Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТАНЫТҚЫШ ТУЫНДЫЛАР: Амантай Сатаевтың жаңа кітабының таныстырылымындағы сөз

29.01.2024, 9:15 130

HALYQLINE.KZ

ЖАЗУШЫ АМАНТАЙ САТАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА – 90 ЖЫЛ

Алматыда 26 қаңтар күні Ұлттық кітапханада жазушы Амантай Сатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай арнайы іс-шара өтті. Жұртшылыққа қаламгердің өмір жолын, шығармашылығын арқау еткен «Қазақтың тұңғыш архивариусы» атты деректі фильм алғаш рет көрсетіліп, өзі қайтыс болғаннан кейін отбасы мүшелерінің әзірлеуімен, мәдениет министрлігінің қолдауымен жарық көрген мұрасы таныстырылды.

Жазушы, драматург, кинодраматург, тарихшы, зерттеуші, архив ісінің кәсіби маманы Амантай Рақымжанұлы Сатаевты көзі тірісінде жұрт тұла бойы тұнған энциклопедия деп білетін, оны арамызда жүрген құдды жанды, тірі энциклопедия дейтін.

Ол Мәскеудегі архив-тарих институтын бітірген. Студенттік шағынан-ақ тірнектеп қызықты деректер жинаумен айналысқан. Кейінірек әдебиет институтын бітірген. Содан да шығар, Әбекең шығармашылығының өзегін мұрағат қойнауынан тапқан құнды жауһарлармен өруді мақұл көрген қаламгер еді.

Амантай Сатаев ағамыз 2003 жылы, жетпісіне екі-үш-ақ ай қалғанда дүниеден өтті. Содан беріде өткен жиырма жыл ішінде, шүкір, оның артында қалған мұрасы жүйеленіп, жарыққа шығарылып келеді. Міне, бүгін сегізінші кітабы таныстырылмақ. Осы ретте ғаламат зерттеуші қаламгер ағамыздың жарияланбай келген жұмыстарын қалың оқырман назарына ұсынуда ерен еңбек еткен жеңгеміз Гүлжанға, қарындастарымыз Сәуле мен Жанарға арнайы алғыс сезімімізді білдіруді парызымыз деп білеміз.

Бұл орайда қадірменді ғалым ағамыз Тұрсынбек Кәкішевтің «кезінде аты шығып, мадақталғандарды жаттап алып қайталай беруді ұнатамыз», ал «ерен еңбек сіңіріп кеткендердің артында қалған мұрасына назар аударуға дұрыстап мән бермейміз» деген сөздерімен бойымыздағы марғаулықты әшкерелеп, «жоқтаушысы болмаса, данышпанның өзі де елене қоймайтын» заманға тап болғанымыз жайында толғана келе, осындай кезде ерекше көзге түсетін шын жоқтаушы, нағыз күрескер, «өмір сорабын бірге кешкен, талай азап-бейнетті бірге тартқан қазақтың білімді де зиялы әйелдерінің» бірі Амантай Сатаевтың жары Гүлжан екеніне көзі жеткенін ризашылықпен әңгімелегенін атай кету ләзім.

Тағы бір қабырғалы қаламгеріміз, қадірлі ақсақал жазушымыз Ғаббас Қабышұлы Гүлжан жеңгейден естіген: «Амантайдың архивін ақтарған сайын ешқайда жарияланбаған қолжазбалары табылады, бәрін де оқып, тарих үшін, ертеңгі ұрпақ үшін пайдалы екеніне көз жеткізіп, қайтсем кітапқа айналдырып үлгерем деп жүрмін» деген сөздерін еске ала отырып, Амантайдың аруағы Гүлекеңе де, әке жолын қуған қыздары Сәуле мен Жанарға да риза екенін айтады. «Оқырман біздің де риза екенімізге шәк жоқ деп ойлаймын» дейді.

Рас сөз. Бұған осы уақытқа дейін жарық көрген кітаптарымен танысқан жандардың ешқайсысы еш күмәнданбайды. Мұндай разылық сезімге баршаны Әбекеңнің жаңа жинағы да, сөз жоқ, бөлей түседі. Өйткені ол өзінің тарихи хикаяларына, әпсаналарына, әңгімелеріне, очерктері мен суреттемелеріне, мақалаларына, естеліктеріне арқау еткен архив мәліметтерін жеке ой-пікірімен, көркем тілімен өрнектейді де, тиісінше, оқырманын жазбаны түгел оқып шығуға тартады да отырады. 

Сатаевтың қаламына бағзы заманғы халықтардың ұлы қоныс аударуы орын алған делінетін көне ғұн дәуірінің атақты тұлғасы Аттиладан бастап, қазақ хандығы, патшалық заманы, одан бертінгі советтік кезеңімізде өмір сүрген атақты тұлғалар арқау болған. Ол – зерттеушілікпен ізденіп тапқан дерегін оқырманға тартымды етіп жеткізу тәсілін керемет меңгерген қаламгер. Жұртқа беймәлім мұрағат деректерін қазақтың жыр-дастандарында, ауызша тарихта шертілетін оқиғалармен байланыстырып, қажет жерлерінде байырғы жыр шумақтарын алға тартып отырады. Сонда оның архив мәліметтеріне сүйеніп жазғандарына оқырманның қызығушылығы әрі сенімі арта түседі.

Амантай Рақымжанұлының қаламгерлік ізденісі, әр жұмысында әрдайым келтіріп тұратын тың ой-тұжырымдары замандастарын қатты қызықтыратын. Оның адамзат тарихын, қазақтың көнеден бергі тыныс-тіршілігін мұрағат құжаттарымен дәйектеп, дәлелді түрде әңгімелегенінде, Ғаббас Қабышұлы ағамыздың айтуынша, тыңдаушылары «сүйікті ұстазының дәрісін тыңдап отырған шәкіртше» рақат сезімге бөленетін. Жеке архивінде түрлі құжаттың молдығына еріксіз таңданған Ғабекең оны мұрағат мұхитын кезген музыкатанушы-этнограф Затаевич секілді көріпті де, соған тегін үйлестіре қойыпты, яғни бірден Сатаевич деп атаған екен. Білімдар, ізденімпаз архивші-жазушы жайдары күлкісімен онысына ризашылығын білдірсе керек.

Қолына түскен бір деректің шындығына жету үшін ол әлденеше жанама мәліметтерді іздеп тауып, оларды бар қырынан қарастырудан, қилы сұрыптау амалдарын қолданып барып қорытынды жасаудан жалықпайды. Оның осындай ғаламат ізденгіштігіне Тәттімбет Қазанғапов, Құрманғазы Сағырбаев, Шоқан Уәлиханов, ұлы Абай, Мағжан, Жүсіпбек, басқа да әйгілі кісілер туралы жазғандарын оқығанда еріксіз тәнті боласың.

Сөз жоқ, жазушы, тарихшы Амантай Сатаевтың шығармашылығы айрықша танымдылығымен ерекшеленеді. Ол өмірден озғаннан кейін жары Гүлжан және қыздары Сәуле мен Жанардың тынымсыз еңбегі арқасында жұртшылық игілігіне айналған жеті жинағы, сондай-ақ қалың оқырманға жол тартқалы отырған осы сегізінші кітабы бізді бір керемет қасиетімен ерекше риза етеді. Бұл қасиет – барша оқушысын тарихты білуге, тарих арқылы әркімнің өзін-өзі отаншылдыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуге ұмтылысын оятуы дер едік.

Бір нәрсе анық – жекелеген тұлғалардың өмір жолын, тауарихын қызығып оқу үлкен тарихқа еріксіз жетелейді, яғни жазушы Сатаев туындылары тарихтағы ұлы адамдар жайында маңызды мағлұмат берумен ғана шектелмейді, өткенімізді терең білуге, тарихи кезеңдер мен оқиғалар сырын жақсы түсінуге жәрдемдеседі.

Көркемделген тарихи деректерді оқырман жүрегіне жақын, төте жолмен жеткізіп отырған Амантай Рақымжанұлының кітаптарын оқып өскен азамат ертең ғылыми тарихты да жалықпай, жатсындай оқитын болады, ең бастысы, бүгінгі тәуелсіз еліміздің білімді, елін, жерін сүйетін сенімді құрылысшылары қатарында болады. Сатаев шығармаларының маңызы – осында. Халқымыздың, еліміздің болашағына қызмет ететін кітаптардың өмірге келгені құтты болсын, қадірменді қауым!

Бейбіт  ҚОЙШЫБАЕВ.

Суретте: Амантай Сатаев кітаптарының таныстырылымы. Сол жақтан: Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, жазушының жұбайы Гүлжан Сатаева, ҚЖО басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов, ҚЖО басқарма мүшесі, жазушы Бейбіт Қойшыбаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: