Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Шытырман» оқырман олжасына айналды

28.10.2022, 16:00 459

HALYQLINE.KZ

Кемел Тоқаев атындағы V республикалық детектив шығармалар байқауы өз мәресіне жетті. Бесінші рет өткізілген байқаудың басты мақсаты кенжелеп қалған жанрды қайта жандандыру арқылы детектив жазуға ынталылар қатарын арттыру болып табылады. Осыған орай, бүгін Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Шытырман» деген атпен жарық көрген жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті.

Игі іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, «Заң» медиа-корпорациясы ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиев және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов шытырман шығармалар байқауының Сыр елінде ұйымдастырылғанына қуанышты екенін жеткізіп, жаңа жинақ оқырмандардың көңілінен шығатынына тілек білдірді.

– Шым-шытырық оқиғалардан құрылған детектив жанры бір қарағанда оңай болып көрінеді. Алайда, түсіне білген адамға бұл жанр өте күрделі екені белгілі. Бүгін Сыр елінде осы байқаудың қорытынды іс-шарасы өтеді. Қаламынан тың туынды тудырған шығарма иелеріне сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Аманұлы.

Өз кезегінде «Заң» медиа-корпорациясы ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиев жаңа жинақтың мазмұнына тоқталып, республикалық байқауға атсалысқан азаматтарды марапаттады.

– Бүгінде детектив жанрына қызығушылық танытып жатқан азаматтар мен қаламгерлер қатары артып келеді. Алдағы уақытта да дәстүрді бұзбай бұл байқауды әр өңірде ұйымдастыру жоспарлануда. Биылғы детективті шығармалар сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен 106 туынды келді. Ал осы уақытқа дейінгі жеңімпаздардың шығармалары жинақталған «Шытырман» атты жаңа кітап бүгіннен бастап оқырман қауымға жол тартпақ. Қызықты оқиғалар халықтың оң бағасын алады деген сенімдемін, – деді Досымбек Қонысбекұлы.

Айта кетейік, бүгін «Достық» үйінде республикалық детектив шығармалар байқауының жеңімпаздары анықталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: