Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанды басқарған Понораменко несімен есте қалды?

16.04.2024, 8:35 96

HALYQLINE.KZ

Қазақстанды екі жыл басқарған Пантелеймон Кондратұлы Пономаренко 09.08.1902 жылы Кубанда дүниеге келді. 1918 жылы Қызыл Армияға алынып, азамат соғысына қатысады. 1925 жылы большевиктер партиясына өтіп, білім алу мақсатымен 1927 жылы Краснодар рабфакті, 1932 жылы Москва электр-механика институтын бітіріп, теміржол инженері болады. 1932-1936 жылдары Қызыл Армия қатарында болып, теміржол батальон командирі болады. 1937-1938 жылдары болған репрессия жоғары білімді кадрларды қынадай қырып кеткен болатын, сол себепті П.Пономаренконы Москвадағы ЦК-ға қызметке шақырады. Оның манасабының өсуіне ВК(б)-ның ЦК  хатшысы Андрей Андрейұлы Андреев пен туған бажасы Георгий Маленковтың ықпалы болып, Беларусь ССР Компартиясының бірінші хатшысы болды, бұл қызметті ол 1938-1947 жылдары атқарды. Нағыз репрессия шегіне жеткен 1938 жылдың 8 шілдесінде Гомель қаласында сөйлеген өз сөзінде Кондраттың баласы Пантолеймон: «Менің басты мақсатым – халық жауларын мейлінше көптеп әшкерелеу» деген болатын. Және Сталинге жіберген құпия шифрограммада бірінші категория бойынша (атуға) 2000 адамға, екінші категория бойынша (түрмеге және жер аударуға) 3000 адамға сұраныс сұраған. Пономаренконың жұлдызды сәті соғыс басталған соң басталды. Соғыстың басында Москваға жау тақалып қалғанда, ұнжырғасы түсіп кеткен Сталинмен оңаша сөйлесіп, Наполеон да Москваны ала алмаған, себебі, партизандық соғыс тиімді екеніне көзін жеткізді.

1941 жылы Қызыл Армия мен партизан қозғалысын үйлестіріп, жауға соққы беруге басшылық жасайды. Кейін бұл құрылым ұлғайтылып, Жоғары қолбасшының Ставкасындағы Партизандық штаб бастығы болып, генерал-лейтенант шені беріледі. Іс жүзінде Сталиннің орнын басар адам ретінде айтыла бастайды. Соғыстан кейін оның мансабы жоғарылап, СССР Министрлер кабинетінің бірінші орынбасары болып, 1952 жылдың желтоқсанында КПСС ОК Саяси Бюро мүшесі болған соң, Сталин өзінің орнын Пономаренкоға беретініне ешкім күмәнданған жоқ. Алайда Сталин өлген соң орнына әуелі бажасы Маленков келіп, сосын Хрущев болған соң, бюро құрамынан шығарылып, СССР Мәдениет министрі қылды, сосын 1954 жылы Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы етіп жіберді.

Енді бұл басшының қазақ халқына істеген жақсылығы мен жамандығын таразыға салып көрелік. Пономаренко Қазақстанға келгесін елдің тарихын, салт-дәстүрін, әдебиетін қолы қалт еткенде оқып жүрді. ХХ партия съезінен кейін Сталинді айыптау науқанына Жамбыл Жабаев та іліккен болатын. Ол бастаманы жазушы Волохов Соломон деген сұмырай бастап, «Жамбыл ақын болмаған, ол үшін өлеңдерді хатшылары жазып берді» деп соққан болатын. Қазақстан Жазушыларының ІІІ съезіндегі сөзінде Пономаренко: «Жамбылдың қайтыс болғанына он жылдай болды, енді неге сол хатшылар сондай мықты өлеңдерді жазбай жүр?» деген болатын.

Пономаренко 25 жылға сотталып кеткен тарихшы Ермұқан Бекмахановтың ісін қайта қаратқызып, түрмеден босатып алдырып, Алматыда өзінің қызметіне қайтадан тұрғызды. Қазақстаннан аман қалу үшін 1953 жылдың қаңтарында жасырын түрде түнде Москваға барып аман қалған Мұхтар Әуезовты Алматыға алдыртып, профессор ретінде ұстаздық қызметіне тұрғызып, сосын КазГУ-де кафедара меңгерушісі қылды. Сондай-ақ қудаланып кеткен ғалымдар Қажым Жұмалиев, Бисенбай Кежебаев, Е.Ысмайлов пен Б.Сүлейменевті ақтап алды. М.Әуезов сияқты Москваға барып аман қалған Қаныш Сәтбаевты Алматыға алдырып, ҚР Ғылым Академиясының Президенті қылып қайта қалпына келтірді. Д.Қонаев пен Қ.Сәтбаевтың арасындағы араздығын біліп, екеуін қайта татуластырды.

Ал, Пономаренконың қазаққа ұнамаған жері қазақтың көрнекті қоғам қайраткерлері Нұртас Оңдасыновты, Сағалбай Жаңбаевты, Мұхаметғали Сужиковты орнынан алды. 1955 жылдың 31 наурызында Д.Қонаевты Қазақстанның үкімет басшысы, Жұмабай Тәшеновты Жоғарғы Кеңес төрағасы қылады. Бұл Қазақстанда тың жерлерді игеру көлемін күрт ұлғайтқысы келген Н.С.Хрущевқа ұнамайды да, Пономаренконың орнына оның орынбасары Леонид Брежневті Қазақстан басшысы қылып тағайындайды. Бұдан кейін П.К.Пономаренко 1955-1957 жылдары Польшада, 1957-1959 жылдары Үндістанда, 1959-1962 жылдары Нидерландыда СССР-дің елшісі болды, сосын зейнеткерлікке шығарып жіберді. 1964 жылы Хрущевтің орнына Л.Брежнев бас хатшы болғанда үміт оты жанды, себебі Қазақстанның басшысы кезінде өзінің орынбасары болған Брежневке көп жақсылық істеген болатын, алайда оны Леня мүлдем ұмытып кеткен болатын. 1984 жылдың қаңтарында П.Пономаренко қайтыс болды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: