Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Электронды сауда нарығы 435 млрд теңгені құрады

28.07.2020, 12:40 1534

HALYQLINE.KZ ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында электронды сауданы дамыту мәселесі қаралды.

Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов және цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі міндетін уақытша атқарушы Б.Мусин баяндады.

Биыл бірінші жартыжылдықта Қазақстанда электронды сауданың бөлшек тауар айналымындағы көлемі бір жарым еседен аса өсті. Премьер-министр электронды сауданың перспективасы зор екенін, әрі экономиканың ілеспе секторлары – логистикаға, контейнерлік тасымалдауға, курьерлік қызметтерге, цифрлық сервистер мен қызметтерге, қолма-қол ақшасыз айналымға, еңбек нарығына және тағы басқаларға мультипликативті әсерін тигізетінін атап өтті.

 – Біздің алдымызда электронды сауда рәсімдерін жеңілдетіп, қаржыландыруға жол ашатын, интернет арқылы мәміле жасауға сенімділікті нығайтатын, сондай-ақ киберқылмыстарға қарсы әрекет етуге мүмкіндік беретін тиімді шараларды қалыптастыру міндеті тұр, – деді А.Мамин.

Үкімет басшысы 2025 жылға қарай ҚР-ның электронды сауда секторында аралас салаларды ескере отырып, шамамен 300 мыңнан аса жаңа жұмыс орны мен мамандығы ашылатыны болжанып отырғанын жеткізді. Осы ретте Премьер-министр Сауда министрлігіне Еңбек министрлігімен, «Атамекен» ҰКП-мен және ірі интернет-дүкендермен бірге кәсіпкерлерді онлайн-сауданы тиімді жүргізуге оқыту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді, соның ішінде, осы бағдарламаға жастарды белсенді тартуды тапсырды.

Сауда логистикасын одан әрі тиімді дамыту мақсатында сауда, цифрлық даму министрліктеріне фулфилмент-орталықтар желісін және қазіргі таңда құрылып жатқан Ұлттық тауар өткізу жүйесін дамыту бойынша Жоспарды үйлестіру, ал Қазақстанның Даму банкімен бірлесіп онлайн-саудада жаңа несиелендіру өнімдерін қарастыру мәселесін пысықтау тапсырылды.

 – Инновациялық технологиялық шешімдерді қолдану осы саладағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етеді, – деп А.Мамин, цифрлық даму министрлігіне тиісті заң жобасын әзірлеуді жеделдетіп, Үкіметтің қарауына ағымдағы жылы ұсынуды жүктеді. 

Үкімет басшысы «бір терезе» қағидаты бойынша онлайн саудадағы тұтынушылардың шағымдары мен ұсыныстарын қабылдаудың Бірыңғай платформасын іске қосу жұмысын жандандырып, тиімді кері байланысты жолға қоюды тапсырды. Сондай-ақ, электронды сауданы дамытудың 2023 жылға дейінгі Жол картасын жандандыру міндетін қойды. 

Қазақстанда 2 мыңнан астам интернет-дүкен жұмыс істейді. Алайда, табыс салығын төлеуден босату түріндегі жеңілдіктерді алу үшін 601 интернет-дүкен тіркелген.

«Қазпочта» АҚ мәліметіне сәйкес, 2020 жылғы 1 жартыжылдықта электрондық сауда нарығының көлемі 435 млрд теңгені құрады. Бұл бөлшек сауданың жалпы көлемінің 9,4% құрайды. Ағымдағы жылдың соңына дейін 900 млрд теңгеге өсім болжануда. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш бөлшек сауданың жалпы көлемінің шамамен 13% құрай отырып, 1,9 трлн теңгеге жетеді. Бұған дейін қойылған міндет 2025 жылға қарай жалпы бөлшек саудадағы электрондық сауданың үлесін 10%-ға дейін жеткізу болды. Алайда, ҚР СИМ 2025 жылға қарай электрондық сауда үлесінің нысаналы көрсеткішін 15%-ға дейін қайта қарауды бастады, бұл сауданы дамытудың 2021-2025 мемлекеттік бағдарламасында көрсетілетін болады.

primeminister.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: