Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, Harvest Agro компаниясының агроиндустриалды кластерін құру жобасының бірінші кезеңін іске қосу және алғашқы дән себу рәсіміне қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оған Harvest Kazakhstan серіктестігінің бас директоры Дәулет Увашев, Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов, Жамбыл, Түркістан облыстарынан арнайы делегация, аудан әкімдері мен өңірлік қаржы және даму институттарының, шаруашылық құрылымдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары келді.
«Президентіміздің қолдауымен облыстың егін шаруашылығын әртараптандыруға, су ресурстарын үнемдеу технологиясын кеңінен енгізуге алдағы үш жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Биыл осы мақсатқа 10 млрд теңге қарастырылды.
Бұл – Мемлекет басшымыздың Сыр диқандарын ерекше қолдауы. Су ресурстарының азаюы бұрынғы дағдыларды қайта қарауды, табиғатпен үндес, үнемшіл әрі тиімді жолдарды таңдауды талап етті.
Бүгінгі бастама – жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын, өңіріміздің экономикалық әлеуетін, халықтың әл-ауқатын арттыратын стратегиялық маңызды қадам.
Жобаны жүзеге асыруға бастамашы болып, зор үлес қосқан инвесторларға тағы да шынайы алғысымызды, зор ризашылығымызды білдіреміз. Зауыт құрылысының сәтті аяқталуына, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуіне тілектеспін», — деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Рәсімде облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлы, Harvest Agro серіктестігінің басшысы Дәулет Нұрланұлы сөз сөйлеп, ел ағасы Биғали Әбдікерұлы батасын берді.
Агроиндустриалдық кластер құру жұмыстарын сапалы жүргізіп, жобаның жүзеге асуына үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кету керек, жобаның бірінші кезеңінде 8,7 мың гектар суармалы жерге жүгері, екінші кезеңінде 32 мың гектарға жүгері, соя, техникалық қарасора егіліп, 68 млрд теңгеден астам қаржыға дақылдарды терең өңдейтін жаңа өндіріс орны ашылады. Зауыт заманауи жоғары сапалы технологиялармен жабдықталып, 140 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
Жоба ауыл шаруашылығын дамытуға, суармалы жер көлемін ұлғайтуға және өңделген өнім экспортын арттыруға бағытталған. Қазір 30 мың гектар жер игерілуде, ал алдағы уақытта бұл көрсеткішті 300 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Егін өсірумен қатар, өнімді өңдеу, сақтау, тасымалдау және өткізу біртұтас жүйе ретінде дамытылады.
Бүгінде негізгі инфрақұрылым жұмыстары қарқын алған. Қараөзектен суару арналары тартылып, 142 жаңбырлатқыш қондырғы орнатылуда. Бұл су ресурстарын 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Егіс алқаптарын бақылау және басқару үшін цифрлық жүйелер, жасанды интеллект элементтері енгізілуде. Алғашқы кезеңде 80 мың тоннаға дейін жүгері өнімін алу жоспарланған. Бұл – елімізде ірі агроөнеркәсіптік кластер қалыптастыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!