«…Иә, бұл көптен бері айтылып жүрген мәселе. «Медальдің де, орденнің де қадірін кетірдік» деп жатыр. Мысалы, кезінде соғыстан кейінгі жылдарда «бесжылдықтар балғасын солқылдата соғу» үшін «социалистік еңбек ерлерін» қаптатты ғой. Сол кезде 18 жастағы колхозшы қызға дейін берген екен осы атақты. Әрине, еңбектің бағаланғаны теріс емес. Оның ішінде қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетілуін құптаймын. Дегенмен «Көз көргенін, көсеу түрткенін істейді» демекші, баяғы кеңестік билік мектебінен шыққандар әлі де билік буындарында бар. Олар «сонымен жұрттың көңілін аулаймыз» деп ойлайтын шығар. «Кейбіреулердің аузын сонымен құлыптап қоямыз» дейтін де болар. Менің кезінде «Мемлекеттік марапат – менің аузыма салынған құлып емес» деп жазғаным бар.
Ал Қожа Ахмет Ясауимен ойнауға болмайды. Ол – Әулиелер Сұлтаны, күллі дүниенің темірқазығы. Құдайдың нұрын шашқан, түркілік байырғы таным мен ислам канондарынан ортақ симбиоз жасап, түркі тілін ілім мен білімнің, өнер мен әдебиеттің, саясаттың тіліне, халықаралық тілге айналдырған теңдессіз тұлға. Сөйтіп түркі халқын қайтадан дүние жарығына бөлеген адам. Соның арқасында көптеген мемлекет аман қалып, аман қалғаны былай тұрсын, іргелі елге айналған. Дүниенің жартысын билеген ұлық ұлыс Алтын Орда болсын, 623 жыл салтанат құрған Осман империясы болсын, сол ұлық кісі үйреткен ұлы ғылымның арқасында көгеріп-көктеген. Көңілімде: «Адамзаттың абзалының атына берілетін орденді ертең кім көрінген тағып кетпесе екен» деген қорқыныш бар.
Егер айтқан жерден аулақ, сондай жағдайлар кездессе, бұл қасиетті қашыру үшін жасалған шаруа болып қалады. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды, бірақ, мысалы, қазір кейде «Парасатты» парасаттан жұрдай жандар тағып жатқаны жасырын ба? «Барысқа» ішінара мысық құрлы қасиеті жоқтар ие болып жүргенін де жоққа шығара алмассың. «Құрмет» ордені талай құрметсіздерге берілгенін де көріп жүрміз. Олардың алған атағын қызғанып тұрған ештеңем жоқ. Жалпы, мен ешкімнің атақ-абыройын, дәулет-көркін қызғанудан мүлде ада жанмын. Алайда, жоғарыда айтылғандай, дәйіс емеспін.
Құдайға ұнайтын бір-екі қылығым болса, осыларым шығар деп үміттенем. Бірақ әр нәрсенің өз салмағы, орны болуы керек деп есептеймін. Құндылықтарымыздың бағасын түсіруге хақымыз жоқ, бағасы түссе, қандай қасиетіңнің де мән-мағынасын, дәреже-салмағын өз қолыңмен жұрдай қыласың. Сол сияқты ертең Ясауи бабамыздың орденін кім көрінгеннің көкірегінен көргім келмейді! Көріп жатсақ, қара жер болмаймыз ба?!.».
Светқали НҰРЖАН,
ақын.
(«Жас Алаш» газетіне берген сұхбатынан)
Фото: С.Нұржанның әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!