Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тал түсте таяқ жедім

19.04.2023, 15:10 420

HALYQLINE.KZ

Таза ауа жұтайын деп, саябаққа келген едім, қасыма бір ақ жаулықты әжей келіп отырды. Сәлден кейін әлгі қария маған бетіме қадалып бір қарады да, сұрақтарды үсті-үстіне жаудырды дейсің.

– Балам, осы бізде зиялы қауым бар ма?

– Әрине, бар.

– Шырағым, сен олай қателеспе? Өзің «супер суайт» екенсің. Қазір зиялы қауым жоқ, зиянды қауым бар, – деді әжей ашуланып.

Қабағы қатулы, жан дүниесі ашулы екен. Аяқ астынан ауыр сөз естіген мен аң-таңмын.

– Қазақтың мейірімділігі мен жомарттығы қайда?

– Қайдан білейін, әркімдікі өзінде шығар, әже, – дедім.

– Жас түгілі қазір үлкендер де жарытып кітап оқымайды. Әдемі қартайып, алдыңғы буынға ақыл айтып, жол көрсету деген сендерде жоқ, болған емес.

– Әже, түсінбедім, мұның бәрін неге маған айтып отырсыз? – деп едім, ол кісі бірден үлкен айғайға басты. Қолындағы сүйеніш таяғын тамағыма тақап:

– Саған айтпағанда кімге айтамын, оңбаған, албасты, – деді де, ала сөмкесіне қолын салып жіберіп, ішінен «Абай жолы» кітабын суырып алды да қақ төбемнен қойып қалды. Басым айналып отыра кеттім. Есімді жисам сол жерде әлі отырмын. Орнымнан тұрып, үсті-басымды қағып жатыр едім, жаныма бір қария кісі келді.

– Шырағым, амансың ба?

– Иә, аман қалдым, қатты соққыдан басым айналып кетті, – дедім.

– Басың түсіп қалсын, – деді қария ашу шақырып.

– Ата, сіздерге бүгін не болған?

– Көшедегі жазулардың сиқын қара, не жазып қойғансыңдар? Оқуға адам ұялады. Қазақшаларың қайда? Не қарап жүрсің?

– Ата, мен ештеңе жазғаным жоқ?

– Сөйлеме, жиналыс болса сол баяғы әдеттеріңше тілдеріңді шайнап орысша сөйлейсіңдер. Ана аузыңдағы салақтаған қызыл тіліңді кесіп алайын ба? – деді де қойынынан пышақ емес, «Қазақ тілін үйренейік» кітабын алып, көк желкемнен салып жіберді. Талып қалдым. Екі сағаттай есімнен айырылып жаттым. Еңбектеп талдың түбіне барып, сүйеніп тұрдым. Миым айналып барады.

– Әй, не істеп тұрсың? – деген дауыс шаңқ ете қалды

– Жай, талға сүйеніп таза ауа жұтып тұрмын.

– Таза ауа дейді, бізде таза ауа бар ма екен өзі?

– Неге жоқ, бар ғой, тек, ұрмаңызшы. Өтінемін.

– Ұятсыз екенсің өзің…

– Иә, иә сондаймын, – дедім қорыққанымнан.

– Таза ауа болса, киік, мал қырыла ма? – деп әлгі келіншек маған көзін алартты. Тісін ақситып шайнап тастауға бар.

– Оны неге, маған айтасыз? Бар, экологтарға айтыңыз. Мен жай қарапайым адаммын…

– Ешқандай әділдік жоқ, заң жоқ, менің базарда арба сүйрейтін байғұс байымды жазықсыз қамап тастады. Бізде адам құқығы сақталмайды. Ал, бюджеттің қаражатын түбімен жұтып жатқан жалмауыздар бостандықта жүр… Тиісті мекемелер қайда қарап отыр?

Келіншектің сөздері ауырлай бастады. Өзі қайыстай қара қатын екен. Білегі жуан. Бұл ұрса оңдырмайтын шығар деп, басымды қолыммен жауып отыра кеттім. Сол-ақ екен қақ маңдайдан тарс еткізді. Құлап түстім. Соққы қатты болды. Шалқамнан көк аспанға қарап ойланып жатырмын.

«Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын, сен жоқсың ішінде, қайдасың арайлым» деп әндетіп қоямын. Арашалап жатқан ешкім жоқ. Тал түсте таяқ жедім. Кімнен? Не үшін? Түсінбедім. Ұрған заты ауыр болды. Жан-жағыма үңілсем, бір үлкен қызыл кітап жатыр. Алып қарасам «ҚР Заңдар жинағы» екен. Бір жағынан кітапты болып қалдым. Саябақтағы орындыққа отырып, таяқ жеген кітаптарымды ақтарып қарап отыр едім. Бір ақ сәлдеге оранған молда келді.

– Ассалаумағалайкүм, – деп орнымнан ұшып тұрдым.

– Уағалейкүмассалам, көшеде сауат ашып отырсың ба?

– Тынығып отырмын, молдеке.

– Тынығып дейсің, сенікі тал түсте не тынығу?

Молданың әнгімесі де бұзыла бастады. Тағы не бүлдіріп қойдым екен? Бірақ, менің не жазығым бар? Жұрттың бәрі неге мені сабайды? Басқа ұратын адамдары жоқ па? Әлде, тек маған ғана күштері жете ме? Дегенмен молданың иманы бар, ол адам ұрмайды деп өзімді жұбатып қоямын.

– Жастар қайда кетіп барады? – деп сұрақты маған төтесінен қойды.

– Ешқайда? – дедім сасқанымнан. Басқа не айтарымды білмедім.

– Сұмырай, қайда кетіп бара жатқанын білмейсің бе? Дәстүрлі дінді ұмытып, кез келген жаққа кетіп барады. Ата-салтымыздан олар жиіркенетін болды. Қауға сақалдар қаптап барады.

– Ойбай, менің жазығым не? – деп, айғайлап жібердім.

– Айғайлама, жап аузыңды, – деп молда төбемнен бір кітаппен төніп қалды. Молда өзі не оқушы еді? Егер сол кітаппен мені ұрса, біттім ғой.

Не де болса қашып құтылайын деп, бар күшімді салып үйге қарай жүгірдім. Артыма қарауға мұршам жоқ. Жұдырықтан гөрі кітаптан таяқ жеген жаман екен. Кәдімгідей ұятың, намысың шаншып ауырады. Қашқанда аяғым жерге тимеді.

Ентігіп үйге кіре бергенде бірдеңе зуылдап келіп жон арқамнан тиді. Жерге жалп ете қалдым. Жалма-жан ұрған кітабына қарап «уф» дедім, мен ойлап қашқан кітап емес, «Қазақтың салт-дәстүрлері» деген қалың кітап екен. Жауырыным ауырып орнымнан әзер тұрдым. Үйге төрт аяқтап кіріп, босағаға құлай кеттім. Шаршап көзім ілініп кетті. Қанша уақыт жатқаным белгісіз, біреу құлағымнан тартып, мұрнымды жыбырлатады. Көзімнің қиығымен қарасам, ыржалаңдап бес жасар жүгірмегім тұр.

– Көке, көке, тұршы, – деп қояды қолымнан тартып. Көкесінің қандай халде жатқанын қайдан білсін?

– Ау, айналайын, көкең көшеден таяқ жеп келіп тынығып жатыр, – дедім.

– Көке, осы теледидардан неге ылғи басқа елдің ертегілерін береді. Бізде ертегі жоқ па?

– Бар ғой, «Человек паук», «Маша и медвед», – дей беріп едім, былшиған бетімнен «Қазақ ертегілері» деген жалпақ кітаппен бір соқты.

Бірден «Ұр, тоқпақ» ертегісі есіме сап ете қалды. Еңіреп жылап жібердім.

Осы жұрт, неге мені ұра береді?…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: