Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сараңнан сараң туады

06.02.2021, 17:00 584

HALYQLINE.KZ

Баяғыда бір сараңның үйіне құдайы қонақ келіпті деседі. Сараң баласын шақырып алып, қонаққа естірте: «Балам, үйге қадірлі кісі қонақ боп келді. Базарға барып еттің ең жақсысын алып келші» – дейді.

Біраздан соң бала базардан ет алмай, құр қол қайтып келеді. Әкесі: «Ет қайда?» – дегенде баласы: «Қасапшыға барып етіңіздің ең жақсысын беріңіз дедім. Ол мен саған сары майдай (жұмсақ) ет беремін деді. Мен еттен май жақсы болса, ендеше май алғаным дұрыс деп сатушыға бардым. Май сұрап едім, балдай тәтті (дәмді) май беремін деді. Майдан бал тәтті болса, бал алайын деп дүкенге бардым. Сатушы мөлдір судай (қоспасыз) бал берейін деді. Мен балдан су артық болса, біздің үйдегі судан мөлдір әрі таза су бар ма деп сатушыға алғыс білдіріп, кері қайттым», – дейді. Әкесі баласының жауабына дән риза боп: «Бәрекелді, әкесіне тартып келеді», – дейді.

Бұл әңгімеге еріксіз куә болған қонақтың таңданысында шек болмады. Бір кезде сараң баласына жаймен ғана: «Бірақ, балам бір жайтты ескермеген екенсің. Дүкен аралап жүріп аяғыңдағы кебісіңді тоздырдың, соны ескере жүр», – деп сыбырлайды. Сонда әкесінен аумай қалған баласы: «Ол жағынан қам жемеңіз, қонақ көкемнің кебісін киіп кеткенмін», – деген екен.

Әлеуметтік  желіден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: