Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мобилография – жаңашылдық һәм өнер

13.09.2022, 12:30 570

HALYQLINE.KZ

Сурет – бұл естелік. Ал, фотограф – өнерлі адам. Жалпы, өмірге келгенде кей адамдар тума талантпен келген соң, көп қалауына тез жетеді. Алайда кейбірі біраз жылғы еңбектің арқасында ғана таудың шыңын бағындыра алады. Содан 1% талант, 99% еңбек деп айтатынымыз бар. Бір нәрсеге үздіксіз машықтану оң нәтижесін беретіні айқын. Сол сияқты фотограф үшін бұл өте маңызды. Өмірде көзбен көрген оқиғалар суретте басқаша көрініс табады. Бұл – фотографтың қабілеттілігі. Қазіргі кезде фотографтан бөлек, мобилограф деген ұғым шықты. Кез келген адамның қолынан келе бермейтін бұл істің түрі бара-бара мамандықтар қатарына кіруі әбден мүмкін. Өйткені сурет, видеоны әртүрлі ракурстан түсіріп қана қоймай, монтаж жасап, өзінше бір үн қосумен көлденең жатқан көк атты айналыса алмайды. Жастардың дені басшысы жоқ, еркін жұмысқа қызығатыны рас. Сондықтан жастардың қала әкімі Асылбек Шәменовпен кездесуі барысында бүгінгі буын отандық танымал мобилограф Қыран Талапбекті қала күніне шақыртып, семинар-тренинг өткізіп қана қоймай, жастар арасында байқау өткізуді ұсынды. Әкім ұсынысты құптаған еді. Жалаң сөз, жаттанды дүниеге қалдырмай, «уәде – Құдай сөзі» дегендей шаһар басшысы жастардың дегенін орындады. Сонымен, Қызылордада алғаш рет жастардың сұранысы негізінде қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Менің сүйікті қалам» атты республикалық мобилографтардың фестивалі өткізілді.

Іс-шарада елімізге танымал мобилограф, режиссер Қыран Талапбек және «Kyran Films» ұжымы жиналған жастармен өздерінің бұл салаға қалай келгені жайында һәм мобилография саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Отандық мобилографтың айтуынша, алғашқы істеп жатқан ісі алаяқтың тірлігі ретінде көрінген екен. Ең алдымен, суретке түсіруді ұнатып, артынша видеоларға көшкен-ді. Барлығын телефонның көмегімен жасаған ол алғашқы табысы мектептегі кішігірім іс-шарада видео түсіру арқылы табыс тапқанын айтты. Сонымен қатар, жаңа мүмкіндіктер сыйлаған сала жайында бүй деді.

– Біз бұл саламен табыс табудың жолын аштық. Үш жылдың көлемінде 50 мыңнан астам адам осы саланы толықтай меңгерді. Біз толығымен ойын ережесін өзгерттік. Нарықты да өзгерттік. Маркетинг, Instagram, Tik-Tok барлығы видео-контентке мұқтаж. Сол үшін мобилографтарға қоғам тәуелді. Орта және кіші бизнес өкілдері мобилография саласын меңгеруге көшті. «Kyran Films» ұжымының мүшесі көбейе түсті. Біз тек Қазақстанды емес, шетелді бағындырдық. Оқушыларымыз Дубай, Ташкент, Мәскеу, Сеул, Стамбул сияқты қалаларға көшіп, нарықтың алдыңғы сапта тұрған компанияларында қызмет атқаруда. Мыңдаған адам жаңа саланың көмегімен өз өмірлерін жақсы бағытқа өзгертті. Майкл Джексон музыканы ойлап тапқан жоқ, Мұхаммед Әли боксты ойлап тапқан жоқ, ракеталарды шығарған Илон Маск емес және біз де мобилографияны шығарған жоқпыз. Біраз біз де осы тұлғалар секілді өз ісімізде ең мықтысы болу үшін тоқтамай жұмыс істеудеміз, – деді Қыран Талапбек.

Жаңа сала болса да, бәсекеге қабілетті болуың керек. Себебі күннен-күнге идеясы сан қилы видео түсірушілер саны артуда. Көбі – Қыран Талапбектің шәкірттері. Мобилография фестиваліне келген қызылордалық Ардақ Бақыт есімді жас мобилограф өзінің бұл саладағы қадамы мен ұстазынан алған білімі жайында толығырақ тарқатты.

– Инстаграм әлеуметтік желісінде отырған кезімде бір жарнамалық роликке көзім түсті. Ол видео мобилография жайында болды. Бірақ бұл сала сол уақытта қарқынды дамымаған еді. Оның үстіне әлеуметтік желідегі жарнамалар алаяқ секілді көрінетін. Алайда сол видео мені қатты қызықтырды. Тәуекелге бел буып, курсты сатып алып, 5 ай көлемінде білім алдым. Содан алған білімімді жетілдіріп, тапсырыстармен жұмыс істей бастадым. Мобилография өмірімді күрт өзгертті. Жаңа таныс, дос, әріптес таптым. Әрбір күнім кешігеден ерекше өтуде. Шүкір, Қыран Талапбек ұстазымнан алған білім кәдеме жарады. Бүкіл арман-мақсаттарым өзгеріп, өмірге басқаша көзқараспен қарай бастадым. Менің айтарым интернеттегі курстар алаяқ емес, тек шынайы ниетпен кіріп, білім алсаңыз, мол мүмкіндік береді. Бұған қоса, студенттер тек университет қабырғасындағы біліммен шектелмей, мобилография, СММ, таргет, маркетинг деген жаңа саланы қосымша меңгеруге кеңес беремін, – деді ол.

Фестиваль аясында облыс көлемінде байқау өткізілді. 70-тен аса қатысушыдан 100-ден аса өтінім түсті. Қатысушылардың басым бөлігі Қызылорда қаласынан, сондай-ақ Арал, Қармақшы, Жаңақорған, Жалағаш аудандары мен Алматы қаласынан да жастар бағын сынауға келді. Қатысушылар қала күніне орай, «Менің сүйікті қалам» тақырыбында қала туралы креативті бейнероликтер түсірді. Байқауда әділқазылық еткен Қыран Талапбек пен «Kyran Films» ұжымы жастарға сыни көзқарасын білдірді. «Көбі бір-біріне ұқсас, сәл ерекшелік пен тарихты ұштастырғанда жақсы шығар еді» деп айтты. Дегенмен, мықтылар да жоқ еместігін алға тартып, жеңімпаз таза жеңгенін жеткізді. Ал, байқау жеңімпаздары «Қала күні» мерекесінің салтанатты ашылуына арналған гала-концертте анықталып, қаржылай сыйақылармен марапатталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: