Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қадірі қойдай халқым жүр…»

15.07.2020, 16:00 672

HALYQLINE.KZ

Қаныммен қорғап қамал мың.

Қайғыға қанша қамалдым.

Қасиетім мен қаупім тұр,

Қарашығында жанардың.

Қадірі қойдай халқым жүр,

Қасқырға іздеп амал мың.


Бұлдыр да бұлдыр күн кешкен,

Баласы бұлтпен тілдескен.

Бақырға қиып байлығын,

Бақытқа қолдан құн кескен…

Дауасыз дерттен жер құшып,

Дәрісі ғайып, емге ұшық,

Дәруіш жанын тұл дескен.

Даласы дархан қазақ бұл,

Данасы ғаріп күн кешкен.

Дем жетпей, дүние тарылып,

Дімкәс кеудесін мұң тескен.


Қасіреті зауал, зіл батпан,

Қоңырқай жүзін күн қаққан.

Қауқарсыз қара шал сынды,

Қасиетсізге тіл қатқан.

Халін көр, қайран жұртымның,

Қамкөңіл болған құндақтан.


Түлкі боп қашқан заман-мұң,

Тазы боп қуған адам мың.

Тағдырын ұлттың көз жұмып,

Тиынға сатқан наданның,

Тілегі сауда-саттықта,

Тәубесі қайда, алаңмын.

Теңіздей жаным тасынып,

Толассыз ойға қамалдым.


Киесі кетіп даламның,

Қуаты кеміп қаламның,

Қара сөз қайран, қадірсіз,

Қаражат қуып алаңмын.

Аңқасы кеуіп, жыр жатыр,

Аманатындай анамның,

Міз бақпай, мінсіз қоғам тұр,

Тауқыметіммен алаңмын.

Қалайша амал табармын?

Қалайша амал табармын?

Толқын ҚАБЫЛША,

ақын

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: