Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалы ауданының кешегісі, бүгіні, ертеңі екшелді

10.11.2023, 15:35 346

HALYQLINE.KZ

Бүгін Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойына орай «КЕШЕ. БҮГІН. БОЛАШАҚ» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-ғалымдары, аудандардан делегациялар, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.

Конференцияда аудан басшысы тамыры терең, тарихы кенен – қасиетті Қазалы ауданының құрылу тарихы мен бүгінгі тынысы жайында сөз қозғап, киелі өңірдің 95 жылдық мерейтойына орай өткізіліп отырған ғылыми-танымдық конференцияның маңызына тоқталды.

Конференция барысында Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас «Қазалының қазынасы: «Тарих пен тағылым» тақырыбында баяндама жасады.

Сонымен қатар философия ғылымдарының докторы, Қазалы ауданының құрметті азаматы Баймырза Қожамберлиев тәуелсіздік жылдарындағы ауданның даму тарихы жайында сөз етсе, Халықаралық ақпараттар академиясының академигі, Қазалы ауданының құрметті азаматы Ермек Зәңгіров «Біз білмейтін қазалылық қазақтар» тақырыбында баяндама оқыды.

Баяндамашылардан кейін қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазалы және Арал аудандарының құрметті азаматы Айтбай Көшербаев пен филология ғылымдарының кандидаты, Қазалы ауданының құрметті азаматы Әлімжан Жарылқағанов сөз алып, ауданның құрылған уақыттан бергі тарихы мен әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы жетістіктері жайында сөз қозғады.

Мұнан соң Орал қаласында тұратын жерлесіміз Қуаныш Төлебаев сөз алып, аудан әкіміне Батыс Қазақстан облысы және Орал қаласы әкімінің құттықтауын табыстап, мерейтоймен құттықтады.

Конференцияны қорытындылаған аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы аудандағы әрбір сала бойынша жеткен жетістіктерге жіті тоқталып, Тәуелсіздікті баянды ету жолында аянбай атсалысып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатындағы жұмыстарды бірлесе жалғастыра беретінін жеткізді.

Жиын соңында Мұхтар Әуесұлы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжасқа, философия ғылымдарының докторы, Қазалы ауданының құрметті азаматы Баймырза Қожамберлиевке, Халықаралық ақпараттар академиясының академигі, Қазалы ауданының құрметті азаматы Ермек Зәңгіровке және Соцалистік Еңбек ері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Кәрбоз Әлимаевқа Қазалы ауданының 95 жылдық мерекелік медалін табыстады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: