Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оның қолдары миллион доллар тұрады

27.07.2023, 12:10 197

HALYQLINE.KZ

Сергей Рахманинов әлемдегі пианистердің арасында бірден 12 ақ клавиштерді саусағымен ұстай алатын жалғыз музыкант болды. Рахманинов до ми-бемоль соль до-соль аккордын сол қолмен емін еркін ала алды. Оның қолы шынымен үлкен әрі әдемі, піл сүйегіндей аппақ еді және тамырлары көрінбейтін, пианинода ойнағанда буыны жоқ сияқты көрінетін. Оның саусағының бағасын білетін әйелі, күйеуі концертке барғанда және келгенде бәтеңкесіндегі кнопкалы түймені өзі жауып, өзі ағытатын, темір кнопка саусақ тырнағын зақымдауы мүмкін болды. Ұлы сазгер, дирижер және пианист C.Рахманинов (1873-1943 ж) совет өкіметін о баста қабылдаған жоқ, концерт қойғаны үшін берілетін большевиктердің азық-түлік карточкасын алған да жоқ, 1918 жылы шетелге эмиграцияға кетті. Ұлы пианистті Европаның барлық елі құшақ жая қарсы алды. Атақты музыкантты қай қалаға барса да, фоторепортерлер басқан қадамынан қалмайтын, бұған ол ренжіп, тіміскіленіп жүрген олардан бойын аулақ ұстайтын. Америкаға концерттік сапармен барғанда ол тілшілердің көзіне түспестен бірден ресторанға кіріп кетеді. Алайда, пианист түскі асын ала бергенде жетіп келген фоторепортерге: «Маған тамақ ішуге мұрсат берсеңіздер» деп бетін қолмен жауып фотоға түскісі келмегенін білдіргенде, олар «шырт» еткізіп түсіріп алып кетеді. Сол күні кешкі газеттің бетінде бетін қолымен жауып тұрған Рахманиновтың суреті «Оның қолдары миллион доллар тұрады» деп шықты.

Ол дүниежүзінің елдерін аралап концерттік сапарларда болғандықтан, бай адамдар қатарында болды. Бай болса да, өте қарапайым болды, көбінесе шетелдегі эмиграциядағы отандастарына қайырымдылық көрсетумен айналысты. Бастапқыда АҚШ-қа бірінші рет концерттік сапармен келгенде тілші:

– Маэстро, сіз неге қарапайым киінесіз? – дегенде,

– Мені мұнда ешкім танымайды ғой, – деп жауап қайтарады.

Кейінен атағы жер жарып тұрған кезде, тағы да келгенде, сол тілші:

– Маэстро, сіз бай адамдар қатарына жатасыз! Бірақ  неге жақсы киінбейсіз? – дегенде,

– Неге? Онсыз да мені мұнда бәрі таниды ғой! – деп жауап қайтарады.

Онымен атақты музыканттар бірге ойнауды өздеріне үлкен дәреже көрген. Атақты скрипкашы Франц Крейслер Рахманиновпен бірге Франктің сонатасын «Карнеги холлда» ойнайды. Рахманинов қалыптасқан әдеті бойынша нотасыз ойнап, ұмытып қалғанда бір жерін екі рет ойнап, есіне түскесін жалғастырып ойнап кете береді, сол кезде Крейслер партия жазылған нотаға қарап:

– Біз қай жердеміз? – дегенде, Рахманинов еш саспастан:

– «Карнеги холлдамыз», – деген екен.

Ол сөз тапқыш және әзілқой адам болатын.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: