Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сағынышқа толы жүздесу, туған жермен тілдесу

11.11.2024, 10:05 271

HALYQLINE.KZ

Сурет – сиқырлы әлем. Сол әлемнің үздік суреткері, қылқалам мен қиял әлемін ұштастыру арқылы әлем картинасына алып дүниелер қосып жүрген суретші, КазКСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қайырбай Зәкіров бүгінде тұтас әлемнің таңдаулысына айналған. Өйткені бала болып сурет салу бір бөлек, сурет салу арқылы дана болу – тіптен бөлек дүние. Сол даналықтың биік мінберінде жүрсе де туған жерге деген сағынышын бір сәтке суытпаған қылқалам иесінің жеке жұмыстары бүгінде Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұржайында, Ресей, Еуропа, Жапония, Йемен, Франция, АҚШ және Қазақстандағы жеке коллекциялар мен галереяларда сақталуда.

Ел-жұрты Қастеев деңгейінде қадірлейтін Қайырбай Арал ауданына қарасты Аралқұмда туылғанын бірі білсе, бірі білмес. Саф алтын, таза топырақтың құшағында аунап, ауыл вокзалынан тұтас әлемге сапар шеккен Қайырбай Зәкіров араға жылдар салып, өзі туған топыраққа табан тіреді.

Аралқұм ауылындағы №61 орта мектепте өткен кездесу перзентінің туған жерге, туған жердің өз талантына деген құрметін анық аңғартқандай. Білім ұясында ауылдастарымен, мектеп қызметкерлері және оқушылармен болған кездесуде емен-жарқын әңгіме, сырлы сұхбат өрбіді. Өнер иесіне деген жерлестерінің құрметі ерекше сезіліп-ақ тұр. Сонау бала күнгі бейне, еміс-еміс көз алдындағы елес Қайырбай Зәкіровтің санасында сол күйі сақталыпты.

«Мен теміржолдың бойында тұрдым. Әкем де, оның әкесі де теміржолшы болған. Бала кезден пойыздың сартылы, паравоздың арқыраған дауысын естіп өстім. Солар маған керемет әсер ететін. Ес білгеннен пойыздардың суретін сала бастадым. Салған суреттерімді әкем көріп: «Оу, менің балам суретші болады екен» дейтін. Өзімнің ықыласым бар, әкемнің жаңағыдай сөзі мені суретшілікке әкелген болуы керек. Мектепте де сурет салумен айналыстым. Кейіннен көркем сурет училищесіне оқуға түскенде достарым да мықты болды» деп еске алады суретші.

Тоғыз жолдың торабындағы тынымсыз тарсыл бала Қайырбайды туған жерге жіпсіз байлағандай. Ол өз естеліктерін туған жері Аралқұмнан алыстатпады. Өз ортасының сұлтаны, суретшілер әлемінің таңдаулы таланты ауылдастарымен жүздескенде әр сөзін осы маңның сай-саласымен байланыстырды. Мектеп оқушыларының сұрақтарына жауап беріп, өзінің өлеңдері жинақталған «Шалқасынан туған ай» атты кітабын естелік ретінде табыстады. Өнерлі жанға шекара болған ба?! Қайырбай қарт жасы 80-ге таяса да туған жері алдында перзенттік көңілмен домбыра шертіп, өлең өлкесіне сапарлатты.

Артынша мектеп мұражайын аралап, елге қызмет еткен азаматтардың, туған жерден түлеп ұшқан жерлестерінің өмір жолдарына қанықты. Мұражайға өз қиялынан туған картиналарының бірін сыйға тартты. Осылайша туған жерге сағынышын сырлы сұхбатпен сейілткен суреткер бала күнінде өзі тұрған теміржол маңындағы ескі ғимаратқа барып, сарғайған сағыныш парақтарына сыр ақтарды.

Қазақ журналистикасының қара нары Ш.Мұртаза заманында «Қайырға біткен қайыңдай» деп теңеу айтса, сол Қайырбай бүгінде Алаштың алып бәйтерегіне айналған. Сағыныш деген ұлы сезімнің жетегіне еріп, елге келген перзент Қайырбай көз жасына ерік беріп, бала болып ойнаған алаңда аға болып ақиқат ақтарды. Туған жерге деген сағыныш осылай суреттелсе керек.

Арал  ауданы  әкімінің  баспасөз  қызметі

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: