Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызық әрі жұқа 7 кітап

02.11.2023, 9:20 324

HALYQLINE.KZ

Қай-қайсымыз да қандай да бір кітапты оқып бастамас бұрын, ең алдымен оның көлеміне назар аударамыз. Шығарма тым көп болса, тартыншақтап, оқуға деген ынтаң бәсеңси түседі. Мейлінше орта немесе жұқа көлемдегі кітаптарды оқуға құмартамыз. Дегенмен, шығарма көлемінің ұзақтығына сәйкес сюжет желісінің де шытырман әрі қызықты болатыны анық. Сәйкесінше, кейбір оқырман қауым арасында жұқа кітаптардың сапасына күмәнмен қарайтындар да кезігіп жатады. Осы тұста кітап оқуға енді-енді машықтанып жүрген кісілер көптің сөзіне еріп, қатты қателесуі мүмкін. Көлемі аз болғанымен, оқырманды тез арада өзіне баурап, азғантай бетке астарлы ой мен шым-шытырманды ұштастыра білген авторлардың еңбектері жетерлік. Осы шамадағы кітаптардан хабардар ету мақсатында ең үздік деген аз беттен тұратын тырнақалды туындылардың жетілігін жасаған едік.

7. Фредерик Бегбедер, «Ақылсыз жас жігіттің естеліктері»

Марк Моронье – қыдырымпаз келген жас жігіт. Көп сөйлегенді жақтырмайтын, махаббат атаулыға сенбейтін кейіпкер. Дегенмен, өз сүйгенін тауып, түбегейлі өзгеріп шыға келеді. Прозаның желісі түпнсұқалығымен ерекшеленбеуі мүмкін, дегенмен Бегбедердің тың ойлары мен суреттей білу өнері кітапты ерекшелей түседі.

6. Митч Элбом, «Сені аспанда күтетін бес нәрсе»

Басты кейіпкер – өмірінде аса бір жетістікке жете қоймаған, ғұмырының бәрін бір жерде өткізген қарапайым жұмыскер. Ол өмірден өткен соң, аспан сатысының әр кезеңінде өзін ғұмыр бойы күтіп келген адамдарды кезіктіреді. Әрқайсысымен жеке сөйлесіп, мауқын басып, өмірінде көрмеген сый-құрметті сезінеді. «Сені аспанда күтетін бес нәрсе» кітабы бәрімізді айналамыздағыны бағалауға шақырып, сәйкестік арқылы туындамайтынына дәлел болады.

5. Эрнест Хэмингуей, «Шал мен теңіз»

110 ғана беттен  тұратын бұл шығарма Хэмингуейге «Пулицер» мен «Нобель» сыйлығын тарту етті. Сантьяго есімді кубалық әрі ауру шалдың теңіздегі шытырман оқиғасы кімді болмасын таңдай қақтырған болар. Сантьяго жол бойы теңіз ағымына қарамай, алып балықпен күресумен болады. Бұл көріністің астарына түсер болсақ, пенденің өмірге деген құштарлығын, ерік-жігердің шыңын, жеңіске деген ұмтылыстың мол екенін көреміз. Хэмингуей өзінің еңбегінің нақты символизмін жасырып, оқырман түйсігіне салуды жөн көрді.

4. Михаил Булгаков, «Морфий: әңгімелер мен романдар»

Көпшіліктің сүйіспеншілігіне ие болған, көп дүниені қамтитын көркем туынды. Кітап желісі басты кейіпкердің жазған әңгімелерімен баяндалады. Протаганистің әңгімелері оқырманды аурухананың қараңғы атмосферасымен таныстырып, онымен қоса қобалжуға алып келеді. Әр новелла өздігімен тартымды әрі ерекше. Міндетті түрде оқуға кеңес береміз.

3. Джордж Оруэлл, «Мал қора»

Қарапайым мал фермасы тоталитарлық қоғамның айнасы болуы мүмкін бе? Оруэлл «иә» дейді. Бұл кітап қандай да бір саяси идеологияны даттау немесе мақтау мақсатында жазылмаған. Бұл туынды кез келген саяси бағыт болмасын, өзін жабайы аңдай ұстайтын адамдардың болмысын бейнелейді. Шынайы әрі әзіл арқылы. Бір қарасақ, әңгіме жануарлар жайында секілді, бірақ Оруэллдың адам баласын жан-жануармен байланыстыра отырып, аллегория арқылы қоғамның бет-бейнесін ашқысы келгенін аңғарамыз. Осы тұста Джордж Оруэллдың тың идеясын, асқан шеберлігін ерекше атап өтеміз. Әлемге әйгілі «1984» кітабының авторы жеңіл дүние жазбайтыны айдан анық.

2. Антуан де Сент-Экзюпери, «Кішкентай ханзада»

Сент-Экзюперидің бұл туындысы жас талғамайтын, көптің көңілінен бірдей шығатын шығарма болып танылған. Бұл ертегі ғажап және сырлы, Б-612 астероиды ханзадасының ғұмырынан, басынан кешкен оқиғаларынан сыр шертеді. Оқиға желісі алғашында жеңіл көрінгенімен, оқи келе ертегінің қарапайым емес, философиялық астары бар, адамды жетілдіретін, өмірге үмітпен қарау керектігін ескертетін ертегі екенін байқайсың. «Егер сан мыңдаған ғалам мен миллиондаған жұлдыз ішінен қолжетпес гүлді ұнатсаң, қам жеме. Осының өзі жеткілікті. Аспанға қара да, өзіңді бақыттымын деп сана. Және өзіңе айт: «Шексіз аспан ішінде менің де гүлім өсіп жатыр». Аталған ертегіні неміс философиясының өкілдері аса құрметтейді. Тіпті экзистенциализм бағытының құрметті өкілі, неміс философы ертегіге экзицстенциализмның символы деп баға берген.

1. Дазай Осаму, «Толық емес адамның басынан кешкендері»

Дазай Осамудың шығармашылығы – өзінің сүрген өміріндей ауыр, қайғылы. Жазушының осы бағыттағы ең танымал романдарының бірі – «Толық емес адамның басынан кешкендері». Шығармада Йодзо Оба есімді бай жігіттің барлығынан қалайша айырылып қалуы, оның өмір мен өлім арасындағы жолы, өз-өзіне деген комплекспен арпалысуы көрініс табады. Әрине, роман кез келген оқырманға ұнай бермейтіні анық. Дегенмен, психологиялық болмысыңды қалыптастыру, өмірдің ащысы мен тұщысын сезіну үшін құнды кітап.

Айтілес  Жайшылық

Сурет  ашық  дерекөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: