11 қыркүйек күні Жаңақорған кентінің орталық алаңында кітап оқу мәдениетін насихаттау, оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты нығайту, жергілікті қаламгерлер шығармашылығын таныту және рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында «КІТАП-TIME-2026» V республикалық фестивалі аясында аудандық кітап фестивалі өтті. Бұл туралы Жаңақорған ауданы әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Фестиваль барысында кітап көрмелері, шығармашылық және танымдық алаңдар ұйымдастырылды. Көпшілік назарына «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру», «Адал адам», «Бір ел – бір кітап», «Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті», «Менің сүйікті кітабым», «Руханият тынысы», «Туған өлкемнің танымал тұлғалары», «Жаңа әдебиеттер» тақырыптарындағы кітап көрмелері ұсынылды.
Сонымен қатар «Күзгі сый» инсталляциялық көрмесі, «Менің сүйікті кітабымның кейіпкері» сурет салу алаңы, жасанды интеллект технологиялары негізінде әзірленген заманауи көрме ұйымдастырылып, кітапты танытудың жаңа форматтары көпшілікке ұсынылды. Кітап жәрмеңкесі де өткізіліп, оқырмандарға түрлі басылыммен танысуға мүмкіндік берілді.
Фестивальдің ашылу рәсімінде қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов және кітапхананың тұрақты оқырманы Тәңірберген Әмитұлы сөз сөйлеп, кітап пен руханияттың қоғам өміріндегі маңызына тоқталды.
Іс-шара барысында кітап оқуға қызығушылық танытып, кітапхана жұмысына белсенді атсалысқан оқырмандар, кітапхана саласының ардагерлері мен кітапханашылар, білім беру саласының өкілдері, демеушілер және кітап насихатына үлес қосқан азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен «Кітаппен көркейген отбасы» «Үздік кітап насихатшысы», «Оқырманға жол ашқан кітапханашы», «Руханият жанашыры», «Оқырман ұрпақтың рухани көшбасшысы», «Шебер қол», «Ұлттық нақышты ұлықтаған үздік кәсіпкер», «Зияткер оқырман» номинациялары бойынша марапатталды.
Фестивальдің маңызды бөлігінің бірі – жергілікті қаламгерлердің жаңа кітаптарының тұсаукесері болды. Көпшілікке ақын Сайлаухан Жартыбаевтың «Аңсау жыры», Төребек Рүстемовтің «Жан сұлулығы», Жандос Қиянбековтің «Интеграл сана» кітаптары және аудандық кітапхана жанынан құрылған «Поэзия әлемі» әдеби клубы мүшелері мен аудан ақындарының шығармалары топтастырылған «Бір кітапқа тоғысқан жырлар» жинағы таныстырылды.
Жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімі аудандық мәслихат төрағасының уақытша міндетін атқарушы Жасұлан Амалбеков, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысыӘбілғазыБерденұлы, «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редекторы Баян Үсейінова және Жаңақорған ауданының «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Изатіллә Нәрзілдаұлына табысталды.
Фестиваль концерттік бағдарламамен жалғасып, көрермендерге ән, би және поэзиялық композициялар ұсынылды.
«КІТАП-TIME-2026» V республикалық фестивалі аясында өткен аудандық кітап фестивалі кітаптың рухани құндылық ретіндегі маңызын айқындап, оқырман мен кітапхана, қаламгер мен оқырман арасындағы байланысты нығайтқан тағылымды мәдени-рухани іс-шара болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!