Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Хайп пен фейк

27.04.2026, 8:55 59

HALYQLINE.KZ

Оралшы адами кейіпке,

Пір тұтып, табынба ғайыпқа:

Бұл Өмір айналды Фейкке,

Бұл Өмір айналды Хайпқа!

Ойлай ма осы жұрт жат қамын?

Шындықтың бағасын жай ұқтың:

Білгейсің, алданып жатқаның —

Арқасы Фейк пен Хайптың.

Ақиқат – шындықтың түбінде,

Мессенджер — бүгінде мекенің:

Қоғамдық сана да бүгінде

Қолында хайпкер жекенің.

Фейктер улады сананы,

Өсекті шындықтай жайыпты ел:

Өтірік өлтіріп барады —

Хайпкер бәріне айыпкер!

Жұртым-ау, жағдайың жаңаша,

Смартфонға назарың ауыпты:

Мүмкіндік дегенің — тамаша,

Өтірік, дегенмен, қауіпті!

Ақиқат – шындыққа араша,

Жалған сөз оларға жауықты:

Еркіндік дегенің — тамаша,

Ессіздік, дегенмен, қауіпті!

Керек-ау заманмен ұғыныс,

Қалады осындай кейіпті ел:

Хайптар – ең басты құбылыс,

Фейктер – ең басты кейіпкер!

Жасанды екен-ау кей ықпал,

Артынан тағылар айыптар:

Хайптың артында Фейк бар,

Фейктің артында Хайп бар.

Өсектеп, «төсек» деп жарадың!

Дау-дамай сорақы, дарақы:

Хайп ол, алдымен, таралым,

Таралым беретін жалақы.

Ұзын тіл билеген келтені,

Фейкке жыртылдық, іркілдік:

Тұтастай қоғамның ертеңі

Қолында Хайптың бір күндік.

Қаңқу сөз бүгінде күшінде,

Құбылған аты мен заты мың:

Алданбай қалуың үшін де

Керек-ау білім мен ақылың!

Ғаламтор – ақпарат аумағы,

Жаярың болса егер – жайып тын!

Бүгінде әлемді жаулады,

Вирусы Фейк пен Хайптың.

Бүгінде сананы жаулады

Вирусы Фейк пен Хайптың.

Сатылып Самарқан бөзіне,

Біреулер өлтірді талабын.

Кей кезде: «Адамның өзі де —

Бірыңғай фейк», — деп қаламын.

Кей кезде: «Өмірдің өзі де —

Біртұтас хайп», — деп қаламын…

Әміржан  ҚОСАН

Суретті салған ЖИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: