң ол өз-­өзіне  келді.

– Самал маған «Сен мені жақсы көресің бе?» деп сұрады. Мен «Иә» деп жауап бергенімде, ол «Мен шаршадым… Өз-өзіме қол салайын деп отырмын. Маған мына өмірде ештеңе қалған жоқ… Кетейін…. Құриын… Мені жақсы көрсең, соңғы шешіміме кедер­гі болма…» деді. Сосын «Сен шынымен мені жақсы көресің бе?» деп сұрады. Мен «Иә» дедім. Сол кезде ол «Онда бара бер. Маған кедергі болма» деді біртүрлі жымиғандай болып. Мені үрей биледі. Мен оны шын жақсы көрдім, бар ықыласыммен ұнаттым, сол себеп­ті оған қарсы бола алмадым да, айтқанын істедім. Кабинет­тен  шығып  кеттім.  Мен  кінәлімін…

Мұндай жауапты күтпеген Абылай сәл кідіріп қалды.

– Сіз Самал Дәулетованы өзін-өзі өлтіруге итермелеу қылмысы бойынша күдікпен ұсталдыңыз. Сұрақтарға жауап бермеуге және үндемеуге құқығыңыз бар. Сіздің айтқан әрбір сөзіңіз сотта сізге қарсы қолданылуы мүмкін. Ұсталған сәттен бастап қорғаушының (адвокаттың) көмегін пайдалануға құқығыңыз бар. Егер адвокат жалдауға қаражатыңыз болмаса, мемлекет  сізді  адвокатпен  тегін  қамтамасыз  етеді.

Абылай  оны уақытша тергеу изоляторына жібертті де, барлығын  департамент  басшысына  баяндады.

Жарты сағаттан соң Ғанидың қамалған туралы бүкіл қала есітіп болды. Өсек деген нәрсе дүниедегі ең жылдам бәлекет болуы керек, бір сағаттан соң бұл тура­лы барлық телеарна «Самалды өлтірген адам ұсталды», «Қылмыскер мұғалім екен» деген сипаттағы ақпаратты тарата бастады. Оған қоса әлеуметтік желілерде Абылай жайлы мадақтаулар көптеп тарап кетті. Істің қорытындысы «Самалдың психологиялық жағдайы жұмыстың қиындығынан, ол қиындықты көтере алмай және психологиялық жай-күйінің тұрақсыздығының кесірінен, психологиялық ауытқуы салдарынан өз-өзіне қол жұмсаған, ал оны Ғани біле тұра дер кезінде тоқтатпаған» деп тұжырымдалып, мектеп директоры «Міндетіне немқұрайды қарау (салғырт­тық)» бабымен қамалды. Бұдан көп уақыт өтпей Абылай­ды  департамент  басшысының  тергеу  жөніндегі  орынбасары  шақыртты.

– Полковник Қайсенов, молодец! Істі жақсы аяқтадың. Енді неге сотқа жібермей отырсың? Тезде­тіп құтылу керек қой істен… Мойынға іліндіріп тұр­ғыза  бермей  жібер  тездетіп.

– Полковник мырза, сізді құптаймын. Алайда нағыз қылмыскер тасада қалған сияқты. Қазір соны анықтау бағытында жұмыс істеудемін. Ол біту бойына сотқа  жіберемін.

– Ол  кім  тағы?

– Әзірге нақты айта алмаймын. Бұл өте қиын іс болып тұр, бір қарасаң, қылмыс емес сияқты, екінші жағынан қарасаң – қылмыс. Сондықтан қалай ашамын, бірден  сіздерге  баяндаймын.

– Мақұл. Көп созба. Бұл  жөнінде  генерал біле ме?

– Ол  кісі  хабардар.

Бұдан соң іске қатысты әңгіме саябырсып, тіпті, ұмытылып кеткендей болды. Алайда бұл дауыл алдындағы үнсіздік секілді еді. Істің тергеліп жатқанына ұзақ уақыт болғаны сондай, келер оқу жылы басталар күн – қыркүйек айының 1-і де келіп жетті. Мұғалімдер үшін барлығы қайтадан басталды, ал Абылай үшін барлығы баяғыдай еді. Істің қорытынды шешімі бар, тек сарап­тама қорытындысын ғана күтіп отырған Абылайға техникалық зертханадан, IT мамандардан жауап келді. Қорытындыда  былай  көрсетіліпті: «Ләйла Алданова мұғалім Самал Дәулетоваға өткен жылғы қыркүйек айының 1-інен бастап мамыр айының 25-і аралығында  9751 рет хабарласқан. Яғни, бұл жағдайда күніне 35-36 рет хабарласу болады. Бұл – мұғалім сабақ беріп жатқанда да, үзілісте де, кешке үйін­де де әрбір 25 минут сайын үздіксіз  телефон шырылдап тұрды деген сөз. Әлеуметтік желілерде Самал­дың өзінің жеке  парақ­шасы болған (Samal_Dau). Парақшадағы әрбір суретке қатысты мұғалімге тіл тигізетін, мұғалімнің жеке  өміріне  араласатын  комментарийлер  саны – 7136 (оқу  жылына  шаққанда  күніне шамамен 25-26 пікірден келе­ді).  Қосым­ша  тіркелді. 12 том».

Абылай «Мынасы түсініксіз екен, 12 томы несі?» деп ашып қарап еді, Самалдың достарымен отырған суретінің астына LEILA аккауынтымен «Қыдырып жүрсіз бе, ал менің балам сабақ оқып отыр», одан соң «Ашық киінбеңіз, оқушыларыңыздан ұялмайсыз ба?», «Сіз неге көп қыдырасыз, сіздің жұмысыңыз сабақ беру емес пе?», «Неге көлде купальникпен түскенсіз, ол балаларға жаман әсер береді» деген секілді жазбалар екен. Барлығы 12 том болыпты. Ләйланың  9751  рет  телефон  соққаны мен 7136 рет инстаграмда жазған комментарилері.

«Құдай-ау, мынау  сұмдық қой… Кім білген, бұл Ләйла нағыз барып тұрған маньяк екен ғой, ал Самал болса кибербуллинг құрбаны болып тұр ғой. Ие… Кім білген… Самал! Қате ойлағанымызды кеше гөр. «Аққа құдай жақ» демекші бұл істі ақырына дейін жеткізу менің пары­зым  деп  білемін»  деп  Абылай  өзіне  серт  берді.

Департамент басшысы бұл жайлы естігенде үнсіз қалды. Тағдырдың  талай  сынағынан өткен генерал біраз  үнсіздіктен  соң  ғана  ойын  айтты.

– Бір іс, үш күдікті. Бірі Самалды өлуден құтқармаған, екіншісі немқұрайды басшы, өз міндетіне салғырт қараған, ал үшіншісі кибербуллинг арқылы өлімге итермелеген. Да… енді болмағанда самоубийства деп істі жабатын едік. Сәл қалған екен ғой бұрыс кетерімізге. Енді Алданова Ләйланың іс-әрекетін нақтылап  дәлелдеу  керек  секілді.

– Мен бұл істің анық-қанығына жетемін, генерал мырза.

Кабинетіне барар жолда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың  «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам…» дегені есіне түсіп кетті. «Ие… Сол сияқты білім беруші мұғалімдерді неге бейшара күйге түсірдік? Кейбір  жеке  мектеп қожайындары бес-алты айлап айлық жалақыларын бермейді екен. Оқушы тауып әкел деп қинайды екен. Бұл туралы әлеуметтік желі әңгімеге  толып  тұр. Неге  бұлай?».

Енді іс бағытының 180 градусқа бұрылатын түрі бар. Абылай қаза болған Самалдың атын тездетіп жаладан аршып алуға тырысқанымен, бұл іс аса бір тыңғылықты дайындықты талап ететінін де түсінді. Уақыт та өтіп барады, қара суығын алып қараша айы да келіп жетті. Әлеуметтік желіде «Дайын тұрған істі не  үшін  сотқа  жібермей  жатыр?» деген сұрақ атойлай бастады. Біреулер «Күдіктілер ақша беріп, босап кетейін деп жатыр екен» деп те өсек таратты. Бұған да желі  қолданушылары  бір  көтеріліп  басылды.

Абылайдың генералдан тергеуші қыз сұрау себебі де ашыла бастады. Ол бұрын Самал сабақ берген, сынып жетекшісі болған 3 «б», биылғы 4 «б» сыныбына мұғалім ретінде тергеуші қызды ұсынды, барлық құжаты түгелденіп, дәл сол сыныпқа жіберілді. Тергеуші қызға толық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, сауатты әрі кәсіби мамандар шақырылып, барлық сабақ беруі толық солардың бақылауымен өтілді. Тергеуші қыздың ұялы телефоны полицияның толық бақы­лауында болды. Ұсынылған тергеуші ретінде аудандық полиция бөлімінің қызметкері Инабат Ғаниқызы еді. Ол өте ақылды, байсалды, өз ісінің маманы ретінде таңдап  алынды.

Абылай ойлағандай бастапқы күннен-ақ Ләйланың жазған хаттары Инабаттың уатсабына келе бастады. Ал инстаграмына тіпті дамыл жоқ. Инабат одан заң бойынша тоқтауын сұраса да, ол еш қорық­пай, кәсібилікті талап ету өзінің азаматтық міндеті екенін айтуды жалғастыра берді. Уақыт өте келе Инабат­тың да жүйкесі сыр бере бастады. Бұл арнайы дайын­дықтан өткен адам болса да, Ләйланың психикалық шабуылының нәтижесі көріне бастады. Мектеп дирек­торына барып қаншама рет ескертсе де, бұл директор да үнсіз қала берді. Негізсіз шабуылдар, негізсіз айыптаулар, негізсіз арыздар, негізсіз ұрыс барлығы жиналып психикалық ауытқу туғызу қаупін төндіре бастады. Абылай тез шешім қабылдау керегін түсінді.

Барлығы дайын, дәлелдер толық жеткілікті. Бұл жайлы Инабатқа ескертілгенде оның қуанышында шек болмады. «Мен бұл күн келмейтін шығар деп те ойлап қалып едім» деді ол. Ләйла Алданова департаментке шақыртылды. Ол адвокатымен бірге келді. Түрінде ешқандай өкініш сезімі жоқ, тіпті ештеңе болмағандай  күйде.

Тергеу кабинетінде Абылай Самалдың өлімі жайлы сұрақ қоя бастағанда ол  «Оның  өлімінде  менің еш кінәм жоқ» дегеннен танбады. Сол сәтте Ләйлаға 12 томдық құжаттар ұсынылды. Адвокаты екеуі құжаттарды қарап отырған кезде Абылай Ләйланың өңі өзгере бастағанын көрді. Манағы сенімділіктің жұрнағы да қалмаған. Томдарды парақтап қарап отырғанда сау­сақтары  дірілдеп, денесін  үрей  билегені  байқалады.

– Ләйла ханым, не айтасыз, жауап береміз бе енді?

– Не деп жауап беремін… Мұның барлығын жазған мен, бірақ мен оған асылып өл деп айтқан жоқпын.

Адвокаты Ләйлаға тесіле қарады. Оның жүзінен «Не айтып тұрсың? Есің бүтін бе?» дегенді аңғару қиын емес еді. Ләйла абдырап қалса да, тек азаматтық борышын орындағанын, мұғалімнің этика сақтауын сұрағанын  айтып  ақтала  бастады.

– Сіздің  педагогтық  мамандығыңыз  бар  ма?

– Жоқ… орта мектеп қана бітіргенмін.

– Олай болса сіз қалай оқу, білім беру, тәлім-тәрбие беру туралы арнайы білімі бар маманға ақыл айтып отырсыз?

– Оның  несі  қиын…

– Түсінікті. Мына он екі томдағы жазбалар сіздікі ғой.

– Иә…

– Жақсы. Сіздің жауаптарыңыздың барлығы аудио-­бейне таспаға жазылып жатқанын тағы бір есіңізге  саламын.  Инабат,  кіре  бер.

Полиция формасындағы Инабат кабинетке кір­генде Ләйланың көзі шарасынан шығып кетті. Ләйланың үнсіз қалған сәті осы болатын, ұнжырғасы түсіп кетті. Екеуін беттестіру барысында Инабатқа жазылған барлық сөз полицияда тіркеліп, құжатталып отырғаны көрсетіліп, оған психологиялық шабуыл жасал­ғаны дәлелденді. Ләйла Алданова сол күні уақытша ұстау изоляторына  қамалды.

Бұл қамау артынан үлкен шуға ұласты. Әлеуметтік желіде  «Мұғалім  өзі асылып өлсе, оған оқушының анасы кінәлі болуы керек пе?» деген және тағысын тағы жазбалар көбейді. Қазіргі кезде билік қоғамдық пікірмен көп санасады. Сен туралы бір жаман пікір айтыл­са, өзіңді ақтап алу мүмкін емес және бұл жағдайдан ешкім сақтанана да алмайды. Адамның құны  тек  бір ғана комментарий болып қалған кезде бұдан  басқа  не  күтерсің?

Іс бітіп, сотқа жолданғанымен, оны соттың қарау уақыты бар, сосын барып сот процесі болады. Сот проце­сі еліміздің барлық телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілетін болып шешілді. Барлығының назары осында, себебі, бұрын-соңды мұндай сот преценденті болмаған еді. Күдіктілер қатарында мектеп директоры Шара Мақсатқызы, дене шынықтыру мұғалімі Ғани Алматов  және  басты  күдікті  Ләйла  Алданова  бар.

Сот процесі қаңтар айының 8-і күні сағат 09:10-ға қойылды. Абылай да кабинетінде теледидар арқылы сот процесін қарауда. Иә, не дерің бар, сол сәтте эфирді бір сәтте бір миллионнан астам адам қарап отыр екен. Сот басталды, сот хатшысы сот төрағасы мен судьяларды, мемлекеттік айыптаушыны, сот процесіне қатысушыларды таныстырды. Мемлекеттік айыптаушы айыптау тұжырымын оқыды, содан ке­йін дәлелдемелерді зерделеу,  одан  соң  сот  жарыссөзі  басталды.

Мемлекеттік айыптаушы прокурор Мейірбек Сұлтан­ұлы  былай  деді:

«Құрметті сот төрағасы мен сот мүшелері, процес­ке қатысушылар! Бүгін біз осы залда тек бір ғана қателік­тің емес, жүйелі немқұрайдылықтың, кәсіби сатқындық пен адам айтқысыз қатыгездіктің бір арнаға  тоғысқан үлкен трагедиясын талқылап отырмыз. Біздің алдымызда үш бірдей айыпталушы отыр. Бірі – Шара Мақсатқызы, лауазымдық қызметін нем­құрайды атқарған мектеп директоры, екіншісі – Ғани Алматов, өлімге араша түсуі тиіс мектеп мұғалімі, үшіншісі – тасада тұрып жап-жас қыздың тағдырын талқандаған киберқылмыскер Ләйла Алданова. Осы үшеуінің  әрекеті  мен  әрекетсіздігі  бір  жазықсыз жанды – Самал  Дәулетованы өлім туннеліне жетеледі.

Мемлекет пен қоғам Шара Мақсатқызына ең қымбат қазынасын – балалар мен мұғалімнің өмірі мен қауіп­сіздігін сеніп тапсырды. Ол жай ғана мектеп басқарушысы емес, заң бойынша сол ғимараттың ішіндегі әрбір адамның бас қорғаны болуы тиіс еді. Алайда, іс материалдары мен куәгерлердің жауап­тарынан көргеніміздей, марқұм Самал Дәулетова өзіне төнген қауіпті сезініп, көмек сұрап, соңғы үмітпен осы директордың есігін қаққан. Ол жылап тұрып, желідегі үздіксіз қудалау мен кибербуллингке шыдай алмай жатқанын айтқан. Ал айыпталушы директор не істеді? Ол өз лауазымын, беделін және заңды міндеттерін мектептің және өзінің «жалған абыройын» сақтап қалу үшін құрбан етті. «Парақшаңды өшір», «Бұл жай ғана интернет қой, уақытша нәрсе» деп, мұғалімнің жанай­қайын елеусіз қалдырды. Оның бұл әрекетсіздігі – қылмыстық салғырттық! Мектеп қабыр­ғасындағы заңсыздықты жасырып, құқық қорғау органдарына  хабар­ламағаны – оның қылмысқа салқынқандылықпен  жол  бергенін  көрсетеді.

Екінші айыпталушы – Ғани Алматов. Ол – мектеп мұғалімі, ол – ұстаз, ол – оқушының ата-анасынан кейінгі екінші жанашыры болуы керек тұлға. Бірақ оның жасаған әрекеті кәсіби сатқындықпен тең. Іс материал­дары мен айғақтар дәлелдегендей, бұл мұғалім Самал Дәулетованың көз алдында солып, өлім алдында шарасыз күй кешіп, өзіне қол жұмсау шегіне жеткенін нақты көрді. Ол Самалдың бойындағы ауыр депрессияны, жанайқайын сезді, бірақ саналы түрде бұл жағдайға араласпады. Ол өзінің заңды әрі адамдық міндетіне немқұрайды қарап, көмек қолын созбады, басшылыққа немесе жедел жәрдемге хабар бермеді. Оның бұл қорқақтығы мен немқұрайдылығы Самал­ды соңғы үмітінен айырды. «Мені жақсы көрсең, өзіме қол салуға рұқсат бер» деп, қияметтік шекарада тұрып хат жазғанда да бұл адамдық кейпінен жұрдай болғанын көрсетті. Ол оны тоқтатудың орнына, әрекет­сіздік танытты. Ол құрбанның нәзік психологиялық күйін біле тұра, оны саналы түрде ажалға айдады. Қауіп­ті жағдайда қалған адамға көмек көрсетпеу – заң алдында  кешірілмейтін  қылмыс!

Ал енді осы трагедияның тікелей қолдан жасаушысы, заманауи технологиялардың тасасына тығылып, Самал Дәулетоваға психологиялық террор ұйымдас­тырған айыпталушы Ләйла Алданова келейік. Ол фейк парақшалар ашып, монитор артына тығылып алып, күн сайын, сағат сайын Самалдың жан дүниесін құлазытып, оны тығырыққа тіреді. Бұл – жай ғана интернеттегі қалжың емес. Бұл – адамның  рухын тірілей өлтіру!

Құрметті сот, іс материалдарындағы техникалық және IT-сараптама қорытындыларына қараңыздаршы. Мына сандардан адам шошиды! Айыпталушы Алданова Ләйла марқұм Самалдың телефонына 9751 рет қоңырау шалған. Тоғыз мың жеті жүз елу бір рет! Бұл – құрбанның күндіз де, түнде де телефон дыбысы­нан жүрегі ұша, зәре-құты қалмай, қорқынышта өмір сүргенінің дәлелі. Оған қоса, инстаграм әлеуметтік желісінде Самалдың атына 7136 рет қорлайтын, намы­сына тиетін пікірлер жазған. Жеті мыңнан астам соққы! Әрбір қоңырау мен әрбір пікір – бұл істе мылтықтың оғындай атылған. Кибербуллинг – бұл көрінбейтін қару, ал бұл қаруды оқтаған – осы отыр­ған  Алдано­ва  Ләйла.

Құрметті сот! Қазір заманның басты қасіреті – ол басқаға тисе де, маған тимесе болды деген ұстаным. Қылмыс адамның әрекетінде және әрекетсіздігінде де болады. Әрбір жазылған комментарий, әрбір іс-әрекет­тің  артында  үлкен  жауапкершілік  тұруы керек.

Қараңғылық орнатқандар жарық әлемде еркін жүрмеуі тиіс. Мына отырған үш айыпталушы Самал Дәулетова сияқты өршіл, арманшыл жастың көгін қараңғ­ылық бұлтымен торлап, оның күнін сөндірді. Бірі қудалады, екіншісі көрсе де көмектеспеді, үшіншісі бәрін білсе де жасырды. Заңның әділ үкімі осы қараң­ғылықты сейілтуі тиіс. Әділдік жеңісі орнау керек. Үш қылмыскер де жазасын толық көлемде алуы керек!  Назар  қойып  тыңдағандарыңызға  рақмет!».

Бұл сөздерден кейін Абылай сот процесін ары қарай көре алмады, тіпті, көргісі келмей теледидарды өшірді де ойға қалды. «Жеңіс дейді… Соқыр заң өз шешімін шығарды, үшеуінің де қолына кісен түсті. Бірақ, бұл жеңіс емес пе? Жоқ… Бұл жеңіс емес сияқ­ты. Бұл біздің қоғамдағы адами қатынастардың тас-талқан болып жеңілгенінің ресми құжаты ғана сияқты.

Сот үстелі үстінде жатқан том-том ісқағаздарында тек айғақтар емес, Ләйланың телефонның әрбір пернесін басып, Самалдың жанын бөлшектеп жатқандағы суық күлкісі, директордың мектеп пен өзінің беделін ойлап, бөлмесінде тығылып отырғандағы қорқақтығы, әріптес мұғалімнің Самалдың сөніп бара жатқан жанарын көре тұра, тасбауырлыққа барғаны жатыр. Олардың әрқайсысы Самалдың мойнына ілінген жіптің бір-бір  ұшынан  тартып  тұрды.

Біз қашаннан бері мына соқыр экранның, жылтыр телефондардың құлына айналдық? Көз алдымыздағы тірі адамның жанайқайын естімей, алыстағы белгісіз біреулердің тас атқан пікіріне табынатын қандай сорлы ұлтқа айналдық? Тоқсаныншы жылдары тоналғанда да, аштықтан қырылғанда да дәл осылай қатыгезден­беген едік қой… Енді келіп, өз баламызды өзіміз желінің ішінде  тірідей  мүжіп  жейтін  деңгейге  жеттік  пе?

Міржақып Дулатов атамыз заманында «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, өткізбей қараңғыда бекер жас­ты» деп шырқырап, тұтас халықты ұйқысынан оятуға ұмтылып еді. Ол заманның қараңғылығы – надан­дық пен сауатсыздық еді, оны оқумен, көкіректі ашумен емдеуге болатын. Ал бүгінгі заманның қараң­ғылығы мүлдем басқа, әлдеқайда қорқынышты… Бүгін­гі  қазақтың  көзі  ашық,  көкірегі ояу, бірақ  жүрегі  мұз   болып  қатып  қалған  тәрізді.

Міржақып атамыз бүгінгі күнді көрсе не дер еді? Телефонн­ың артына тығылып алып, бір-бірін тірілей мүжитін, желіде жабылып жүріп жазықсыз қызды өлім­ге айдайтын мына безбүйрек ұрпақты көргенде қалай күңіренер еді? Технологиямыз дамып, әлемді уысы­мызда ұстаған сайын, адамдығымыз құрдымға кетіп бара ма, қалай? Көзіміз оянғанымен, мейіріміміз ұйық­тап қалған емес пе? Самалды жұтқан сол мейірім­сіз­діктің, тас  қараңғы қатыгездіктің  құрдымы емес пе?».

Қалтасындағы телефон қоңырауы шыр етті. Оның ұялы телефон экранына қарауға жүрегі дауаламай тұр. Тағы кім? Тағы қай жерде интернеттің артына тығылған құбыжықтар кезекті құрбанын аңдып отыр?

«Бұл папка, бұл іс те мұрағатқа өтер. Бірақ Самалдың  ең соңғы «Маған рұқсат бер» деген сөзі менің өмір бойы ойымнан шықпас, сірә. Біз заңды орындадық, бірақ  адамдықты  сақтай  алмадық.  Құдай-ау,  біз…».

…Абылай департаменттен шығып үйіне беттегенде қаңтардың ызғарлы желі көше бойына жарық төккен электр шамдары бағаналарын теңселте қозғап тұрған еді. Мына пенделердің бір-біріне деген жауыздығын, іштарлығын жасырғысы келгендей қыламықтап қар жауды. Қарды ұшыра қатты соққан желден электр желісі сымдары ызыңды уілге басқан. Таусылмайтын бір мұңды әуен. Бейне табиғат та сыңсып жылап тұрғандай…

Бекмухамбет  ӘБДРАСУЛЛАЕВ.

(Соңы. Басы өткен санда.)

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: