Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«СУҒА БАТҚАНДАРЫҢДЫ ҰМЫТЫҢДАР!». Тірі қалған 104 теңізшіге осындай бұйрық берілген болатын

08.10.2022, 10:00 332

HALYQLINE.KZ

1983 жылдың 24 маусымында бірінші рангалы капитан Николай Суворов басқаратын К-429 «Скат» қанатты ракетасы бар, атомдық сүңгуір субмаринаның теңізге шығатын реті келмеген еді. Аяқ астынан жоғары басшылықтың есіне торпедалық ату жоспары орындалмағаны түсті. Сүңгуір субмарина командасын кезекті демалыстарынан, кейбір теңізшілерді басқа кемелерден шақыртып алады. Штат бойынша 87 адамның орнына 120 адам жасақталып, жағадан асығыс түрде аттандырылды. Сүңгуір кеменің суға батуына техника емес, адамдардың жауапсыздық енжарлығы себеп болып шықты. Камчатканың Саранная бухтасынан аттанған сүңгуір кеменің герметикасы тексерілмеген болып шықты, кеменің ашық қалған желдеткіш люктерімен суға сүңги бастады. Төртінші секциядан люк арқылы теңіз суы үлкен қысыммен бірден құйылғанда қатардағы матрос Владимир Лещук кемеге су кірді деп хабарлап үлгіреді. Секция люкі апат кезінде автоматты түрде ашылмай қалатын еді. Секциядағы 16 теңізшіні бұдан былай ешкім көрген жоқ. Жағадан сәл ұзаған кеме 40 метрлік тереңдікке бірден батып кетті, борттағы жарық бірден өшіп, жермен байланыс үзілді. Радио-белгі беретін аппарат қауіпсіздік ережеге мүлдем болмайтындай қабырғаға қосылып дәнекерленіп тасталыныпты. Апаттық жағдайда шығатын люк сырттан тағы да қауіпсіздік ережеге келмейтіндей сыммен байланыпты. Ашық қалған люк қақпағы үшін бүкіл құрама мүшелерінің жалақысының бір бөлігі қиылып тасталатын. Сондықтан қақпақ сыммен ашылмастай етіп тасталған болып шықты. Кеменің суға батқанын хабарлау үшін тағы да ережеге қарсы торпедалық ракета қолмен жылжытылып, ол шығатын люктен мичмандар М.Лестник және Н.Мерзликин шығарылды. Қалқымалы матрацтағы екеуін қайта шекарашылар байқап қалып құтқарды. Қалған теңізшілер де осы тарпедо шығатын жерден бір-бірлеп шығарыла бастады. Кеме ішінде ахуал шиленісті. Бірінші болып кемедегі партия ұйымының хатшысы болып шықты. Ол «мені бірінші сыртқа шығарсаңдар, партия бұл ерліктеріңді ұмытпайды әрі қаза тапқандардың отбасыларын қамқорлыққа алады» деді, жаны тәтті партком. Осы жерде қазалылық жерлесіміз Талант Әмитжанұлы Бөріқұлақовтың ерлігі еске түседі. Өзі бірінші рангалы капитан болса да, тап осындай К-278 «Комсомолец» атом сүңгуір субмаринасы суға батқанда қатардағы матростарды сал үстіне шығарып, өзі салға асылып тұрып мұхит суынан үсіп кеткендіктен қаза тапқан болатын.

Адамдары тезірек құтқару үшін екінші торпеда сыртқа атылды да, ашық люктен адамдар сыртқа шығарыла бастады. Жалғыз парторгтан басқалары сабырлық сақтады. Барлығы құтқарылып, ең соңында қалған мичман В.Баевқа СССР Әскери Теңіз Флотының Бас командашысы торпедалық екі секцияға су толмаса екен, осы тапсырманы орындаған адамға Совет Одағының батыры атағы берілетіндігі жеткізілді. Мичман Василий Баев 6 сағат бойы арпалысып тапсырманы орындап шықты, басы темірге соғылып ауыр соққы алғандықтан есінен танып қалды. Құтқарушылар мичманды әрең дегенде аман алып шықты. Тірі қалған теңізшілер арнаулы санаторийге демалуға жатқызылып, 200 сом сыйлық ретінде берілді, әрі қарулы күзет бекітіліп, ешкімді ауладан шығармады. Күзетшілер 20 күн бойы аман қалған теңізшілердің стрессін басу үшін жақын жердегі поселкеден арақ тасумен болды.

Болған апатқа байланысты кеме командирі Николай Суворов 10 жылға, қорқақ парторг Борис Лиховозов 8 жылға сотталды.

Тірі қалған 104 теңізшіге: «Суға батқандарыңды ұмытыңдар!» деген ауызша бұйрық беріліп, болған апатты жарияламау туралы бәрінен қолхат алынды.

Ержүрек мичман Василий Баевтың тағдыры қайғылы аяқталды. Уәде берілген Совет Одағының батыры атағының орнына «Қызыл Жұлдыз» ордені берілгесін, әділдік іздеп жоғары жаққа арызданған болатын, көп ұзамай оны күшпен жындыханаға жатқызды. Кейін жандыханадан шыққасын басына тиген зақымы асқынып қайтыс болды. Камчаткадағы Вилючинск жабық қаласының құрметті азаматы деген атақ қана берілді.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: