Ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған мектебіміздегі салтанатты іс-шара «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің» ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өткізілді.
Тілдер апталығы аясында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» атты салтанатты әдеби кеш пен «Тіл – достықтың алтын көпірі» атты қорытынды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Іс-шара Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бай мұрасына және ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына арналды. «ЖИ арқылы тірілген тарихи бейнелер» кештің ең әсерлі әрі инновациялық сәті «Уақыт пен сана диалогы» айдарында көрініс тапты. Заманауи жасанды интеллект (ЖИ) технологиясының көмегімен А.Байтұрсынұлы мен М.Мақатаевтың бейнелері сахна төрінде қайта жанданып, ХХІ ғасыр жастарына өздерінің аманат-өсиетін айтты. Тарихи тұлғалардың экраннан жолдаған терең мағыналы сөздері қатысушылар мен көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ, кеш барысында оқушылар М.Мақатаевтың шоқтығы биік «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан әсерлі сахналық көрініс қойып, жан тебірентерлік ақынның жүрекжарды өлеңдерін тебірене оқыды.
«Достық пен өнердің алтын көпірі» айдары барысында кешке қатысушылар поэзия кешінің көрігін қыздырып, мерекелік кештің түйіні ретінде оқушылар сахнада «Қазақстан – Отаным арайлым» әнін хормен асқақтата орындап, іс-шараның көркін арттырды.
Бұл әдеби кеш оқушылардың бойында ана тіліне деген сүйіспеншілік пен құрметті арттырып қана қоймай, өзге де халықтың тілі мен мәдениетін сыйлауға бағытталған тағылымды іс-шара болды.
Назира Жакипова,
№85 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі.
Қармақшы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!