Қазақстандағы барлық мемлекеттік орган QazTech бірыңғай цифрлық платформасымен жұмыс істей бастады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Президенттің жасанды интеллектіні енгізу және мемлекеттік қызметтер саласын қайта құру жөніндегі тапсырмалары аясында іске қосылған платформа биыл 1 сәуірден бастап жұмыс істейді. QazTech жаңа қызметтерді әзірлеу мен қолданысқа енгізу мерзімін бірнеше жылдан бірнеше аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
«Үкімет қолданыстағы жүйелерді QazTech платформасына көшірудің екі жылдық жоспарын бекітті. Жүйелердің қайталануы жойылып, ескірген жүйелерді пайдалану тоқтатылады. Биыл 39 жүйені көшіру жоспарланған. Оның 36-сы бойынша жұмыстар аяқталу сатысында. Жоспардан тыс тағы 25 жүйені көшіру және әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір 10 ақпараттық жүйе платформада толыққанды жұмыс істеп тұр. Жұмыс жоспардан озық қарқынмен жүргізілуде. Бүгінде барлық мемлекеттік орган QazTech платформасымен жұмыс істейді», — деді Жаслан Мәдиев.
Мемлекет басшысының Жарлығымен QazTech платформасынан тыс мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізілді. Енді жаңа цифрлық қызметтер мен ақпараттық жүйелер бірыңғай платформа негізінде әзірленеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!