Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Найзағайдай жарқ етіп өмірден өткен актер

23.10.2021, 11:00 377

HALYQLINE.KZ

Василий Лыкшин не бәрі 22 жас қана өмір сүргенмен, «Громовтар» сериалында Саша Громовты (Найзағаев) ойнап, найзағайдай жарқ етіп, актер ретінде жұлдызы жанып келе жатқанда сөнді. Актердің өмірбаянын оқып шыққан соң, кинода ол өзін ойнағанын білдім. Себебі, кинодағы кейіпкері Саша Громовтың өмірі Вася Лыкшин өмірімен бірдей екен.

Саша Громов бокспен айналысқасын өзіне тиісті талонын асханаға өткізіп, анасына азық-түлік әкеліп жүрсе, киноға түсіп жүрген Вася Лыкшин түнгі уақытта жүк түсіріп, інілерін асырайды.

Вася Лыкшин 1987 жылы 27 қаңтарда Москва облысы, Одинцов ауданы, Горки-2 поселкесінде дүниеге келді. Әкесі Сергей мен анасы Татьяна Лыкшиндердің үлкен ұлы Васядан басқа Павел, Валера және Анастасия есімді балалары болғанмен араққа салынып, балалары аш жүргенін көрген көршілері тиісті орынға хабарлағасын, сот шешімімен 1994 жылы 4 бала жетім балалар үйіне орналастырылады. Осы «детдомда» Вася 9 жыл өмірін өткізеді, қарындасы Настя қайтыс болғанмен анасы босанып інілі болғанын естиді. Балалар үйінің жағдайы 90-жылдары белгілі ғой, ашқұрсақ жүретін бауырлары үшін, біреудің пәтеріне тамақ үшін ұрлыққа түсіп, ұсталып қалып, милиция есебіне алынып, сот шешімімен 1,5 жылға арнаулы колонияға жіберілді.

Вася Лыкшин киноға кездейсоқ келді. Кино режиссер Светлана Стасенко өз фильміне жас актерлер іздеп жүргенде, колонияда түсірілген бейнекассетаны көріп, Вася типажын қатты ұнатып қалып, колония бастығымен келісіп Васяны киноға түсіп болғанша өз қамқолығына заңды түрде (опекунство) алады.

2004 жылы «Ангел на обочине» фильмінде, өзі сияқты қолайсыз отбасынан шыққан баланы тамаша ойнап шыққасын, арнаулы білімі болмаса да режиссерлер киноға түсіруге шақыра бастайды.

2006 жылы «Сволочи» атты кинодрамаға түсіп, бүкіл елге танылды. (Бұл кинода да бұзық жасөспірімді ойнады).

Осы кинодан соң, қандасымыз атыраулық Тимур Бекмамбетов пен алматылық Бақыт Қилыбаевтың сценарийі бойынша түсірілген «Громовтар» телесериалындағы басты ролдің біріне түсті. Фильм үлкен резонас туғызғаны соншалық режиссер Александр Баранов сериалдың «Громовы. Дом надежды» деген жалғасын түсірді. Бұл фильм кейіпкері Саша Громов пен Вася Лыкшин өмірі өте ұқсас еді, өзі-өзін ойнады десе де болады.

2008 жылы «Почтальон» фильмінде бұзық мас жас жігітті, ал «Дом на Озерной» фильмінде басты роль Юра Дедюхинді ойнады.

2009 жылы жастардың үлкен аудиториясын жинаған «Ранетки» сериалында оқушы Алексей Смирнов ролін тамаша ойнап шықты.

Өзінен 5 жас үлкен журналист Еленаға үйленіп, оның бірінші күйеуінен туған ұлы Никитаны өзінің атына жаздырып, өзі де Кира есімді қызды болды.

Ешқандай да арнаулы білімі болмаса да, ол ролдерін шынайы ойнады, оны жарқын болашақ күтіп тұрған еді…

2009 жылы Вася Лыкшин ұйқыдан оянбастан қайтыс болды, жүрек қан тамырлары, оның ақжүрегін қанмен қамтамасыз ете алмады, бауырларым аш қалмасын деп, бұғанағы қатпаған жас кезіндегі ауыр жұмыстан тапқан ауруы оны осылайша 22 жасында алып тынды.

Бақытжан Абдул-Түменбай,

тарихшы,

журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: