Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арыс апатының 448 томдық соты басталды

12.06.2020, 10:30 547

HALYQLINE.KZ Арыстағы оқ-дәрі қоймасында болған алапат жарылысқа қатысты сот отырысы басталды. Айыптылар орындығында Қорғаныс министрлігінің бір топ қызметкері бар. Оларға әскери қызметіне салғырттық таныту, оқ-дәрі пайдалану мен оны қолданудағы талаптарды сақтамау, сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу секілді бірнеше айып тағылған, – деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Процесске тоғыз жолдың торабындағы 1500-ға жуық азамат жәбірленуші ретінде шақыртылыпты. Алайда, оның бірқатары алғашқы отырысқа қатыса алмады. Анығын айтқанда, әскерилер ішке кіргізбеді. Бұл туралы хабарлайды.

Арыстағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылысқа 16 адам айыпталып жатыр. Көпшілігі Қорғаныс министрлігі мен әскери бөлімшелерде қызмет еткен лауазымды офицерлер. Бұған дейін белгілі болғандай, оларды 25 адвокат қорғамақшы. Процеске 1500-дей азамат шақыртылған. Барлығы жәбірленушілер. Адам саы көп болғандықтан, отырысты Шымкент әскери гарнизоны сотының ғимаратында емес, Қорғаныс министрлігінің құрамындағы әскери бөлімнің аумағында өтетін болды.

Атышулы іске қатысушылар қарасы өте көп. Көпшілігі жарылыстан зардап шеккендер. Оларды Шымкенттегі әскери бөлімде сот процессі өтеді деп алдын-ала шақыртқан екен. Алайда, сонау Арыстан таксилетіп келген 100 шақты адамды «тізімді жоқ» деген сылтаумен ішке кіргізбей қойды.

Нұрипа Айтуғанова, Арыс қаласының тұрғыны:

«Енді тізімде жоқ деп жатыр ғой, кіргізбей жатыр. Қалай кірем мен енді, кіргізбесе. Балам болса, инвалид ауру».

70 жастағы Халима апа бүгінгі сот отырысына арнайы келіпті. Жарылыстан баспанасы жарамсыз болып қалғанын айтады. Ақтөбелік шенеуніктер үйін толық қалпына келтірместен, кетіп қалғанына ашулы. Шаңырақтың бүлінгені былай тұрсын, 6 жастағы немересінің денесіне жара басып кеткенін, дүрс еткен дауысқа елеңдеп, үрейі ұшып жүретінін жылармен күйде жеткізді. Осының барлығын судьяға айтып бермекші болған. Бірақ, кейуана да ішке кіре алмады.

Халима Айтбаева, Арыс қаласының тұрғыны:

«Үйімізді түсірді де кетті, сол күйі әумин болды. Жоқ болды. Содан 100 мыңнан ақша берді ме, соны алдық та өзіміз жамадық».

Сот процессіне тілшілер қауымы да кіре алмады. Алдын ала Шымкент гарнизоны әскери сотының төрағасына отырысты ашық әрі жариялы түрде халыққа жеткізу үшін ресми хат жолданғанымыбен, нәтижесіз болды. Бірде-бір әскери қызметкер, не болмаса сот кеңсенінің мамандары жағдайды түсіндіре алмады. Амалсыз, процесті сырттай бақылауға тура келді. Ал, жарылыстың болғанына бір жыл өтсе де, бірқатар кәсіпкерлер қираған нысандарын қалпына келтіре алмай жүргендерін айтты.

Мұхамеджан Сапарханов, кәсіпкер, Арыс қаласының тұрғыны:

«Қазіргі уақытқа дейін 63 кәсіпкер ғимараттары қирап жатыр. Сол 63 кәсіпкердің ғимаратының бірі менде тұр. Қирап, жарамсыз қалған. Бір тиын ақша алмаған. Қанша уақыт жүреміз енді? Айналып, сот аралып кеттік енді».

Кәсіпкер Мұхамеджан Сапарханов жарылыстан үйі қирап қалғанын айтады. Бір жылдан бері баспанасы жөнделмеген соң, туған-туыстарының үйін жағалауға мәжбүр екен.

Мұхамеджан Сапарханов, кәсіпкер, Арыс қаласының тұрғыны:

«Қазір үйіміздің тірлігімізбен келіп отырған жағдай мынандай болып жатыр. Списокте жоқсыз. Бұл қалай? Шақырады, списокте жоқсыздар. Үйімді көрсеңіз, ішіне кіріп отыруға қорқасыз».

Ашық аспан астында күнге қақталып, ішке кіре алмаған тұрғындар ендігі сот процесінің Шымкентте емес, Арыс қаласында өтуін талап етіп отыр. Сондай-ақ, қираған үйлері мен нысандарды қайта қалпына келтіріп берсе болғаны дейді. Ал, 448 томнан тұратын істің қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз.

Айта кетейік, Арыс қаласында оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс былтыр 24 маусымда болған еді. Соның салдарынан 3 адам қаза тауып, ондаған жан жарақаттанған. Мыңдаған үй бүлініп, тұтас Арыс халқы, яғни 45 мың тұрғын Шымкент пен көрші аудандарға көшірілген болатын.

Материалға көрнекі фото пайдаланылды

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: