Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Електен өткен адамдар

12.06.2026, 6:00 37

HALYQLINE.KZ

Бір дана қарияға бір жігіт келіп:

— Ата, неге өмірімде адамдардан көп көңілім қалады? Біреуге жақсылық жасаймын, бірақ қадірін білмейді. Сенемін, бірақ сенімімді ақтай бермейді. Соған жүрегім ауырады, — деп мұңын шағады.

Қария үндеместен үлкен елеуішті алып келеді. Ішіне топырақ, тас, қоқыс бәрін араластырып салады да, електей бастайды.

Сонда ірі тастар мен қоқыстар үстіңгі жақта қалып, таза топырақ ғана түседі.

— Көрдің бе, балам? — дейді қария. – Өмір де осы елеуіш секілді. Алдыңнан мың түрлі адам өтеді. Бірі саған қуат береді, бірі үмітіңді сындырады, бірі жаныңды жаралайды. Бірақ олардың бәрін жүрегіңде сақтай берсең, өз бақытыңды жоғалтасың.

— Сонда не істеу керек?

— Адамдарды да електен өткізе біл. Өміріңе мейірім әкелетіндерді жаныңда қалдыр. Қиын сәтте қасыңнан табылатындарды қадірле. Ал үнемі өкпе, қызғаныш, өтірік пен екіжүзділік әкелетіндерді жүрегіңнің төріне отырғызба.

Жігіт ойланып қалады.

Сонда қария тағы да:

— Балам, бақыт деген барлық адамды ұстап қалу емес. Бақыт деген – өзіңе шын жанашыр адамдарды жоғалтпай, қалғанын уақыты келгенде қоя білу, — деген екен.

Ғибраты:

Кейде өмірімізді қиындатып жүрген жағдай емес, орынсыз ұстап жүрген адамдар болады. Жүрегіңе кім көрінгенге орын бере берме. Өйткені жүректің де өз елегі болуы керек.

Гүлімжан АЙДЫНҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: