Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

16.11.2023, 9:20 234

ШАРУАҒА  ҚАРАЙ

Өзіне қатысты шаруаға келгенде – өлгенін білмейтін өлермен. Халыққа қатысты шаруа­ға келгенде – қалғып-мүлгіген көрер­мен.

ЕРКЕКТЕР

Біреу әйеліне қарауыл болып жүр. Біреу әйеліне бақауыл болып жүр. Біреу әйеліне айдауыл болып жүр. Біреу әйеліне дөй дауыл болып жүр…

ҚАЛАЙ  ОЯНАРСЫҢ?

«Ояныңдар!» деген сөзіңді естіп, жақтырмаған кей мықты өзіңді бір ұрып жер жастандырып, ұйықтатып тастаудан тайынбайтын түрі бар…

ДҰРЫС  пен  БҰРЫС

Жақсы келін – келін, жаман келін – кепшік. Жақсы қатын – қатын, жаман қатын – қалаш. Жақсы қыз – қыз, жаман қыз – қырқын. Жақсы жігіт – жігіт, жаман жігіт – мігіт…

ЖАРБИҒАННЫҢ  ТІРЛІГІ

Ананың қасында жарбиып суретке түскен. Мынаның қасында жарбиып суретке түскен. Енді сол жарбиған суреттерін анда-мында жарбита жариялап, жарапазан айтып жүр.

АРНАЛЫ  ӘҢГІМЕ

Өмірде бәрі де таусылады, бәрі де сарқылады. Тек әңгімелер ғана таусылмайды: күн өткен сайын әр әңгіме одан сайын гулеп, ауқымы мен арнасы кеңейе береді, кеңейе береді…

ІШТЕГІ  ІРІМТІК

Қайда баруды, қалай алуды, қалай беруді, кімге беруді білу, миға мықтап құйып алу – жас жұтқындардың іштегі «арманы».

ҚОҒАМ

Біреулер аузы-басын тұмшалап бүркеніп жүр. Біреулер бүркенгендерден жеркеніп жүр.

БІЗГЕ  КЕРЕГІ

Іри-тірей болған интеллигенция ит тірліктің соңына түсіп кетті. Бізге иі қанған интеллек­туалдар  керек.

БІЛГІР

Білімнің жолын білмесе де, басқарудың жолын білмесе де, басқаның жолын білмесе де, баюдың жолын біледі-ақ…

ШОУ  ЖҰМЫС

Бір жұмысты гүмпілдетіп, думандатып, дабылдатып, дүбірле­тіп  бастайды. Одан әрі аспайды. Жеткен  жерден  тастайды…

ЕРЕКШЕ  БАС

Оның басында мидан басқаның  бәрі  де  бар.

БІЗДІҢ  ЗАМАННЫҢ  ДАНАЛЫҒЫ

Екі  сиыр  елді  асырайды…

ҰРАНДАТҚАНДАР

Дамымаған қоғамда дамылсыз жиналыстар болып, даңғаза ұрандатқандар алдыңғы лекте жүреді…

ТҮРТПЕК

Тымпиған тыныштық кейбі­реулерді мазасыз ауыр күйге ұшыратады. Сондықтан да жанындағылардың жанын жеп, мазасын алып, түртпектеп жүреді…

ЖАҒЫМСЫЗДЫҚТЫҢ 

ШЕГІ

Өзіңнің ең жақын, етбауыр адамдарыңа жағымсыз боп көрінуден асқан жағымсыздық жоқ.

СҰЛУЛЫҚ

Суреттегі сұлулық қана мәңгілік, өмірдегі сұлулықты өткен уақыт аяусыз өзгертіп отырады.

ЖОҒАЛҒАН  ӨМІР

Құдыреті мықты, құрығы ұзын әкенің жетегімен жүріп, қызмет іс­теген  адамның  өз  өмірі болмайды…

ШАБЫТТЫ  ШАҚТА

Шабытың келгенде шалшық су да мұхиттай болып  көрінеді.

ӨМІР  ЖАРАСТЫҒЫ

Бозбалалар жапырақ­тай желбіреп тұр. Бойжеткендер піскен мәуедей елбіреп тұр…

ПАРТИЯНЫҢ 

КҮШІ

Айбыны асқақ, тау тұлғалы, азулы азамат болатындай-ақ еді, компартия оны аузында айтар сөзі жоқ, кем-құтықты көрер көзі жоқ, бас изегіш, сарқыт күйсегіш көптің біреуіне айналдырып жіберді.

ТОЙДЫРА  АЛАМЫЗ  БА?

Жебірлер  мен  жойқындар тоймай, біздің елімізде тыныш­тық орнамайды дейді… Ал оларда тойым  деген  бар  ма  екен?

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: