Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұңғыш кітапхана – Қызылордада

11.09.2026, 8:15 28

HALYQLINE.KZ

Қазір Қазақстандағы көне кітапханалар тарихы туралы түрлі талас туындап жүр. Солардың бірінде Орал қаласындағы кітапхананың тарихы 1871 жылы 24 қазанда ашылды деген деректі алға тартады. Дерек бойынша нысан ең алғашқы кітапхана деп есептелген. Бұл – әлі де терең зерттеуді қажет ететін мәселе.

Шын мәнінде, алғашқы кітапхана 1867 жылы Перовск қаласында (қазіргі Қызылорда) Ақмешіт уезінің әскери бекінісінің халқы үшін ашылды. Ол 1925 жылға дейін қалалық уездік кітапхана қызметін атқарған.

1925 жылы 15 сәуір Бүкіл Қырғыз (Бүкіл Қазақстандық) Кеңестер съезі Қазақстан астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы қаулы қабылдады. Сол кезден бастап 1938 жылға дейін бұрынғы қалалық уездік кітапхана көпшілік кітапхана деп аталды.

Ал 1938 жылы Қызылорда өз алдына бөлініп, облыс болғаннан кейін облыстық кітапхана болып қайта құрылды. Алғашқы директоры болып Л.И.Дмитриева тағайындалды.

Енді 1973 жылы кітапхана Ыбырай Жақаев көшесіндегі 930 шаршы метрлік мекенжайға көшірілді. Оқырман үшін 70 орындық оқу залы іске қосылды. Содан 1983 жылы облыстық кітапхана болып қайта құрылып, жазушы Максим Горький есімі берілді.

Қызылорда облыстық атқару кеңесінің 1992 жылғы шешімімен бұрынғы облыстық партия комитетінің кітапханасы облыстық кітапхананың «Мерзімді басылымдар» бөліміне берілді. Сөйтіп, 1997 жылы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы болып өзгертілді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 21 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының білім және мәдениет мекемелеріне есімдер беру және оларды қайта атау туралы» қаулысына сәйкес, облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына халық жазушысы, көрнекті ақын Әбділда Тәжібаевтің есімі берілді.

Сонымен, еліміздегі ең көне кітапхана 2009 жылдың қараша айында 400 мың кітап қорын сақтайтын типтік жобада салынған жаңа ғимаратқа көшті. Жаңа ғимараттың жалпы алаңы 8413,5 шаршы метрді құрайды.

Тағы бір қуанатын ірі оқиға, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылы аймаққа келген жұмыс сапарында Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхананың Қызылорда қаласында ашылатынын жеткізген болатын. Араға көп уақыт салмай Президенттік кітапхананың іргетасы қаланды.

Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: