Биыл Құрбан айт 27 мамырда басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мерекеге дайындық кезінде ысырапқа жол бермеу және құрбандық малын қымбаттатпау мәселесіне назар аударды.
Бас мүфтидің айтуынша, Құрбан айт күндері қайырымдылық жасау, мұқтаж жандарға көмектесу, туған-туыспен араласу, араздасқан адамдардың татуласуы секілді құндылықтарға мән беріледі. Мереке күндері еліміздің әр өңірінде мешіт аулаларында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар және мәдени-рухани іс-шаралар өтеді.
ҚМДБ халыққа қолайлы қызмет көрсету үшін qurban.muftyat.kz онлайн құрбандық платформасын іске қосып отыр. Бұл жүйе арқылы азаматтар құрбандыққа онлайн тапсырыс беріп, төлем жасап, рәсімнің орындалу барысын бақылай алады. Құрбандық шалынғаннан кейін тапсырыс берушіге SMS хабарлама және бейне есеп жолданады.
Шариғат талабына сәйкес, құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе шалынады. Қой мен ешкі бір жастан асқан, сиыр екі жаста, түйе бес жаста болуы керек. Қой мен ешкіні бір адам шалса, сиыр мен түйені жеті адам бірігіп шалуға рұқсат етіледі.
Фото: Kazinform
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!