Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сахитжан Бермағанбетов өмірден өткен күн…

28.02.2020, 12:02 3309

2008 жылдың 28 ақпаны Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы құлады. Ішінде сол кездегі облыс әкімі М.Құл-Мұхаммед, төтенше жағдайлар қызметкерлері мен журналистер болды. Борттағы 15 адамның 6-ауы қаза тапты. Оның бірі біздің досымыз, журналист, әкімнің сол шақтағы баспасөз хатшысы Сахитжан Бермағанбетов еді.

Ол кезде интернет өмірімізге енді еніп жатыр еді, сол себепті де апат болған жерден видеолар да, фотолар да жалпы жұртқа кең тарамады. Біз көрдік… Көргесін ол күндерді еске алғымді, жүрегімді ауыртқым келмеуші еді. Бірақ бүгін, қасиетті жұмада қаншалықты ауыр болса да, қызметтік сапар кезінде қаза болған досымыздың соңғы күндері туралы жазуға бел будым. Жұрт білетін жалпы ақпарат емес, Құдайдың құдіретімен берілген аян-ақпараттар…

– Апат болардан екі-үш күн бұрын түс көрдім. Түсімде тікұшақ па, әлде ұшақ па бірдеңе құлады. Ішінен адамдар шашылып, әркім әр жерде жатты. «Түс – түлкінің боғы» деп мән бермеуге тырыстым.

– Сахитжандар мінген тікұшақ су тасқыны болған жерлерді көру үшін (27 ақпан болу керек) Қызылордадан Арал ауданына ұшып кеткен. Әдетте, күнделікті тіршілікте бір-бірімізді онша мазаламайтын едік, сол күні кешке Сахитжанға қоңырау шалдым, сөйлескім келді. Қонақүйде жатқанын, ертең Байқоңырға ұшатынын айтты. Әзіл-қалжың айттық. «Вертолеттің құйрығында отырамыз ғой біз» деп күлді (Тікұшақтың құйрығында отыратын қайран дос құйрықты жұлдыздай ағып түсерін білмедік ол кезде). Сөз соңында «Жолың болсын!» дедім. «Әумин» деді. Сол соңғы тілдесуіміз екен.

– 28 ақпан. Түстен кейін өзімнен-өзім облыстық телеарнаға барғым келді. Жүрегім лоблып, аузыма тығылды. Жүрегімнің дүрсілін өзім сездім. Жаяулап телеарна ғимаратының алдына келгенімде университетте сабақ берген Аман Абасилов ағайды көрдім. Амандасқан соң: «Вертолет құлапты, Сахитжан Бермағамбетов қайтыс болыпты»,- деді. «Қалжыңдап тұрсыз ба?» дей беріппін сасқалақтап. Сол маңнан әріптесім Мұрат Жетпісбаевты көрдім, жүрісі суық. Ол оқиғаның болғанын растағанда, көзге жас та келмей, не болғанын түсінбей, Жалағашқа қарай тарттық…

Әрі қарай не көргенім, білгенімді айтудың қажеті аз. Достың қапияда өлгенін, оны қалай көмгеніңді жазу жеңіл емес. Тек құдіреті күшті Алла тағаланың маған сездіргенін бөлісу еді ойым. Бәріміз де уақытша өмірдің жолаушыларымыз. Кімнің қайда қаларын ешкім білмейді. Алла ғана мәңгілік. Аян беріп, досты іздетіп, жүрегімді соқтырғаны тегін дейсіз бе?! «Досыңның жанын аламын, қаныңды тасытамын, кімнің де ажал секундын сырт еткізу менің қолымда» деп тұрғандай Хақ тағала.

Иманың жолдас болсын, дос!

Нұрбек  ӘМИША,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: