Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Репрессияға ұшыраған ұстаз

30.05.2021, 11:00 678

HALYQLINE.KZ

31 мамыр – Cаяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Ырзахан Жәлімбетов 1908 жылы Қазалы ауданындағы №16 ауылда, қазіргі Ақтан батыр ауылында дүниеге келді. 1921 жылғы аштықта әкесі мен анасынан айырылды, өзінен екі жас үлкен ағасы Жұмахмет екеуі Қазалы қаласындағы жетімдер үйіне қабылданды. Бала кезінен ән-күй мен биге бейім болып өсті. 1922 жылы Қазалыға бүкіл Түркістан өлкесінің комсомол жетекшісі Ғани Мұратбаев келгенде, осы жетім балалар үйіне соғып өзіне ұқсас Ырзаханның бұйра шашынан сипап: «Өнерлі бала екенсің, сені өзіме бала қылып алатын шығармын» деген болатын, бұл кез Ғанидың Бақытжан Құрманбаеваға үйленгенмен балалы болмай жүрген кезі еді, кейін Ырзахан өзінен 6-ақ жас үлкен Ғанидың сол кезде 20-да екенін білді. Жалындаған жастар жетекшісі небәрі 23 жасында қайтыс болғанын қазір екінің бірі біледі.

Қазалыдағы мектепті бітірісімен Шымкент қаласындағы ауылшаруашылық техникумында оқыды, одан соң білімін әрі қарай жалғастыру үшін 1934 жылы жаңадан ашылған қазақтың тұңғыш университетіне оқуға түсті, алайда науқастанып қалып, Қазалыға қайтуға тура келді. 1935 жылдан бастап қазіргі №70 мектеп, ол кездегі Орынбор теміржолына қарасты №67 мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып қызметке тұрды. Мектепте бастауыш комсомол ұйымының жетекшісі бола жүріп, жастардың басын құрап оркестр құрып, өзі жетекшісі әрі дирежері болып ауылдарды аралап концерт бере бастайды. Өнерлі Ырзаханның есімі елге белгілі бола бастайды.

1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвада өтетін онкүндігіне Қызылорда облысынан өнерпаздар іріктеле бастағанда 14 адамның бірі болып қабылданып, белгілі әнші әрі жырау Нартай Бекежановтың басшылығымен сол кездегі одақтың астанасына сапарға барды. Москвада Кремль Сарайында КСРО басшысы И.В.Сталин бастаған Саяси Бюро мүшелері алдында Нартай мен Ырзахан сырнаймен ән салып тамсандырған болатын. Осы концертте Қаныбек пен Күләш Байсейітовтар, биші Шара мен Құрманбек Жандарбековтар да өнер көрсеті. Осы онкүндік барысында әнші Күләш 24 жасында КСРО Халық артисі атанып қайтты. Сапар барысында Ырзахан Жәлімбетов Нарком Т.Жүргеновпен, жыр алыбы Ж.Жабаевпен, классик жазушылар С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсіреповпен дәм-тұздас болды.

Москва сапарынан үлкен шабытпен оралған Ырзаханның алдына қойған мақсаты да үлкен еді, алайда жазықсыз жабылған жала арманының быт-шытын шығарды. 1937 жылы Қиыр Шығыс өлкесіндегі корейлер Қазақстанға күштеп қоныс аударылды, солардың алдыңғы легі Қазалыға да келген болатын.Сол кезде қазақтар арасында: «Кәрістер итті ғана емес, жас баланың да етін жейді екен» деген қауесет тарап кетті. Бастауыш сынып мұғалімі Ырзахан Жәлімбетов бұл жалған ақпар, кәрістер де өзіміздей адамдар, ешқандай да адам етін жемейтіндігін айтқанмен, бойларын қорқыныш билеген балаларды сабақтан соң үйлеріне жеткізу үшін, мектеп директорының орынбасары Әли Рысдәулетовтан рұқсат сұрайды, ол келісім береді, бар жазығы осы. Көп ұзамай «мектеп завучы Ә.Рысдәулетов пен мұғалім Ы.Жәлімбетов ел арасына іріткі таратып, ел тыныштығын бұзып нағыз тап жауларының әрекетін жасап жүр» деген арыз бойынша, екеуі де дереу тұтқынға алынып, мектептің іргесіне жақын орналасқан Счастнов №13 ғимаратында орналасқан НКВД тергеу изоляторына қамалды. Әли мен Ырзаханға «қауесетті тараттым» деген айыптарынды мойындарына алыңдар деген қысым көрсетіледі, одан нәтиже болмағасын күш қолданылып азаптаудың көптеген түрлерін бастарынан өткізеді. Тергеу жылдан асқасын Әлидің келіншегі әділдік іздеп жан-жаққа арыз жаза бастайды, жауап болмағасын Орынбор қаласындағы НКВД-нің Басқармасына барып шағымданады, көп ұзамай тексеретін арнаулы өкілдер келіп ақ-қарасын анықтайды. Сол кезде арыз жазған адам да анықталды, ол мектеп директоры Г.Ф.Муликов болып шықты. Қазақтың «татар бар жерде, катер бар» дегені рас болып шықты. Ырзаханның қазақ өнер қайраткерлерімен 1936 жылы мамыр айында Москвадағы декадаға қатысып келуінен туған қызғаныш еді, оны өзі де байқап жүргенімен директор үстімнен НКВД-ға арыз жазады деп ойламапты да. Арыз жазған татар Г.Ф.Муликовтың өзін қамап, тергеп болған соң ісін сотқа беріп, Магадан облысына жазасын өтеуге жіберілді. Сол кезде НКВД-да адал қызметкерлер де болған-ау.

НКВД-дан інісін шығарып алуға ағасы Жұмахмет келеді, 18 ай бойы жалғыз адамдық терезесі жоқ қараңғы карцерде жатқан Ырзахан күн көзіне шықканда көзін қараңғылық басып құлап қалған екен. Өз-өзіне келгесін мектептегі қызметіне қосылды. Сотталып кеткен директордың орнына Әли Рысдәулетов директор болып 1943 жылға дейін істеп, Қызылордаға шақырылып, облыстық білім басқармасының басшысы болды.

Ырзаханның өмірінде тағы бір елеулі оқиға КСРО халық артисі Роза Бағылановаға ән сабағынан дәріс беруі еді, сырнаймен сүйемілдеп Розаға ән айтуға талай рет машықтырғаны босқа кеткен жоқ, 1939 жылы мектепті бітірген жылы «Роза, сенен келешекте жақсы әнші шығады, бұл өнерінді тастап кетуші болма» деуі болашақ әншіге бағдаршамдай әсер еткенін, 1961 жылы мектепке ұстазы Ырзаханды арнайы іздеп келгенде Роза Тәжібайқызы осы сөзін есіне түсіріп айтқан болатын. Сол жылы ұстазын Алматыға қонаққа шақырды, жаз айында еңбек демалысына шыққасын әйелі, жиен қарындасы Зерхан мен қызы Қаламқасты ертіп барып бір аптадай қонақ болып қайтады. Кейін Қазалыға концерттік сапармен келген сайын, алдыңғы қатарға ұстазы Ырзахан ағайын отбасымен отырғызып қоятын. Ырзахан ағай ол кезде қазіргі Желтоқсан көшесіндегі екі қабатты қазына үйінде тұрғандықтан, пәтер тарлығына байланысты үйіне шақыра алмағанына қатты қапаланатын. Розаға «бір өзің қонаққа кел» деп айта алмайды, қасында концерттік труппасы бар болатын, шақырған жерлерге ерітіп жүретін.

1941 жылы Қанбибі екеуі отау құрды, 1942 жылы тұңғыш ұлы Мырзахан дүниеге келгенде соғысқа шақыру қағазын алды. Фашистік Германия мен милитаристік Жапонияға қарсы соғысқа қатысады, 1947 жылға дейін Манчжурияда әскери қызметте болып Қазалыға келеді, дүниеге екінші ұлы Нұржан мен қызы Қаламқас келеді. 1947-1968 жылдыры өзінің мектебінде ұстаздық етіп, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алды, ұжымдастары үлкен құрмет көрсетіп зейнеткерлікке шығарып салды. Қызы, теміржол саласының еңбек ардагері Қаламқастың айтуына қарағанда Ырзаханды халық жақсы көріп, өз отбасындағы той-томалаққа арнайы шақырып отырған. Сол кезде өзімен бірге бір мектепте қызмет істеген әріптесі, бүкіл Сыр бойына танымал күйші Қобылаш Жаймұратов екеуі егіз қозыдай шақырған жерден қалмайтын еді дейді. Қобылаш мандолинде, Ырзахан сырнайда ойнап ән салып, кез келген тойдың сәнін келтіретін болған.

Түрмедегі азапты күндері абзал азаматтың денсаулығына орны толмас жан жарасын қалдырғандықтан болар жүрегі сыр беріп жүрді, зейнеткерлікке шыққанан кейін 3 жылдан соң 1971 жылдың желтоқсанында 63 жасында үлкен жүрегі тоқтады.

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

тарих пәні мұғалімі,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Суретте: 1937 жыл, 15 жастағы Роза Бағыланова ақ көйлек, пионер галстук таққан, сол жақта бірінші болып түргеліп тұр, ұстазы Ырзахан Жәлімбетов үстіне китель киім киген, ортада отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: