Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жауапты кезең тыңғылықты дайындықты талап етеді

19.09.2023, 14:50 211

HALYQLINE.KZ

Бүгін ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқаны, жаңа «Бюджет кодексі» жобасы, алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы талқыланды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, күрішті жауын-шашынға қалдырмай, уақытылы жинап алуды тапсырды. Шаруа қожалықтарын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, егістікке алынған су төлемінің уақытылы төленуін қадағалау қажеттігі ескертілді. Қала, аудан әкімдіктері алдағы жылы егілетін дақылдардың егіс көлемі сызбасын, су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы егілетін егіс көлемін тиісті құжаттарымен бірге осы жылдың 1 желтоқсанына дейін облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына ұсынуы қажет.

Нұрлыбек Машбекұлы екінші мәселе – жаңа «Бюджет кодексі» жобасына қатысты бағдарлама әкімшілеріне, қала және аудан әкімдіктеріне 2024-2026 жылдарға арналған бюджетті жоспарлау кезінде нәтижеге бағытталған бюджет жүйесін қалыптастыруға мән беруі керектігін қаперге салды.

«Бюджет қаржысы тиімді жоспарланып, оның әлеуметтік-экономикалық қайтарымы болуы тиіс. 2024 жылға облыстық басқармалар және қала, аудан әкімдіктері тарапынан Қаржы министрлігіне 202 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылып, тек 85,4 млрд теңгесі, яғни 42 пайызы ғана қолдау тапты. Инфрақұрылым желілерін тартуға, абаттандыруға, газдандыруға, тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге, жол салуға бағытталған 116,6 млрд теңгенің жобалары қолдау таппаған. Бұл жобалар өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне оң ықпал етеді. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс, Су ресурстары және ирригация, Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, Сауда және интеграция министрліктері құрылды. Осы ретте, облыстық басқармалар, Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктері жаңа министрліктермен тиісті жұмыс жүргізуі қажет», – деді аймақ басшысы.

Үкімет отырысында қаралған тағы бір мәселе – алдағы жылу беру маусымына дайындық бойынша облыс әкімі жауапты сала басшыларына әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің әзірлігін мұқият қадағалап, қажетті отын қорын уақытылы жеткізуді тапсырды.

Мәжіліс қорытындысында облыс әкімі өткен аптада Астана қаласында болған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғыс білдіріп, алдағы уақытта мұндай шараны өңірде де өткізу жөнінде тапсырма берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: