Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

10.10.2024, 9:40 156

Ақылбек  ШАЯХМЕТ

Жеткен  жеріміз

Теледидардан бір қазақ «Мысық болған қандай жақсы?!» деп ән салып жатыр. Жарнамасының сиқы осы. Қазақ мысық немесе күшік болғысы келеді екен. Мұның дұрыс емес дейтін ешкім жоқ. Жеткен жеріміз, жетіскеніміз осы.

Жусан  және  қайың

Қазақ ақындары туған жердің жусанын сүйемін дейді. («Ұнатамын жусанды кермек дәмді». Аманхан Әлім.) Орыс ақындары орыстың қайыңдарын сүйе­мін  дейді. («Русь моя! Люблю твой березы». Николай  Рубцов).

Сол жусан мен сол қайың барлық жерде бар. Мені жусанның мұрын жаратын иісі, қайыңның көз тойдыратын сұлу көркі тәнті қылады.

Жеңі  ойылған  шапан

Біреуді мақтағанда алдымызға жан салмаймыз. Оның кемшілігі де болғанына көз жұмып қараймыз. Мәселен, қазақ өнерін дамытуға еңбегі сіңген Өзбекәлі Жәнібековты алайық. Оның қайраткерлігіне дау жоқ. Алайда, сол кісінің ұсынысымен күйшілердің киген шапанының жеңі орта тұстан ойылып, шолтиып қалғанын білеміз. Домбыра тартуға ыңғайлы болсын деген ниет шығар. Сөйтіп домбырашының оң қолы шынтақ тұсынан ойыл­ған жеңнен шығып, салбырап тұратын болды. Бұл үйрен­шікті көрініске айналды. Оларға жеңсіз шапан кигізуге де болатын еді. Көргенімізді айтып отырмыз.

Не  жақсы?

Бір көршімнен «не жақсы?» деп сұрап едім.

Сонда оның айтқаны:

Киімнің жаңасы жақсы, достардың ескісі жақсы.

Мат алған корольден көрі шах болатын пешкісі жақсы.

Байдың арық қойынан кедейдің семіз ешкісі жақсы.

Таным

Бір қызығы, Александр Сергеевич десе, оның Пушкин не басқа екенін ешкім білмейді. Лев Нико­лаевич десе, оның Толстой немесе басқа екенін ешкім білмейді. Білсе де шатастырады. Абай десек, Құнанбайұлы дегенді қоспасақ та барлығымыз білеміз. Сонда қазақтың танымы орыстан артық болғаны  ғой.

Бес  тараудан  тұратын  роман

Бір жазушының романын оқып шықтым. Небәрі бес-ақ тараудан тұрады екен. Алғашқы тарау – Шілдехана. Одан кейінгілері – Тұсау кесу, Білім алу, Үйлену. Соңғы тарау – Жаназа.

Кім  кедергі?

Көптеген мектеп сыртында Ыбырай Алтын­сариннің  «Кел,  балалар, оқылық!» деген сөзі жазыл­ған. Оның алғашқы жолы «Бір Құдайға сыйы­нып» атеизм тұсында алынып тасталғаны белгілі. Енді  соны  қалпына  келтіруге  кім  кедергі?

Біле  ме  екен?

Алған медалін аузына салып тістейтіндер де, алған орденін арақ құйған ыдысқа салып, соны ішетіндер  де  тазалықтың не екенін біле ме екен?

Ақша  шашу  емес  пе?!

Осы күні қай елге барсаңыз да бір мұнаралы, екі немесе төрт, алты мұнаралы мешітті көресіз. Ерте заманнан күмбез бен мұнара мешіттің негізгі нысанына айналған. Бірақ, осы күні олар символдық мәнге ғана ие. Мешіт мұнаралары негізінде азан айту үшін жасалғаны белгілі. Ал, осы заманғы технология дамыған уақытта олардың орнын дыбыс күшейт­кіштер басты. Мәселен, Астанадағы «Алла­ның гүлі» деп аталған Рыскелді қажы мешітінде ешқандай мұнара жоқ. Мешіт жанынан мұнара салу босқа ақша шашу емес пе деген ой келеді.

Мемлекет

Мемлекеттік  мүліктер қазынада толы ма? Сақталар ма тонамаса жүліктер. Мемлекеттік кіріс­тер жұмсалар ма игі мақсат жолына, Талан-тараж қылмаса  егер  бір  «іскер».

Мемлекеттік марапат, салпыншақтар сылдыр­мақ, тоғышарға – үлкен құрмет, зор атақ. Мемлекеттік қызмет – кейбіреуге ұсақталған қызыл ет. Жолыққандар  дейді  маған:  «Шүкір ет!». Осын­дайда  көркейе  ме  мемлекет?!

Неліктен?

Су жағасындағы тастар неліктен жұп-жұмыр? Өйткені, оларды толқындар күн сайын сүйеді. Ұсақ құм ып-ыстық неліктен табанға тиеді. Өйткені, оларды күн көзі сүйеді. Жақпар тас неліктен қап-қатты болады? Өйткені, оларға суық жел толассыз соғады.

Білмейді

Аузын тек ас ішкенде ғана ашатын адамдар бар. Ауыз ішіндегі тілдің басқа да міндеті бар екенін олар білмейді. Кейбіреулер отыз екі тістен шыққан сөздің отыз рулы елге тарайтынын да білмейді.

Патшалар

Аңдар аң патшасы Арыстанның азуынан қор­қады. Құстар құс патшасы Бүркіттің шеңгелінен сескенеді. Ел билеген патшалардан адамдар қорқа ма, сыйлай ма? Сыйласа әділдігі үшін. Алайда, сол әділдіктің  қазіргі  патшаларда  жұрнағы  бар  ма?

Құрметтілер

Облыстың ұлты басқа бір әкімі облысқа қарасты қалаға кездесуге барады. Қала әкімінің де ұлты басқа екен. Сонда кездесуді жүргізіп отырған шенеу­нік облыс әкімінің аты-жөнін айтар алдында «Уважаемый» деген сөзді қосыпты да, кезек қала әкіміне келгенде «Многоуважаемый» десе керек. Бұған облыстың әкімі шамданып қалады. Келесі жолы әлгі шенеунік оны «Глубокоуважаемый» деп таныстырыпты. Әкімнің көңілі осыдан кейін орнына  түссе  керек.

Орыстан кейінгі уақытта біздің қазақтар да үйренген секілді. Бас қосуда «Құрметті» деп сөз бастайтындар жеке адамға келгенде енді «Аса құрметті»  дейтін  болыпты.

Басталды

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған қаламгерлердің шығармаларын жаппай мақтау науқаны басталды. Он бес жазушының қайсысы лайықты екенін тап баса алмай отырмын. Таң қалғаным, бұған дейін осы қаламгерлердің туындылары туралы неге айтпаған? Енді өз қалауымен жазып жатыр ма? Әлде жанашырлардың өтініші ме? Мемлекеттік сыйлықтың деңгейі түсіп кеткен екен.

Біреудің  қаңсығы  біреуге  таңсық

Жоғарғы оқу орнын бітірушілер  жиі қолданатын, төбесі төрт бұрышты болып келетін бас киім қазіргі уақытта мода болып кеткен секілді. Кезінде монахтар мен шіркеу қызметшілері киген мантия енді оқу орындарына көшіп алыпты. Еліктеу-солықтау­дан арыла алмағандар соны да таңсық көреді. Қазақта бұрын-соңды болмаған мұндай бас киімнің  біздің  ұлтқа  не  қажеті  бар?

Жақсы  көремін

Біреулерге жаңғақтың сырты ұнайды. Ал, мен дәнін  жақсы  көремін. Біреулерге жүзімнің өзі  ұнайды. Ал, мен  сөлін  жақсы  көремін.

Теке  мен  қойлар

Қой бастап жүрген текені басып озайын десе жібер­мейді-ау қойлардың көтені. Теке орнына өз арасынан  қошқар  қойса  не  етеді?!

Адамды  тану

Адамды білу қиын көзіне қарап. Үмітіңді үзбейсің жүзіне қарап. Бірақ, оны тез тани аласың  сөзіне  қарап.

Кірсұлтан

Мен үшін ол Нұрсұлтан емес, Кірсұлтан. Өз отба­сын басқара алмаған кісі мемлекетті қалай ғана отыз  жыл  бойы басқарғанына таң-тамаша қаламын.

Енді соның ынтасымен үлкен мешіт салынып, оған  жұма  намазына  барған бір  топ: «Біз сені сағындық!» деп айғайлайтын көрінеді. Ол болса соған мәз, жұмаққа баратынына сенімді тәрізді. Денесінің де, жүрегінің де кірі кетпеген кісіге жұмақтың қақпасы ашылмайтынын имамдар неге түсіндірмейді  екен?!

Пұшайман  болдым

Есімі ел аузында жүрген, көзі ашық бір ағамыз­бен сөйлесіп отырсам, бұрынғы Президентті мақтап, Астананың әр үйінде оның қолтаңбасы бар дегенді айтты. Ол үйлерде халықтың маңдай тері, тіпті көз жасы да бар. Елбасының еңбегі емес, билігі ғана болды. Шетелге тыққан ақшасының да біраз бөлігі Астана құрылысынан түскен. Даулассам да шындықты дәлелдей алмайтынымды біліп пұшайман  болдым.

Алдайды

Аңға қақпан салғандар, құсқа тор құрғандар жыртқыш­тар мен құстарды жеммен алдайды, балық­қа қармақ салғандар жылтырақ жұтпамен алдайды, бақшада көкөніс еккендер құстарды қарақ­­шы қойып алдайды, жылаған бөбекті аналар емізікпен алдайды. Үкімет халықты алдағанда дәл осындай  тәсілдерді  пайдаланады.

Бұлжымайтын  қағида!

Шыққан есіктен кіруге де болады. Кірген есіктен шығуға да болады. Бірақ, ішке кірген кісі тиек салып қойса, сырттан кісі кіре алмайды. Сыртқа шыққан кісі есікке құлып салып қойса, іштегі кісі шыға  алмайды. Бұлжымайтын қағида!

Тәж   бен  тақ

Мына тақтың үстіндегі дене жай бір сурет секілді. Мына тәждің астындағы басқа ақыл қосу керек секілді.

Неге  жауықты?

Көріп тұрмын қыт-қыттаған тауықты. Қораздарға қоғам неге жауықты? «Ұйқыны бұзды, таң атпай шақырды» деп қырып тастады. Тауықтар жұмыртқа баспады. Мен тек көргенімді айттым. Бар шығар бұл әңгіменің астары.

Жауабы  жоқ

АҚШ-та Президенттікке кандидатқа оқ атыпты, құлағын қанатыпты. Украинада қазақстандық оппозиционерге қақ жүректен оқ атыпты, тұра алмастай қылып сұлатыпты. Кім атыпты? АҚШ-та жауап бар. Бізде жауап жоқ.

Таныс  және  дос

Бір танысым бар. Ақшасы да бар, бақшасы да бар, басқасы да бар, бірақ, көп нәрсеге мұқтаж.

Бір досым бар. Киімі жұпыны, дастарқаны жұтаң, бірақ көңілі дарқан. Танысты жақын қылғым келмейді. Досты қатты қадірлеймін.

Қағба

Қағба кейбіреудің түсіне кіреді. Біреулер Қағбаның ішіне кіреді. Қағбаны көрмесе де көп кісі оның қасиетін түсіне біледі.

Күрделі  драма

Өмір деген – бір күрделі драма. Бірақ ол сахнаға ешбір дайындықсыз, репетициясыз шығады. Неге екенін сұрама!

Кір  қайдан  шығады?

Адам неге тез кір болады? Денесін жуса да киімін жумайтын, киімін жуса да денесін жумайтын кісілер де болады.

Дәрменсіз

Жиі-жиі көріп жүрсіз елден сіз, көргенділер көргенсізді тоқтатуға дәрменсіз. Көрсеңіз де көрмегендей боласыз, ақылдылар да ақымақтар алдында шарасыз.

Жеті  ұрпақ

Жеті атаны жалғаған жеті ұрпағым алданыш қой ол маған. Бала – өмірдің жалғасы, келешекке жол басы. Немере мен шөбере – өсіп-өнсе өнеге. Шөпшек пенен немене шал болғанымды көре ме? Болғандарды туа жат қажеті не кінәлап? Болғандардан жүре жат жұрт та болар зәрезап.

Кептеліс

Жол бойында теп-тегіс көбейіпті кептеліс. Еске түсті өткен іс. Сол кептеліс жалғыз жолда ғана ма? Оңға қара, солға қара! Айналаң түгел кептеліс. Одан қалай құтыламыз?

Біздің  қоғам  осындай!

Баратын жеріне жете алмай жүрген жолаушы көп. Билет жоқ, вагон бос. Ұшақта да орын бар. «Неге билет сатпайсың?» деген сауалды кісілер жоқ қабылдар.

Әуежай мен вокзалда отыратын орын да бар көп жанға. Кезекті күт шошымай. Біздің қоғам осындай!

Жарар  ма  екен?!

Менің оймақтай ойларым көрпе көктеп жатқан келіншектің тебен инесін тіреуге жарар ма екен?!

Адам

Адамның басы Алланың добы емес. Адам ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақ та емес. Ендеше мұндай сөздер қайдан шыққан? Өз жолын таба алмаған пенделерді көргеннен кейін туған ойдан шыққан.

Құнсыз

Әлеуметтік желіде басшылар мен байлардың, сылқымдардың киген киімі, сағаты, қолға ұстаған сөмкесі, таққан әшекейлері туралы жарнама қаптап  кетіпті. Бірінің  аяқкиімі  бес мың, енді біреуінің сырғасы он мың доллар екен. Солардың иелерінің бағасы қанша, ешкім ол жағын айтпапты. Құнды заттарға ие болған құнсыз пенделер дедім де қойдым.

Біледі

Тышқанға таудай мүсін қойса да, оның мысықтан қашқан кішкентай тышқан екенін барлығы да  біледі.

Қиналып  жүр

Мені  өкпелеткендер кетер ме бұл жалғаннан өкіне алмай. Маған кектенетіндер ауырып жүр амалын келтіре алмай. Мені жек көретіндер қиналып жүр  өлтіре  алмай.

Көбейіп  кеткен  жоқ  па?

Алладан қорықпайтын, адамнан ұялмайтын, нәпсісі мен құлқынын тия алмайтын, біреуге соқтықпаса жүре алмайтын пенделер көбейіп кеткен  жоқ  па?

Жақсы  білетін

Мені кішкентай кезімде бәрінен жақсы көретін және мінез-құлқымды жақсы білетін анам болатын. Енді бәрінен жақсы көретін де, жақсы білетін де келіншегім  секілді.

Қасымызда

Жас кезде не өтпеді басымыздан. Көп болды сырласатын досымыз да. Бізді сатып кететіндер де, атып  кететіндер  де  қасымызда.

Тағдыр  емес

Қысқа жолды ұзын қылатын, түзу жолды қисық  қылатын  тағдыр емес, Адамның өзі. Түзу жолда сүрінсе, тура  жолда кідірсе, оған да жолаушының өзі  кінәлі.

Барыпкелдер  мен  Алыпкелдер…

Барыпкелдер мен Алыпкелдер көбейген кезде Шауыпкелдер де пайда болады екен. Оларға бал ашатын  Көріпкелдер  де  болады  екен.

Байымаған…

Байымаған мұнай сатып, жарымаған уран сатып, тұрғыны жүрген қарызға батып біздің қазақ елінде отыр біреу Құран сатып.

Кім  неге  мәз?

Қазақстанда туризмді дамытамыз десек, таби­ғаты  көркем  өңір  жеткілікті. Бір қызығы, Мысырға барған  туристерді  Пирамида  жанындағы  түйеге  тегін мінгізеді екен де, ақша төлемесе түйені шөгеріп,  кісіні  түсірмейді  екен.

Біріккен араб әмірлігінде түйесі бар, асханасы бар, құмы бар сахараның өзінде келген қонақтар ақшас­ын  шашып  кетеді.

Көрші өзбек елінде жол бойындағы дәмханаға барсаң, даладағы әжетханаға кіргенің үшін ақша төлейсің.

Біздің қазақ болса қонақжайлығымен ат шығарамыз  деп  келген  қонаққа  барын  ұсынғанға   мәз.

Нұртас

Қайынағамыз дүние есігін ашқан немересіне Нұртас деген есім қойыпты. Мұны естіген құдағиы: «Не себепті ондай есімді таңдадың?» деп сұраса, ол кісі: «Нұры тасысын деген мақсатпен қойдым» десе керек. Құдағи болса: «Жоқ, олай емес. Сен бірінші президенттің есімінің алғашқы буынын, содан ке­йін президент болуға дайындалып жүрген Тасмағам­бетовтың алғашқы буынын ырымдап қойғансың» деп  бой  бермейді.

Енді  екеуінің де дәурені өтті. Келешек Нұртас­тардың   еншісінде.

(Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: