Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кентте көз тоярлық тірлік көп

17.11.2022, 19:00 35

 HALYQLINE.KZ  Уақыт жүйрік. Жайдарлы жаздың жаймашуақ күні көзден бұл-бұл ұшып, күрең күз керіле есігімізден аттағанын білмей де қалғандаймыз. Түстіктей борасыны болмаса да, өкпек желі өңменіңнен өтетін Шиелінің жайын айтайық. Айтпақшы, жуырда ғана ақын-журналист, қоғам қайраткері Дүйсенбі Смайыловтың – 90, даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтың күріштен әлемдік рекорд орнатқанына 75 жылдық мерейтойлары елдік деңгейде аталып өтті. Алыс-жақыны, ізгі-жайсаңы жиылған көп тойдан рухани азық алды. Сәйкесінше келген меймандар бұрынғыдан ауданның әлдеқайда ажарлана, абаттана түскеніне тәнті болған-ды.

Иә, Шиелі асу-асу тарихтың, айбынды ғасырлардың қасиетті нүктесі іспетті. Тарих өткенімен емес, бүгінімен бағаланатынын ескерсек, кейінгі бірнеше жылдың бедерінде Шиелі өңірі айтарлықтай өзгерді. Дейтұрғанмен, кентте түйіні тарқатылмай тұрған мәселелер жоқ емес. Өңірдің өсіп-өркендеуі, абаттандыру жұмыстары мен жөндеуді қажет ететін жолдардың, көше шамдарының жетіспеушілігін де естен шығармаған абзал. Басылымның бүгінгі санында кенттегі өзгерістермен, атқарылып жатқан жұмыстардың легін тарқатамыз.

Театр – киім ілгіштен басталады демекші, ең бірінші әңгіменің ауанын кент тазалығынан бастасақ. Тазалық пен жасампаздықты ту еткен Шиелі жуырда ғана «Ең үздік аудан» атанып үлгерді. Жыл сайын көркіне көрік қосып, ажары артып, гүлдене түскені көңілге қуаныш ұялатады, әрине. Ал ауданда күз бен көктем мезгілдері шығар-шықпастан кент көшелерін әкімдіктің ықпалымен мекеме қызметкерлерінің тазалауға кірісетінін қоса кеткен жөн.Оған өз кезегінде ерікті жастардың жұмылатыны тағы бар. Осы бір атқарылып жатқан абаттандыру мен сенбілік жұмыстары ең алдымен тұрғындар үшін. Себебі қоршаған орта таза болса, аудан халқының денсаулық деңгейі де жақсара түспек. Биыл кентте абаттандыру мақсатында келесідей жұмыстар атқарылыпты. Көшелердегі тал ағаштарының бұтақтарын кесу, Шиелі кенті, Салтанат сарайы, Рухани жаңғыру, Құрметті азаматтар аллеясын абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізілген. М.Молдыстамов, Ағыбай батыр (тақ жағы) көшелеріне балалар ойын алаңын және шағын спорт алаңын орнату жұмыстары жүргізіліпті.

Сонымен қатар Шиелі кенті, ГРЭ-23, М.Қаратаев және А.Иманов көшелерінің бойынан демеушілер есебінен балалар ойын алаңдары мен шағын спорт алаңдары салынуда. М.Қаратаев, Есабыз және Б.Тоқбаулин көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жалғасып жатыр. И.Әбдікәрімов көшесі мен Самара-Шымкент тас жолы бойында орналасқан «Қош келдіңіздер» аркаларын ағымдағы жөндеуге мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, жеңімпаз «ShymStroyGroup» ЖШС-мен тиісті жұмыстар атқарылмақ. Кентті көркейту үшін А.Яссауи көшесінің бойына аялдама орнату жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, студенттердің аялдамада аялдар күні де туды. Бұдабай мен М.Шоқай қиылысы, Ә.Смайлов және Д.Смайылов көшелері бойына жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында жаяу жүргіншілерге арналған көпір орнату жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жұмыстары да аяқталып тұр.

– Тағзым аллеясы, Рәміздер, Салтанат сарайы, Шиелі төлқұжаты, А.Яссауи көшесі, Шиелі кентіндегі аллеяларына заманауи үлгіде жарық шамдарын орнату жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, жеңімпаз «Жұлдыз» жеке кәсіпкерімен келісім шарт жасалды. Сонымен қатар Шиелі кенті, Ы.Жақаев, А.Байтұрсынов көшелері бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру мәселесі шешімін табатын болады. Ол үшін «АК-ЮГ ҚҰРЫЛЫС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім шарт жасалып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кенттегі аспалы көпір айналасын абаттандыру жұмыстары да әлгінде айтқан серіктестікпен келісім шарт іске асырылуда, – дейді кент әкімі Амангелді Өмірәлі.

Шиелінің өзіне тән қоңыр тіршілігі бар. Жыл санап өсіп-өркендеп келеді. Бүгінде кентте мөлтек аудандармен қосқанда 205 көше бар. Оларға орнатылған жарық шамдары 3500 дананы құрайды. Айта кету керек, кентке түнгі жарық бағаналарын орнатуға 59 млн 426 мың теңге, ал ауылдық округтерге трансформаторлар алуға 59 млн 400 мың теңге қаржы бөлінген. Ж.Аймауытов, Құрманғазы көшесі, әл-Фараби тұйығы (№25-39 үйлер аралығы), Сұлукөл (­Қазантаев тұйығы №2), Алпамышев, ­Жаназар батыр, Есенберлин, Ж.Молдағалиев, ­Боранов, М.Бөлтекейұлы, Б.Момышұлы, Бурабай, ­Баянауыл, Есенбайұлы, Тоқтыбаев, Есенгелдин, Ермағанбетов, Нұркеев, Аманкелді, Бала би көшелері аралығы, А.Омаров көшесі, Кәрімбаев тұйығы, Өмірбеков, ­Яссауи (МҚБ Думан аспалы көпір аралығы) көшелеріне түнгі жарық бағаналарын орнату мәселесі де күн тәртібінде тұр. Сондықтан да кенттің күн секілді түні де жап-жарық болып жарқырайтын кезі таяу.

– Иә, кенттің 70 проценті толық көше шамдарымен қамтамасыз етілген. Бүгінде шамның түр-түрі шығып, соған сәйкес ұсыныстар көбейді. Қала берді тұрғындар тарапынан жарық жүргізілмеген көшелер кезең-кезеңімен жарықтандырылатын болады. Сапалы шамдардың қолдану мерзімі ұзақ әрі жарық беру көрсеткіші жоғары және бес жылға дейін жарамдылығына кепілдік беріледі, – деді кент әкімі.

Ал енді кентте жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарына тоқталсақ. Қазіргі таңда Ковтунов, Ы.Жақаев аралығы және Береке м/а көшелерінің автомобиль жолдарына тас төсеу және жай жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жетісу, Бөлтекейұлы, Бурабай, Бурабай-Жетісу аралығы, Боранов, Боранов-Самара-Шымкент тас жолы аралығы, Бөгенбай батыр және Арай мөлтек ауданы атауы жоқ көшесіне тас төселуде. Желтоқсан, әл-Фараби тұйығы, П.Жүсіпқызы, Ә.Қоңыратбаев, Панфилов, С.Кәрімбаев, Ғ.Мүсірепов, Р.Нұркеева көшелері, ­Абылай хан тұйығы мен М.Жұмабаев, Оспанов, ГРП-23 №12, Қарабұзау көшелеріне, Қарабұзау тұйығы, Байсын, Есенбайұлы көшелеріне, Алтынсарин-Асан Ата қиылысы және ­Сейтенов тұйығы, М.Зекеев, Шәкәрім көшелерін орташа жөндеу жұмыстары өз кезегінде жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда М.Зекеев аяғы, Нұрекеев, Тоқтыбаев, Ермағанбетов, Есенгельдин, әл-Фараби тұйығы, Нұртазаев, ­Оразов тұйығы, Есенберлин, әл-Фараби мен Ағыбай батыр аралығы көшелерін орташа жөндеу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Аяқталған жағдайда жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілетінін жеткізді сала мамандары.

– Қазіргі уақытта Шиелі кентіндегі теріскей бет аумағына өтетін темір жол өткелі автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын көріп жатқан боларсыздар. Сонымен қатар И.Әбдікәрімов, Р.Бөлебай, Ә.Шорабаев, Р.Бөлебай-Ә.Шорабаев аралығы көшелерін орташа жөндеу жұмыстарына да қажетті қаражат қаралды. Барлығы кезең-кезеңімен жөндеуден өтетін болады. Оған қоса Тәуелсіздік көшесі бойындағы спорт кешеніне кіре беріс жолды орташа жөндеу жұмыстарын да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Бастысы жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасауға тырысамыз, – деді кент әкімі А.Өмірәлі.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: