Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Орыс тілі шетелдің кірме сөздерінен арылуы мүмкін бе?

24.03.2023, 10:40 347

HALYQLINE.KZ

2023 жылдың 16 ақпанында РФ Мемлекеттік Думасы депутаттары дайындаған «Мемлекеттік тілді кірме сөздерден қорғау туралы» Заң жобасымен танысып РФ президенті В.В.Путин қол қойды. Бұл Заң күшіне 2025 жылы кіреді, оған дейін мамандар кірме сөздерге балама орыс сөзін табуы керек. Ресейге батыс елдер бірінен соң бірі санкция салып жатқанда, соған қарсы қолданылып жатқан әрекеті сияқты, яғни «сендер бізге санкция – біз сендердің сөздеріңе бойкот жариялаймыз» дегендей….

«Орыс тілін шетелдің кірме сөзінен арылтқан дұрыс па?» деген сауалнаманы ВЦИОМ жүргізгенде, ресейліктердің 59 пайызы дұрыс деп жауап берген, оның басым көпшілігі 60 жастан асып кеткендер екен.

Сонда деймін-ау, орыстар Алтын Орданың қол астында болғанда қазақтың қаншама сөзінен қалай арылмақшы? Қандай сөздер десеңізші: «базар», «башка», «казна», «караулды» қандай сөздермен ауыстырмақшы? Тіл мамандарының айтуынша, орыстардың тілдік қорында 150 000 сөз бар екен, оның 50 пайызы шетелден енген кірме сөздер екен!

І Петр патша Санкт-Петербор қаласын салып, қаланы «Еуропаға ашылған терезе» деп баға берген болса, сол терезеден орыс тіліне кірме сөздер ене бастады. Мысалы, грек тілінен: альфавит, ангел, икона, монастырь, латын тілінен: министр, цензура, диктатура, политика сөздері орыс тілінде берік орын алды. Тіпті баня, хлеб деген сөздердің өзі өзге тілден енген. Ал, «водка» деген – таза орыс сөзі, ол сөз 1533 жылғы орыс жазбаларында кездеседі.

Ал, енді орыс тіліндегі кірме сөздерден қалай арылуға болады? Ол мүмкін бе? Меніңше мүмкін нәрсе емес сияқты? Оны қалай іске асырмақшы?

Мен тіл маманы емеспін, бірақ орыс тілінен кірме сөздерді алып тастап көрейінші, қалай аталатынын сіздермен бірге көрейін:

Пальто – Зипун,

Голош – Мокроступа,

Тротуар – Топталище.

Аптека – Лекарня,

Отель – Опочивальня,

Ресторан – Едальня,

Бар – Запивальня,

Туалет – Отливальня

Унитаз – Нужник т.б.

Айтпақшы, «орыс тілі күні» деген мереке 2011 жылдан бастап А.С.Пушкиннің (атасы араб) туған күніне орайластырылып, 6 маусым күні атап өтіледі.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: