Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты серіктестігінің егіс алқабына барды.
Аймақ басшысына институттың ғылыми-зерттеу және өндірістік қызметі, күріш шаруашылығында қолданылатын агротехнологиялар мен су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар таныстырылды.
Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты 2015 жылдан бері Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы құрамындағы еншілес ұйым ретінде жұмыс істейді. Күріштің бірегей, элиталық, бірінші репродукциялы тұқымын өндіру және өткізумен айналысады.
Қазір мекемеде 118 адам еңбек етеді, 20 ғылыми қызметкер бар. Ғылыми құрамда 5 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты, 1 PhD докторы және 8 магистр қызмет атқарады. Сонымен қатар, 8 жас ғалым ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Институттың ауыл шаруашылығы жер көлемі 4 984,4 гектар, егістік 1 493,2 гектар, жайылым 1 741,3 гектар, шабындық 780 гектар, өзге жері 969,9 гектар, 28 техникасы бар. Биыл 500 гектарға күріш егіп, күтіп-баптайды. Бүгінде 310 гектары егілді, оның 290 гектары суға бастырылды.
Облыс әкімі жауапты сала басшыларына су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді, ғылыми жаңашылдықтарды өндірісте тиімді пайдалануды және жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындауды тапсырды.
Айта кету керек, биыл облыста жалпы 185,8 мың гектарға, дәнді дақылдар 89,7 мың гектарға, майлы дақылдар 6,1 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 73,2 мың гектарға, ал картоп, көкөніс және бақша дақылдары 16,8 мың гектарға егіледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда күріш көлемі 10,9 мың гектарға қысқартылып, 70 мың гектарға себу жоспарланған.
Көктемгі егіс науқанына 19,7 мың тонна күріш тұқымы, сонымен қатар, 1 570,9 тонна өзге дәнді дақылдар, 126,6 тонна майлы және 301,6 тонна малазықтық дақылдар тұқымы әзірленген.
Бүгінде күріш тұқымының 11,4 мың тоннасы, яғни 58,1 пайызы себу дәрежесіне жеткізілген.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!