Домбыра – ұлт руханиятының алтын діңгегі. Ол қазақ халқының тарихымен қатар жасап келе жатқан құнды мұра. Бұл қастерлі аспабымыздың құндылығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда. Осынау өнер туындысы арқылы еліміздің өткені мен бүгіні туралы дәріптелуде.
Ел аузында оның шығу тарихы туралы түрлі әңгіме бар. Соның біріне аз-кем тоқталып өтсек.
Ертеде бір хан қызының кедей жігітпен көңіл жарастырғанын сезіп қалады да, жігітті дереу дарға астырады. Екі қабат болып қалған қыз мезгілі жетіп босанады. Оны аңдыған мыстан кемпір егіз баланы көз көрмес, құлақ естімес, алыс жерге апарып, жап-жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып іліп кетеді. Сәбилердің көз жасы тамған бәйтерек солады, жүрегі тоқтаған нәрестелермен бірге ағаш та қуарады.
Қаңқу әңгіме халық арасында жата ма, оны естіген ана егізін іздеп жолға шығады. Жолдан шаршаған ана ағаш түбіне келіп, демалады құлағына күмбірлеген сарын естіледі. Қайдан шығатын әуен екенін білгісі келіп ағаш үстіне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетеді. Ағаштың түбінен басына дейін іші қуыс екенін көреді. Екі басына бұтақтан-бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Екі ішек самал желмен тербеліп, одан әуен шығады екен. «Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар» деп сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған ішегі бостау, шығысқа қараған ішегін қаттылау керілген екен. «Астыңғы ішек – жіңішке дауысты қызым Зарлық, ал үстіңгі ішек – бос қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын» деп екі ішекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен. Бұл аңыз әңгіме этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегінде жазылады.
ӘЛҚИССА
Әлқиса, домбыра жайлы осындай түрлі әфсана көп-ақ. Дегенмен, бір анығы, бұл – қазақтың қуанышы мен мұңын, шаттығы мен зарын өн бойына қалыптастырған қасиетті дүние.
Домбыра қазақтың, оның ішінде Сыр өңірінің де тарихымен астасып жатыр. Кешегі дәуірлерде Сыр сүлейлерінің айнымас серігі, ажырамас бөлігіне айналды. Балқы базар, Жиенбай, Тұрмағанбет, Омар, Нұртуған шайырлардың қолының табы қалған жәдігерлер арада қанша уақыт өтсе де, құндылығын жоймақ емес.
Оларды ел арасында кеңінен насихаттап жарыққа шығару – бүгінгі буынның басты міндеті. Музейдің бас қор сақтаушысы Кенже Ибрагимованың бастамасымен бұл мақсаттағы кездесулер мен көрме жұмыстары өңірімізде жиі болып тұратынын да атап өткен жөн. Мұндағы мақсат – қазақтың музыкалық аспабын терең түсінетін, құрметтейтін, өресі биік ұрпақ тәрбиелеу.
Домбыра – ұлттың ұлы мұрасы. 2018 жылдан бері елімізде шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспабы ұлттық домыбыра күні аталып өтіп келеді.
ЖӘДІГЕР МҰРАЛАР ЖИЫНТЫҒЫ
– Қазіргі уақытта облыстық тарихи-өлкетану музей қорында ел тарихы мен руханиятында өзіндік орны бар тұлғалардың жеке домбыралары, сондай-ақ ұлттық музыка өнеріне қатысты құнды музей жәдігерлері қойылған. Мұнда келген әрбір адам халқымыздың күйшілік дәстүрі мен домбыра өнерінің тарихынан сыр шертетін бірегей экспонаттармен таныса алады. Сонымен қатар, музей қорында қазақ халқының дәстүрлі музыка мәдениетін, жыраулық және күйшілік өнердің тарихын айғақтайтын бірегей коллекциялары да сақтаулы тұр. Бұл жинаққа белгілі ақындар, жыраулар, күйшілер, әншілер, өнер қайраткерлері мен ғалымдарға тиесілі тарихи музыкалық аспаптар енген. Әрбір домбыра – өз иесінің шығармашылық жолынан, қазақ руханиятының дамуынан сыр шертетін құнды мұра, — дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Кенже Ибрагимова.
Коллекциядағы ең көне жәдігерлердің бірі – 1932 жылы б.ғ.к. Шәзіндә Махамбетов жасаған аспап. Оны жырау, фольклор зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Алматов 1986 жылы Париж қаласында өткен концертте пайдаланған.
Жинақта домбырашы, жыршы-орындаушы Ақмырза Тұяқбаевқа (1911-1996 ж.ж) Өзбекстанның ұстасы Усманның Қазақ КСР-інің 40 жылдық мерейтойына орай тарту еткен «Қанатты домбырасы», ақын, жыршы әрі шежіреші Әлімбай Әлиасқаровтың (1908-1990 ж.ж) мұрасы бар.
ХХ ғасырдың бас кезі аралығында бұл өңірде 300-ден астам ақын, жыраулар өмір сүрген. Солардың бірі – Сыр бойының әйгілі жырауы әрі сазгері Дүр Оңғар Дырқайұлының (1859-1902 ж.ж) тарихи домбырасы да сақталған. халық оны ерекше дарыны үшін «Дүр» деп атаған деген де дерек бар.
Музей қорында сақталған тағы бір жәдігер – ақын, әнші, композитор Нартай Бекежановтың (1890-1954 ж.ж) өнер туындысы. Мұны қазақтың ұлы халық ақыны Жамбыл Жабаев 1939 жылы Н.Бекежановқа тарту еткен. Сондай-ақ, ақын, жырау, термеші Манап Көкеновке (1928-1992 ж.ж) 1972 жылы Кентау қаласындағы «Ачполиметалл» комбинаты ұжымы сыйлаған домбыра көрменің көркін келтіреді.
Коллекция Сыр өңірінің жыраулық мектебін танытатын құнды жәдігерлермен де толыққан. Олардың қатарында жырау Сәрсенбай Бөртебайұлының (1900-1961 ж.ж) өз қолымен жасап пайдаланған домбырасы тұр. Оны немере қызы, жыраулық дәстүрді жалғастырушы Майра Сәрсенбаева «Қала тарихы» музейіне өткізген. «Қала тарихы» музейі жабылуына орай жәдігер облыстық музей қорына табысталды.
Көрмеге халық ақыны, суырыпсалма жырау Меңліаяқ Сәрменбайұлы (1880-1954 ж.ж) қолданған қос ішекті музыкалық аспап та қойылған.
Коллекция құрамында ерекше үлгідегі музыкалық аспаптар да бар. Олардың қатарында «Азия дауысы» фестивалінде эстрада әншісі Гүлнұр Оразымбетоваға сыйға берілген асықты домбыра, дәулескер күйші Қазанғап Тілепбергенұлының домбырасының көшірмесі, әнші-сазгер Ә.Ноғайбаевқа 1989 жылы Ашхабадта өткен республикалық фестивальдің бас жүлдесі ретінде табысталған түрікменнің дутары ұсынылған. Сондай-ақ, қорда Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің әртісі Әметхан Әділханұлы 1972-1974 жылдары жасаған қосназ домбыра, ақын Омар Сейтпенбетұлының (1917-1991 ж.ж) пайдаланған жиналмалы домбыра және қазақтың көне музыкалық аспабы – екі беті, төрт ішегі бар аша (қосбет) домбыраның қазіргі заманғы реконструкцияланған үлгісі сақтаулы. Бұл нұсқа Сыр өңірінің белгілі ұстасы Бекзат Жақыповтың жаңғыртуымен жасалған.
Сонымен қатар, музей қорында Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актері Серік Шотықов (1937-2013 ж.ж) пайдаланған домбыра және көрнекті әдебиет зерттеушісі, сыншы-ғалым, Қазақстанның халық жазушысы Мұхамеджан Қаратаевтың (1910-1995 ж.ж) домбырасы сақталған. Бұл бірегей коллекция қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің, жыраулық мектептің, күйшілік дәстүрдің және ұлттық қолөнер шеберлігінің ғасырлар бойғы сабақтастығын паш етеді. Әрбір жәдігер ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде халқымыздың рухани мұрасын дәріптеп, кейінгі ұрпаққа аманат болып табылады.
Музей қорындағы «Домбыралар коллекциясы» – халқымыздың төл өнері мен рухани құндылықтарын насихаттайтын, тарихи-мәдени маңызы зор бірегей жинақ.
Домбыра қазақ халқының інжу маржан мұрасы ретінде халқымыздың терең тамырлы санасымен байланысты. Сонау көне тарихтың күмбірін бүгінгі күнге жеткізген киелі де қасиетті домбырамызды өркениет талабына бейімдей білсек, келешек жастарға ұлттық тәрбие беретін өнеге бастауы бола бермек.
Иә, домбыра – қазақтың жаны әрі рухы. Қадір Мырзаәліше айтсақ, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Тақырып төңірегіндегі таудай сөздің тастай түйіні – осы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!