Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғалымның жаңалығы кеншілерді өлімнен құтқарар еді

02.11.2023, 15:15 838

HALYQLINE.KZ

ОҚИҒАҒА  ОРАЙ…

Костенко атындағы шахтадағы алапат апат ай-күннің аманында 46 кеншінің өмірін қиды. Ұлттық трагедия. Бір күн аза тұтып, мейірімсіз Миттал мен кеншілердің өміріне немқұрайды қараған қарекетсіз Үкіметтің қылмысын ұмыта бастағандаймыз. Президент үкіметтік комиссияға кеншілердің қаза табуына әкеп соқтырған жарылыстың мән-жайын тергеуді, барлық кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды. Бірақ… мұндайда тергеу ұзақ жүреді, сайып келгенде екі-үш адам ғана жазаланады. Сонымен іс бітті. Премьер-Министр Әлихан Смайылов апатқа өндірістегі қауіпсіздік талаптарын сақтамаған кәсіпорын басшылығы кінәлі деп Үкіметтің жауапкершілігін «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына ысырды. Осылайша, оқиғалар әрі қарай жалғаса береді. Бірақ ешбір адам кеншілерді өлімнен құтқаруға болатыны туралы ойламады да, айтпады да. Сол себептен біз апаттың нақты себептеріне, оның алдын алу жолдарына терең үңіліп, өзімізше сараптама жасап көрдік.

Апаттың  себебі қандай?

Кеше Бас Прокуратура Костенко атындағы шахтада болған оқиғаны тергеу қалай жүріп жатқаны жөнінде мәлімет беріп, апаттың газ-метан қоспасының жарылуынан болғанын хабарлады. Яғни, апаттың басты себебі – шахтадағы газ-метан қоспасының мөлшері шамадан тыс артып, жойқын жарылысқа әкеліп соқтырған.

Сонау 1991 жылдан бері шахталарда болған апаттарға салыстырмалы талдау жасасақ, солардың көпшілігінде метан газының жарылғанын көреміз. Мысалы, 1995 жылдан 2023 жылға дейінгі уақытта 11 апат болған. Соның 6-ауында метан газы жарылып, бірнеше адам қаза тапқан. Нақты дәлел мынадай: 1995 жылы Ленин атындағы шахтада метан жарылып, 13 адам қаза болды. 1998 жылы осы шахтада газ жарылып, 3 адам көз жұмды. 2004 жылы Шахтинская шахтасындағы газдың жарылуы 23 кеншінің өмірін қиды. 2006 жылы Ленин атындағы шахтада тағы метан жарылып, соның салдарынан 41 адам қайтыс болды. 2008 жылы Абай шахтасында метан жарылып, 30 кенші қаза болды. 2021 жылы осы шахтада тағы метан жарылды, апаттан 6 адам қаза тапты. Қайғылы оқиғалар тізбегі осылай жалғасыпты.

Костенко шахтасындағы жарылыс толқыны 2 шақырымға жеткені мәлім болды. Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің Республикалық орталық штабы Қарағанды филиалының директорының орынбасары Геннадий Силинский осындай ақпарат берді. «Алдыңғы тексерулердің нәтижесінде 200-ден астам заңбұзушылық іс-әрекеттер анықталды. Соның негізгісі – газ мөлшерін бақылаудың сапасыздығы. Бұл ретте тиісті бақылау болмаған» деді арнайы брифингте Геннадий Силинский.

«Метанның  жарылысын  болдырмау  әдісін  таптым»

Біз осыдан біраз жыл бұрын шахтадағы газ-метан қоспасының жарылуының алдын алатын қондырғы ойлап шығарған өнертапқыш-ғалымды іздеп-тауып, мәселенің мәнісіне терең бойладық. Соңғы жылдары жиілеп кетен мұндай апаттарға кімнің тікелей кінәлі екенін де бағамдадық. Қазақстан Республикасының «Минералды шикізатты кешенді өндеу Ұлттық орталығының» бас ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдуәли Баешов ағамыз бұл мәселені шешудің жолын тауып, ғылыми жаңалық ашқан. Алайда күллі әлем мойындаған академик Баешовтың кеншілердің өмірін сақтап қалуға қатысты қондырғысын әлі күнге дейін жан баласы керек қылмаған.

«Еліміздегі көмір шахталарында болатын осындай апаттар жиілеп кетті. Мен химикпін. 50 жылдай осы ғылыммен айналысып, метан газының жарылысын болдырмау әдісіп таптым. Газдардың қасиетін жақсы білемін. Басқа шахтадан айырмашылығы, көмір шахтасында ауада метан газы бөлінеді. Метан деген – кәдімгі үйде күнде тамақ пісіріп жүрген газымыз. Метан таза күйінде тез жиналады. Ал ауаның құрамында оның мөлшері 5 пайыздан асса, қопарылғыш қасиетке ие болады. Бұл өте қауіпіті. Қазір шахталарда қолданылатын әдістің бірі – газды ауамен үрлеп, желдету. Кейде жеткілікті, кейде жеткіліксіз болатыны анық. Газ мөлшері көбейіп, бір тасқа бір тас соғылса, лезде жарылыс болады. Ол жерде от жалыны жоқ дей алмаймыз. Жалын кез келген нәрседен шығады. Мен метанның көп мөлшерде жиналмауына мүмкіндік беретін қондырғы ойлап таптым. Ол 5 секунд сайын ба, 50 секунд па, әлде 1 минуттан кейін бе, жалын шығарып тұрады. Метанның салмағы ауадан екі есе жеңіл. Әрі ол жоғары бөлікте жиналады. Шахтаның төбесінен сым тартылып, сол сымның екі ортасынан жалын шығып кетеді. Яғни, бұл қондырғы жиналған метан газының көбеюіне мүмкіндік бермей, жағып жібереді. Мұның бәрін зертханалық жағдайда тексердік. Міне, менің осы жаңалығым шахтадағы апаттарды болдырмауға септігін тигізер еді» дейді Әбдуәли Баешов.

«Технологияны  қолдансақ  адам  өмірін  сақтай  аламыз!»

250-ден аса әлемдік деңгейде ғылыми патенттері бар, Оксфорд университетінің ұйғарымымен есімі әлемнің көрнекті ғалымдарының бүкіл дүниежүзілік реестеріне енгізілген ғалым өзінің ашқан жаңалығын өндіріске енгізу үшін 2020 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің ұйымдастыруымен барлық шахталардың техникалық қауіпсіздігіне жауапты басшыларымен кездесіп, апаттардың алдын алудың әдісін түсіндіріпті. Әбдуәли Баешовтың ұтымды ұсынысы Сенаттың бір отырысында талқыланып, хатталып, құзырлы министрлікке жіберілген. Бірақ… кеншілердің өмірін құтқаратын жаңалыққа елең еткен адам болмаған.

«Одан бері ештеңе өзгерген жоқ. Қазір ешкім ештеңе істегісі келмейді. Менің жаңалығым көп адамның миына қонбайды. Төтенше жағдайлар министрлігіндегілер: «Сізге қаражат бөлейік, ашқан жаңалығыңызды бір алаңда сынақтан өткізіп көріңіз» деген. Бірақ ешқандай қозғалыс болған жоқ. Қондырғым әлі сол күйінде тұр. Біздікілер қалтасына ақша түспесе қозғалмайды ғой. Дүниежүзінің тәжірибесін қарап, қандай әдіс-тәсілдер қолданылып жатқанына назар аудардым. Алайда… өз жаңалығымнан асып кеткен жасалым таппадым. Біреулер шахтаның астын азотқа толтырып, адамдар противогаз киіп жұмыс істеу керек дейді. Бұл – таптырмас тәсіл! Бірақ шахтаның астын азотқа толтырсақ, біздің көміріміз алтын түгілі бриллианттан да қымбат болып кетеді. Ол мүмкін емес нәрсе» дейді қазақстандық өнертапқыш.

Ғылымның жілігін шағып, майын ішкен ғалым қазіргі заманауи технологияларды дұрыс қолдансақ, адамдардың өмірін сақтай алатынымызды айтады. «Көмірді біз ғана емес, дүниежүзіндегі көп елдер қазып алып жатыр. Өкініштісі, барлық жерде газдың мөлшері көбейсе, жарылыс болады. Сол себептен, газдардың көп жиналуына мүмкіндік бермеу керек. Менің қондырғымды өндіріске енгізсе, әрі кетсе кішкентай өрт шығады. Оны өшіріп алу оңай. Ал қопарылыс 3 тонналық техникалардың өзін алысқа лақтырған. Кез келген ғылыми жаңалықты дұрыс қолдансақ, өз өмірімізге пайдасы тиер еді. Қазір үш-төрт өлең айтқан адам жұлдыз болып шығады. Ауылда бір спортшы жарыста жеңіске жетса, БАҚ бәрі жарыса жазады. Ал ғалымдардың немен айналысып жүргені ешкімге қызық емес. Қазір бізде ғылымның тас-талқаны шықты. Нағыз ғалымдар сорлы, бейшара күйде өмір сүреді. Ғылым сыбайлас жемқорлықтың батпағында тұр. Кішкентай ақшаның өзі дұрыс бөлініп, діттеген жеріне жетпейді. Мысалы, менің ғылыми жұмысымды Қазақстанда түсінетін 4-5 адам бар. Қалғаны әншейін долбарлап түсінеді. Грант ұтып алу лоторея билетін ұтумен бірдей. Ақша алуға неше түрлі қитұрқы бәлелерді жасап қойған. Ғылымдар академиясын қайта құрамыз деп жатыр. Бірақ бір жылдан асты, ештеңе өзгерген жоқ» деп зар-мұңын шағады Әбдуәли аға.

1500-ге жуық ғылыми еңбегі бар, әлемдік деңгейде мойындалған химик-ғалым тотыққан минералдардан металды бөліп алу технологиясын жасаған. «Қазір кез келген шахтаның жанында тау-тау болып үйіліп жатқан темірлерді көресің. Бұл – тотыққан минералдар. Одан металдарды бөліп алу өте қиын. Әсіресе, мыстан бөліп алудың тәсілі жоқ. Мен дүниежүзінде алғашқы болып тотыққан рудалардан мысты бөліп алу технологиясын жасадым. Оны кеңес заманында бәрі мойындады. Ресейде Удокан деген жер бар. Әлемдегі мыс қорының жартысынан көбі сол жерде жатыр дейді. Ол – тотыққан минералдар. Одан металды бөліп алатын технология жоқ. Мен ашқан ғылым жаңалығымды Мәскеуде, Петерборда жұртшылыққа таныстырып, металды қалай бөліп алуға болатынын дәлелдедім. Өкініштісі, сол ашқан жаңалығым ешкімге керек болмай, әлі тұр. Себебі, бізде ғылыми жұмысты өндіріске енгізу өте-мөте қиын» дейді Ә.Баешов.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

P.S. ArcelorMittal Temirtau METALLURGy компаниясының корпоративтік газеті кеше Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің толық тізімін жариялады.

Коллажды  жасаған  Ердәулет  Қалиев.

Пікірлер:
  • А.Баешовтын мақаласын оқып біраз жылап алдым… Белгілі ғалым- академиктің технологиясы қаншама шахтер-азаматтардын өмірін сақтап қалушеді. Танғалатын жағдай:Неге ешкім осы шахталарда болып тұратын қауыпты жағдайға мән бермеген? Енді,болашақта Үкімет А Баешовтын зерттеу шығармашылықтарын көніл бөледі деп сенгім келеді.

  • Бұл-академик Баешовтың пайдалы өнертабыстарының бірі гана! Бұдан басқа, экономика,экология,адам өмірі қауіпсіздігі салаларындагы процестерді жеңілдетуге арналған жаңалықтары шексіз. Ұсынған кезде түсініп,мән беріп жатқан ешкім жоқ…

  • Өте өкінішті!! Бұл академик ағамыздың жан айқайына толық қосыламын!!! Өндіріске жаңалықты аспандағы айдан іздегенше жердегі ғалымдардан сұрайтын заман туар ма екен?

  • Академик Баешов А.Б. ағамызды көртен білемін, ғалым ағамыздың әлемдік маңызы бар жаңалықтарымен таныспын, ол кісінің Қазақстан ғылымы мен Ғылым академиясының қазіргі мүшкіл қалі туралы пікіріне толық қосыламын.

  • академик Абдуәлі Баешұлы нағыз ғалым! Жан айқайы жүректі ауыртады, иә, қазір ғылым мен өндіріс арасында байланыс жоқ, ғылымның жаңалықтарын қолданса мұндай жағдайлар болмас еді? Қауіпсіздікке аса көңіл бөлу қажет!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: