Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үйлену тойында орыстар неге «горько» деп айғайлайды?

01.10.2021, 9:15 934

HALYQLINE.KZ

Осы сұрақтың жауабын осы күнге дейін мен де білмеуші едім, біздің кезімізде де үйленгенде «ащы» деп айғайлайтын едік, Құдай қалап совет өкіметі тарап кетпегенде біз де балаларымыздың тойында «ащы» деп айғайлап отыратын едік. Әйтеуір бір жаратушымыз сақтап қалды. (Жаман әдет ауру сияқты жұқпалы ғой).

Орыстар той үстінде жас жұбайларға жақсы тілек айтқанда неге «тәтті» (сладко) деп айтпай, неге «ащы» (горько) деп айғайлаған?

Біріншіден, олар да ата-баба дәстүрі бұзылып, «горка» сөзі «горькоға» айналып кеткен.

Орыс халқы күзде егін мен малға жем-шөбін жинап, қысқы отынын да дайындап алғасын үйлену тойды қыс түсе бастайтын болған.

Себебі, қыста үш атқа шана жегіп «тройкамен» қыдырып, аққала бекініс жасап, құдалар қармен атысып, сырғанақ теуіп, тойдың «көрігін» қыздыратын болған.

Қыздың үйіне құда түсіп барған соң, қайтар кезде өздерінің болашақ күйеу баласының күші мен ептілігін «горкамен», яғни сырғанақпен сынайтын дәстүрі болған.

Ол үшін күні бұрын үйден қашықтау жерге қарды үйіп, үстіне су құйып қатырып горка-сырғанақ жасаған.

Қалыңдықты алып кетер кезде сырғанақтың басына қыздарын отырғызып қоятын болған. Күйеу бала сол сырғанаққа көтеріліп қалыңдықтың қолынан ұстап, төмен қарай бірге сырғанап түсіп, қалыңдығын «тройкаға» мінгізіп алып қайтатын болған.

Сырғанаққа көтерілу оңай болмаған, кейде жетіп қалғанда қайта төмен қарай домалап кететін болған, қайтадан көтеріліп қазақша айтқанда «қан-сорпасы» шығатын болған.

Сол кезде тойға жиналған екі жақтың адамдары да жігітті қолдап «горка» «горка» деп айқайлаумен болған.

Үйге келгесін әр тілек айтқан адам да «горка» деп айғайлап жас жұбайларды сүйістіретін себебі, сүйген кезде олардың бойына жын-шайтан жоламайды деп есептеген.

1917 жылы большевиктер билік басына келді, 10 жылдан кейін 1927-1928 жылдары ұжымдастыру басталды, орыс шаруаларын күштеп колхозға кіргізуі орыс шаруасының тұрмыс жағдайын нашарлатып жіберді. Бір аптаға созылатын той көзден бұл-бұл ұшты, колхоз жұмысына жегілген орыс шаруасы таңнын атысы мен батысына дейін құл сияқты еңбек етті.

Той да өзгеріске ұшырады, тост айтқан адам ішкен самогонының ащылығын мақтап, «Горько» деп айғайлайтын болды. Сол кезде жас жұбайлар орындарынан тұрып бір-бірін сүйетін болды. Осылайша «горка» сөзін, ауыр тұрмыс «горькоға» айналдырып жіберді.

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

тарихшы,

журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: